Назарбаевтың туыстары Forbes тізімінен не үшін шығып қалды: Арманжан Байтасов жауап берді

Кәсіпкер, Қазақстан мен Грузиядағы Forbes франшизасының иесі Арманжан Байтасов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары Қазақстандағы Forbes тізімінен бірнеше рет алынып тасталған жағдайларына қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кәсіпкер бұл туралы журналист Дмитрий Шишкинге берген сұхбатында айтты.
Журналист әр жылдары тұңғыш президенттің отбасы мүшелері – Дариға Назарбаева, Қайрат Сатыбалды, Нұрбол Назарбаев Forbes рейтингіне еніп, кейін аяқ астынан тізімнен жоғалып кетіп отырғанына назар аударды.
“Бұл қандай да бір қысымның немесе өтініштің салдары ма, әлде Forbes рейтингін жасау кезіндегі техникалық талаптар мен әдістемелік ерекшеліктерге байланысты болды ма?" – деп сұрады Шишкин Байтасовтан.
Кәсіпкердің айтуынша, журнал кейбір ауқатты азаматтарды олардың байлығы туралы мәліметтер расталмаған жағдайда рейтингтен алып тастауға мәжбүр болған.
"Шын мәнінде, Forbes рейтингтерін, әсіресе ең ауқатты адамдар тізімін жасау кезінде біз тек ашық дереккөздерге сүйенеміз. Яғни кез келген адам ашық ақпарат көздерінен таба алатын мәліметтерді ғана жариялаймыз. Егер қандай да бір ақпаратқа қатысты күмән туындаса немесе оны растау қиын болса, біз оны бірден назарға аламыз. Ал белгілі бір деректі дәлелдей алмайтынымызды сезсек, ол туралы мүлде жазбаймыз", – деді Байтасов.
Шишкин бұл басылымның Назарбаевтар әулетіне қатысты ақпарат алатын кейбір дереккөздеріне қолжетімділігі жабылғанын білдіре ме деген сауал қойды.
"Қазір нақты мән-жайын айта алмаймын. Бірақ Дариға Нұрсұлтанқызы, қателеспесем, рейтингте үнемі болды. Мүмкін, бір немесе екі рет қана тізімнен түсіп қалған шығар", – деді кәсіпкер.
Дариға Назарбаева 2013 жылы 595 миллион долларлық дәулетімен рейтингте 13-орында тұрған. Алайда содан кейін 2022 жылға дейін тізімнен түсіп қалып, сол жылы қайтадан 594 миллион долларлық байлығымен 13-орынға оралды.
Қайрат Сатыбалды 2018 жылы 163 миллион долларлық дәулетімен рейтингтің 36-орнын иеленген. Кейін ол тізімнен түсіп қалды.
Ал Нұрбол Назарбаев 2025 жылы 179 миллион долларлық байлығымен рейтингте 57-орында болса, биылғы тізімге енбей қалды.
"Белгілі бір ақпаратты шартты түрде дәлелдей алмайтынымызды түсінсек, өзімізге артық мәселе тудырудың қажеті жоқ. Өйткені ондай жағдайда бізді сотқа беруі мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге өте мұқият қараймыз. Ал Нұрбол Назарбаевқа келсек, жағдай түсінікті. Ол расымен де Forbes рейтингіне енді, кейін қателеспесем, өзі банкроттық туралы өтініш бергеннен кейін тізімнен шығарылды", – деді Байтасов.
ОқыңызБайтасовтың айтуынша, ауқатты адамдардың дәулетін бағалаудағы айырмашылықтар едәуір үлкен болуы мүмкін екенін атап өтті.
"Бағалаулар арасындағы алшақтық үлкен болуы мүмкін. Бұл тағы да біздің нақты көріп отырған деректерімізге байланысты. Қазақстанда табысы өте жоғары, байлығы мол адамдар аз емес. Теориялық тұрғыдан алғанда, олардың кейбірі Forbes-тің ең бай адамдар рейтингінде болуы мүмкін. Мысалы, белгілі бір мемлекеттік қызметкерлер немесе басқа да ықпалды тұлғалар. Қазір нақты фамилияларын есіме түсіре алмаймын, бірақ олардың да байлық көлемі бойынша Forbes тізіміне енуге мүмкіндігі бар", – деді ол.
Сонымен қатар кәсіпкердің айтуынша, капиталдың шығу тегі де маңызды рөл атқарады.
"Өйткені біз заңды, ашық әрі қайдан келгені түсінікті қаражатты есептейміз. Ал қандай да бір дәстүрлі емес немесе қосымша табыс көздері арқылы алынған қаржыны біз көрмейміз және оны анықтау біздің құзыретімізге кірмейді. Біз салық органы да, қаржы полициясы да, Ұлттық қауіпсіздік комитеті де емеспіз", – деді кәсіпкер.
Оның сөзінше, мұндай қаражаттың бар екенін басылым кейін дәлелдей алмайды.
Айта кетейік, Арманжан Байтасовтың өзі де Forbes рейтингінде 150 миллион долларлық дәулетімен 60-орында тұр. Кәсіпкер Tan Media Group және United Media Group компанияларындағы үлестерге иелік етеді. Бұл медиатоптардың құрамына Forbes Kazakhstan, Forbes Georgia журналдары, Arbat Media ақпарат агенттігі, Business FM радиостанциясы, Businessfm.kz сайты, MuzzOne телеарнасы және басқа да медиаактивтер кіреді.
Еске салсақ, 2026 жылдың сәуірінде Forbes Women Kazakhstan журналы Қазақстанның ең бай 25 әйелінің алғашқы рейтингін жариялаған еді. Тізімде экс-президент Назарбаевтың қыздары көш бастады: бірінші орынға Динара Құлыбаева жайғасса, Дариға Назарбаева үшінші орынды иеленді.
Оқыңыз