Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның ең бай бизнесмендері – 2026: Forbes Kazakhstan тізімді жаңартты

Вячеслав Ким
Фото: ҚР ҰОК

Forbes Kazakhstan "Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені – 2026" рейтингін жариялады. Жаңартылған тізімде бірқатар ірі кәсіпкерлердің орны өзгерген. Тимур Турлов төрт сатыға төмендесе, Владимир Ким, Болат Өтемұратов және Тимур мен Динара Құлыбаевтар жоғары көтерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанның ең бай бизнесмендері тізіміне енгендердің жалпы байлығы бір жылда 57,5 млрд доллардан 60,84 млрд долларға жетті. Ал рейтинг қатысушыларының орташа дәулеті 767 млн доллардан 811 млн долларға дейін өскен.

Рейтингтің үздік ондығы

1-орында Kaspi.kz акционері Вячеслав Ким тұр. Оның байлығы 7,8 млрд долларға бағаланған. Ол бұл орынды үшінші жыл қатарынан сақтап келеді. Бір жылда оның дәулеті 700 млн долларға артқан. Биыл наурызда жарияланған Forbes-тің жаһандық миллиардерлер рейтингінде ол 477-орынға ие болды.

2-орында KAZ Minerals акционері Владимир Ким тұр. Оның байлығы 5,9 млрд долларға бағаланды. Кәсіпкер рейтингте үшінші орыннан екінші орынға көтеріліп, капиталын 200 млн долларға арттырған. Forbes-тің жаһандық рейтингінде ол 712-орынға жайғасты. Сонымен қатар кәсіпкер "КСС Финанс" ЖШС арқылы Bank RBK-нің 84,81 пайыз үлесіне иелік етеді.

3-орынды Тимур мен Динара Құлыбаевтар және Болат Өтемұратов бөлісті. Олардың әрқайсысының байлығы 5,4 млрд долларға бағаланып отыр.

Былтырғы рейтингте Тимур мен Динара Құлыбаевтар төртінші орында болған. Бір жылда олардың байлығы 100 млн долларға өсіп, жаһандық миллиардерлер рейтингінде 780-орынға шықты. Құлыбаевтар "Алмэкс" холдингтік тобы арқылы биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Halyk Bank-тің 61,99 пайыз акциясына иелік етеді.

Forte Bank-тің мажоритарлық акционері Болат Өтемұратов биыл алтыншы орыннан үшінші орынға көтерілді. Оның байлығы бір жылда 1,7 млрд долларға өсіп, 3,7 млрд доллардан 5,4 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткіш оған Forbes-тің жаһандық рейтингінде 780-орын алуға мүмкіндік берді.

6-орында Freedom Holding Corp. негізін қалаушы әрі иесі Тимур Турлов тұр. Оның байлығы 5,2 млрд долларға бағаланған. Бір жылда оның капиталы 600 млн долларға азайған. Былтыр ол екінші орында болған еді. Қазір жаһандық рейтингте 823-орында.

7-орында ERG тобының акционерлері – Ибрагимовтар отбасы тұр. Олардың байлығы 1,68 млрд долларға жеткен. Мұқадасхан Ибрагимова мен оның ұлдары Достан, Даврон, Шухрат және Фурхат бұрын отбасы басшысы Әлижан Ибрагимовқа тиесілі болған Eurasian Resources Group компаниясының 20,7 пайыз үлесіне иелік етеді.

8-орында Astana Group негізін қалаушы әрі иесі Нұрлан Смағұлов орналасқан. Оның байлығы 1,3 млрд долларға бағаланды. Кәсіпкер биыл алғаш рет жаһандық миллиардерлер рейтингіне еніп, 2858-орын алды.

9-орында BI Group инвестициялық-құрылыс холдингінің акционері Айдын Рахымбаев тұр. Оның байлығы 1,1 млрд долларға бағаланды.

10-орында “Нұрбанк” пен “Виктория” сақтандыру компаниясының мажоритарлық үлесіне иелік ететін Сәрсеновтер отбасы орналасқан.

Рейтингке жаңадан енгендер

Жаңа қатысушылардың ішінде 22-орында 35 жастағы Шахмұрат Мұталіп тұр. Ол – рейтингтегі ең жас қатысушы. Оның компаниялары құрылыс саласында жұмыс істейді. Сонымен қатар ол әлі аяқталмаған "Алтыналмас" компаниясын сатып алу мәмілесі арқылы алтын өндіру секторына кіріп жатыр.

Сондай-ақ рейтингтің 63-орнына SCAT әуе компаниясындағы Владимир Денисовтың серіктесі Владимир Сытник енді. 64-орында білім беру және шикізат секторында бизнес дамытып жүрген Айғазы Құсайынов орналасқан.

72-орында Caspian Group арқылы девелопмент, құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру салаларында бизнес жүргізіп отырған Юрий Цхай тұр.

Әдістеме

Рейтинг қатысушылары олардың активтерінің жалпы құны бойынша бағаланды. Компаниялар консервативті қағидамен, яғни “кемінде” деген тәсілмен есептелді.

Егер аудиттелген есептілік болмаса, дисконт қолданылды. Мұндай жағдайда табыс көлемі жанама түрде – Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері негізінде есептелді.

100-ден астам бизнесмен қамтылған бастапқы тізімнен қорытынды рейтингке 75 адам енді.

Бағалау секторға байланысты әртүрлі көрсеткіштер бойынша жүргізілді. Олардың қатарында нарықтық капиталдандыру, меншікті капитал, дисконтталған ақша ағындары, M&A мәмілелері немесе P/E және P/S мультипликаторлары, сондай-ақ EV/EBITDA көрсеткіші бар.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 08 Мамыр, 2026 15:40