Экс-президенттің жиені мен Алматының бұрынғы әкімінің қызы ең жас миллионерлер қатарына енді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жастар санатына 18 бен 44 жас аралығындағы адамдарды жатқызады. Forbes Kazakhstan жасаған Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені рейтингінде 2026 жылы осы жас санатына кіретін жеті миллионер, бір миллиардер де бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үшеуі 44 жаста, біреуі 42-де, екеуі 41 жаста, біреуі 38-де, ал ең жасы – 35 жаста.
Ғалымжан Есенов
Тізімдегі алғашқы кәсіпкер – Alatau City Bank-тің бұрынғы иесі әрі агрокәсіпкер, 44 жастағы Ғалымжан Есенов. Ол рейтингте 564 миллион доллар байлығымен 19-орында тұр.
Есенов шамамен екі жыл банк саласында жұмыс істеді: 2023 жылғы тамыздан 2025 жылғы шілдеге дейін. 2025 жылғы қазанда ол “Кселл” компаниясындағы 14,87% үлесінен шықты. Қазір тағы бір активін – “Транстелеком” телеком-компаниясындағы жанама үлесін сату процесінде. Ол бұл үлесті Нұрәлі Әлиевтен сатып алып, Тимур Турловқа сатпақ. Тараптар 2025 жылғы желтоқсанда келісімге келген, алайда мәміленің аяқталғаны туралы әзірге хабарланған жоқ.
Сонымен қатар Есенов өзін агрокәсіпкер ретінде танытып жүр. Ол Сейсембаевтар отбасымен бірге “Алель Агро” арқылы құс өсіреді, Алматы облысында алма бағын өсіріп, шырын өндіреді, соядан май сығып, ауыл шаруашылығы құстары мен жануарларына жем шығарады.
Бизнесменнің Tamos Education жеке мектебінде де үлесі бар.
Айжан Есім
44 жастағы Айжан Есім ең байлар тізімінде 47-орында тұр. Forbes Kazakhstan оның активтерін 207 миллион долларға бағалайды. Ол байлығын “Қазфосфаттағы” үлесін сату арқылы тапқан.
Фосфорит кенін өндіріп, фосфорлы тыңайтқыш, сары фосфор және оның туындыларын шығаратын кәсіпорынның акционері болған Айжан Есім – Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің қызы. Ол Ғалымжан Есеновтің жұбайы.
Қазір Айжан Есім “салауатты” бизнеске бет бұрған: KRIDA фитнес-клубында үлесі бар. Сондай-ақ оған “Алматынан” нан-тоқаш комбинаты мен Петропавл нан-тоқаш комбинатындағы үлестер тиесілі.
Алмаз Әлсенов
Алмаз Әлсенов – жас әрі бай кәсіпкерлер арасындағы агросектор өкілдерінің бірі. Ол ең бай 75 бизнесмен рейтингіне үш жыл бұрын, 2024 жылы енген. 2026 жылы 204 миллион доллар байлығымен 48-орынға тұрақтады. Кәсіпкер 44 жаста.
Оның негізгі активі Швейцарияда орналасқан. Harvest Group ауыл шаруашылығы дақылдары мен өнімдерінің халықаралық дистрибуциясымен, логистикамен, экспорт алдындағы қаржыландырумен және сауда несиелеуімен айналысады. 2024 жылдың соңында Harvest Group Кенияда кеңсе тіркеді. Компания онда дистрибуция желісін құрып, Момбаса мен Найроби порттарында логистикалық хабтар ашуды және бұл бағытқа 12 миллион доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар компания Қазақстанда агрожоба қолға алды. Қызылорда облысында техникалық қарасора, жүгері және соя өсіруді жоспарлап отыр. Бұл жобаға Әлсенов 700 миллион доллар салмақ.
Айғазы Құсайынов
42 жастағы Айғазы Құсайынов – ең бай 75 кәсіпкер рейтингіне алғаш рет енген бизнесмен. Ол 132 миллион доллар байлығымен 64-орын алды.
Айғазы бизнеске жас кезінен келген: пәтер сатып алып, жөндеп, қайта сатқан. Кейін әкесінен мұраға қалған Халықаралық білім беру корпорациясының иесі атанды. Оның құрылымына ҚазБСҚА, ҚАУ, ҚазБСҚА колледжі мен Digital College, KazGASA School, KAU School және 2026 жылы ашылатын Charterhouse Almaty британдық халықаралық мектебі кіреді.
Бұдан бөлек, кәсіпкер тау-кен металлургия саласында да жұмыс істейді. Ол мыс өндіру және өңдеумен айналысады. Қазақстанда бірнеше шағын кен орны бар, онда инфрақұрылым мен фабрикалар салып жатыр. Сондай-ақ Құсайынов агрожобаларға да қатысады: 2021 жылы Қазақстанның солтүстігінде компания сатып алып, түрлі дақыл өсірумен айналысты және 2024 жылы пайда көрді. Құрылыс саласынан да қол үзген жоқ: оның компаниясы білім беру инфрақұрылымын салады. Бұл бағыттар Verum Group құрамына біріктірілген.
Нұрәлі Әлиев
Қазақстанның тұңғыш президентінің немересі Нұрәлі Әлиев Forbes Kazakhstan рейтингтеріне 2012 жылдан бері еніп келеді. Қазір ол 41 жаста. 2026 жылы 280 миллион доллар байлығымен ең байлар арасында 41-орынға ие болды.
Әлиевке Capital Holding және Darmen Holding компанияларындағы мажоритарлық үлестер тиесілі. Сондай-ақ ол Дубайдағы Donatello Hotels and Resorts, Алматыдағы Donatello Boutique Hotel қонақүйлеріне иелік етеді. Алматы мен Астанада мейрамхана жобаларымен айналысады. 2025 жылы “Транстелеком” телеком-компаниясынан шықты.
Асқар Байтасов
2026 жылы 41 жастағы ресторатор Асқар Байтасов Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені рейтингінде 112 миллион доллар байлығымен 68-орынға жайғасты.
Байтасов байлығын ABR мейрамханалар тобы арқылы тапқан. Оның құрамына 50-ден астам мекеме кіреді. abr+ қосымшасын ABR Tech компаниясы әзірлеген.
2025 жылдың басында кәсіпкер мейрамханалар тобындағы 5% үлесін сатты. Сатып алушы Bank RBK болды. Forbes Kazakhstan деректеріне сүйенсек, мәміле сомасы 15 EBITDA есебімен қалыптасқан. Ал сектордағы орташа құн шамамен 5 EBITDA деңгейінде.
Тимур Турлов
Жасы бойынша ең жас болмаса да, осы сегіздіктің ішіндегі ең байы – Freedom Holding Corp. негізін қалаушы, 38 жастағы Тимур Турлов.
Бір жыл ішінде оның байлығы 600 миллион долларға азайғанымен, 5,2 миллиард долларлық дәулеті оған рейтингтің жоғарғы бөлігінде қалуға мүмкіндік берді. 2026 жылы ол ең байлар тізімінде 6-орын алды. Бір жыл бұрын 2-орында болған.
Турлов байлығының негізгі бөлігін “Фридомдағы” 70% үлесі алады. Холдинг құрамына банк, инвестициялық және сақтандыру компаниялары кіретін қаржы блогы, сондай-ақ Freedom Travel, Freedom Ticketon агрегаторлары, Arbuz.kz онлайн-супермаркеті, Freedom Media және Freedom Telecom сияқты lifestyle бағыттар кіреді.
Кейбір активтер бизнесменге Turlov Private Holding арқылы тиесілі. Олардың қатарында Қарағандыдағы “Сары-Арқа” әуежайының 60% үлесі, “Семей цемент зауыты”, Citix ltd. компанияларындағы үлестер, Freedom Mobile, Freedom Drive онлайн-дүкені, Tatler Kazakhstan журналы, “Шахтер” футбол клубы және басқа да активтер бар.
Шахмұрат Мүтәліп
Қазақстандағы жас миллионерлер тізімін олардың ішіндегі ең жасы – Integra Construction KZ бенефициары Шахмұрат Мүтәліп түйіндейді. Ол 35 жаста.
Мүтәліп ең байлар рейтингіне алғаш рет енді, Forbes Kazakhstan оның байлығын 482 миллион доллар деп бағалап, тізімде 22-орын алды.
Ол құрылыс бизнесінен шыққан кәсіпкер. “Интегра” портфелінде Қостанайдағы “КАМАЗ” зауыты, Құрық портындағы паром кешені, Ақтау халықаралық контейнерлік хабы, Астана әуежайындағы бизнес-авиация ұшақтарына арналған тұрақ және басқа да нысандар бар.
Компания Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында тұрғын үй кешендерін, сондай-ақ теміржол және автожолдар салған. 2026 жылғы сәуірде Integra Construction Көкшетауда стадион салатыны белгілі болды.
Шахмұрат Мүтәліп футбол клубын да басқаруға алмақ. Бірақ ол Көкшетауда емес, Шымкентте орналасқан “Ордабасы” футбол клубы.
Кәсіпкер қызығушылық саласын кеңейтіп келеді. Наурызда ол Central Asia Resources Holding Ltd. арқылы алтын өндіретін”Алтыналмас” компаниясын сатып алатынын мәлімдеді. Мәміле әзірге аяқталған жоқ. 2025 жылы БАҚ оның ERG-дегі 40% және “Қазмырыштағы” 70% үлеске қызығушылық танытқанын жазған.
2,8 шақырымға 4 миллиард теңге жұмсалған: Жетісу облысындағы сарқырамаға апаратын жолдың құрылысы әлі бітпей тұр
Оқыңыз