Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы ең қымбат ТОП-10 қонақүй: Бір түннің құны қанша

қонақүй

Қазақстандағы ең қымбат қонақүйлердің бірінде бір түн түнеу үшін 406 мың теңге төлеу керек. Ал жеті күн демалудың құны 2,8 миллион теңгеден асады. Бұл президенттік люкс немесе жеке вилланың бағасы емес, стандарт санатындағы нөмірдің тарифі. Мұндай бағаға не кіреді? Қонақүй бизнесі жүздеген мың теңгелік нөмірлерден қанша табыс табады? Stan.kz Қазақстандағы ең қымбат 10 қонақүйдің бағасы мен қызметтерін салыстырып көрді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы 1 сәуірде Қазақстанда қонақүйлер, демалыс базалары, хостелдер мен басқа да орналастыру орындарын қосқанда 4 505 нысан жұмыс істеген. Оның ішінде бес жұлдызды 23 қонақүй бар. 2026 жылдың алғашқы үш айында орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 69,4 миллиард теңгеге жеткен.

ең қымбат қонақүйлер
Фото: Stan.kz

Бағалар көрсетілген тарифтер негізінде алынған. Жеті түндік және айлық сомалар бір түндік бағаны көбейту арқылы есептеледі. Нақты құн күнге, нөмірдің қолжетімділігіне және брондау шарттарына қарай өзгеруі мүмкін.

Бір түндік баға бойынша Алматыдағы The Ritz-Carlton көш бастап тұр. Ал тізімдегі ең төмен тариф Бурабайдағы Rixos Borovoe-де тіркелген. Екі қонақүйдің бір түндік бағасының айырмасы шамамен 292 мың теңге.

 

Әр қонақүйдің ерекшелігі қандай?

1. The Ritz-Carlton Almaty: бір түнге 406 мың теңге

Ритз Карлтон
Фото: The Ritz-Carlton Almaty ресми сайты

Алматыдағы ең қымбат қонақүйлердің бірі – The Ritz-Carlton Almaty. Ол қаланың іскерлік орталығындағы Esentai Tower ғимаратының жоғарғы қабаттарында орналасқан. Қонақүйдің басты ерекшелігі – терезелерінен Алматы мен Іле Алатауының панорамалық көрінісі ашылады.

Қонақүйде 145 нөмір бар. Бөлмелердің интерьері заманауи үлгіде жасалған, ал қонақтарға жоғары санатты қызмет көрсетіледі. Мұнда Vista мейрамханасы, Seven Bar & Restaurant, СПА орталығы, жабық бассейн, хаммам және сауна жұмыс істейді. Қонақтар фитнес залын да пайдалана алады.

Бір түндік бағасы – 406 000 теңге. Қала көрінісі бар, бір үлкен кісілік төсегі бар Deluxe нөмірдің негізгі құны 350 мың теңге болған. Оған 56 мың теңге салық қосылады. Осылайша, екі адамға бір түн қону құны 406 мың теңгеге жетеді. Жеті түнге есептегенде шамамен 2 842 000 теңге қажет.

Қонақүйдің ең жоғары санаттағы нөмірлерінің бірі – The Ritz-Carlton Suite. Оның ауданы шамамен 240 шаршы метр. Мұнда кең жатын бөлме, қонақ бөлме, асхана және жеке жұмыс аймағы қарастырылған. Люкстің нақты бағасы ашық жарияланбайды, оны қонақүйдің брондау бөлімі арқылы білуге болады.

The Ritz-Carlton Almaty-дің тағы бір ерекшелігі – жеке Club Lounge кеңістігі. Ол жоғарғы қабатта орналасқан және арнайы санаттағы нөмірлерде тұратын қонақтарға қосымша қызметтер ұсынады.

2. Rixos Almaty: бір түнге 382 950 теңге

Rixos Almaty
Фото: Rixos Almaty ресми сайты

Rixos Almaty – Алматының орталығында, Сейфуллин даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысында орналасқан бес жұлдызды қонақүй. Оның жанында Қарағайлы саябақ бар. Қонақүй қаланың мәдени және іскерлік орталығына жақын орналасқандықтан, туристермен қатар іссапармен келгендер де жиі таңдайды.

Қонақүйдің нөмірлік қоры – 237 бөлме. Стандарт Deluxe нөмірлерінің ауданы шамамен 32 шаршы метр. Бұдан бөлек, Junior Suite, Superior Suite, Deluxe Suite және басқа да жоғары санатты апартаменттер ұсынылады.

Мұнда екі мейрамхана, үш бар, СПА орталығы, бассейн, фитнес залы және іскерлік кездесулерге арналған залдар бар. Қонақүйдің СПА аймағы демалуға және сауықтыру рәсімдеріне арналған. Қонақтар массаж, сауна және басқа да қызметтерді пайдалана алады.

Бір түндік бағасы – 382 950 теңге. Бұл – King-size төсегі бар Superior санатындағы нөмірдің ұсынылған құны. Жеті түнге есептегенде 2 680 650 теңге шығады. Алайда брондау кезінде осы санаттағы нөмірдің бос болмауы мүмкін екенін ескеру қажет.

Қонақүйдегі жоғары санатты нөмірлердің бірі – Presidential Suite. Онда кең жатын бөлме, қонақ бөлме және жеке демалыс аймағы бар. Нақты бағасы ашық тарифте көрсетілмеген.

Rixos Almaty-дің басты ерекшелігі – қала орталығында орналасқанына қарамастан, тыныш демалысқа мүмкіндік беретін саябақ көрінісі мен СПА инфрақұрылымы.

3. The Ritz-Carlton Astana: бір түнге 227 012 теңге

The Ritz-Carlton Astana
Фото: The Ritz-Carlton Astana ресми сайты

Астанадағы The Ritz-Carlton қонақүйі Бәйтерек монументі мен қаланың іскерлік орталығына жақын орналасқан. Бұл – елордадағы жоғары санатты қонақүйлердің бірі. Мұнда шетелдік делегациялар, бизнес өкілдері мен туристер тоқтайды.

Қонақүйде 157 нөмір мен люкс бар. Бөлмелерден елорданың заманауи сәулеті мен қала панорамасын көруге болады. Қонақтарға тәулік бойы бөлмеге тамақ жеткізу, консьерж қызметі және жеке Club Level аймағы ұсынылады.

Қонақүйде Mökki италиялық мейрамханасы, Өzen Lobby Lounge және маусымдық Mökki Terrace орналасқан. Сонымен қатар СПА орталығы, бассейн, фитнес залы және конференц-залдар бар.

Бір түндік бағасы – 227 012 теңге. Екі queen-size төсегі бар Deluxe нөмірдің негізгі бағасы 195 700 теңге. Оған 31 312 теңге салық қосылған. Жеті түннің есептік құны – 1 589 084 теңге.

Қонақүйдегі ең ерекше апартаменттердің бірі – The Ritz-Carlton Suite. Оның ауданы 270 шаршы метр. Мұнда жатын бөлме, кең қонақ бөлме, асүй, асхана және жеке жұмыс аймағы бар. Люкс қонақтарына Club Lounge қызметтері де қолжетімді. Оның нақты бағасы ашық жарияланбаған.

Қонақүйдің артықшылығы – елорданың басты нысандарына жақын орналасуы және халықаралық Ritz-Carlton брендіне тән жеке қызмет көрсету жүйесі.

4. Rixos Water World Aktau: бір түнге 216 мың теңге

Rixos Water World Aktau
Фото: Rixos Water World Aktau ресми сайтынан

Ақтаудағы Rixos Water World Aktau – Каспий теңізінің жағасында орналасқан бес жұлдызды курорт. Қонақүй қаладан шамамен 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның басты ерекшелігі – “бәрі қосылған” жүйесі бойынша қызмет көрсетуі және демалыс инфрақұрылымының бір аумақта шоғырлануы.

Кешенде 500 нөмір бар. Стандарт Deluxe бөлмелерінің ауданы 35 шаршы метрден басталады. Қонақтарға бақша немесе теңіз көрінісі бар бөлмелер, люкстер және жеке виллалар ұсынылады.

Бір түндік бағасы – 216 000 теңге. Бұл – бақша көрінісі бар, king-size төсегі бар Deluxe нөмірдің құны. Жеті түнге есептегенде 1 512 000 теңге шығады.

Қонақүйдегі ең қымбат нөмірлердің бірі – 240 шаршы метрлік Presidential Suite. Оның ішінде екі жатын бөлме, кең қонақ бөлме, асхана, толық жабдықталған асүй, төрт балкон және жеке сауна бар. Қонақтарға жеке аспаз қызметі де ұсынылады. Бұл люкстің нақты бағасы ашық жарияланбаған.

Кешенде бірнеше мейрамхана, сегіз бар, бассейндер, аквапарк, СПА орталығы және балалар клубы жұмыс істейді. Turquoise мейрамханасында қазақ, түрік және халықаралық асхананың тағамдары ұсынылады. Mermaid теңіз өнімдері мен Жерорта теңізі тағамдарына маманданған.

Rixos Water World Aktau-дың басты ерекшелігі – қонақүйдің тек түнеу орны емес, толыққанды курорт болуы. Мұнда жағажай, бассейн, су аттракциондары, тамақтану және ойын-сауық қызметтері бір кешенге біріктірілген.

5. InterContinental Almaty: бір түнге 192 560 теңге

InterContinental Almaty
Фото: InterContinental Almaty ресми сайтынан

InterContinental Almaty Алматының орталығында, Республика алаңына жақын орналасқан. Қонақүй халықаралық InterContinental Hotels & Resorts желісіне кіреді және іскерлік кездесулер мен халықаралық іс-шараларды өткізуге қолайлы орындардың бірі саналады.

Қонақүйде 277 нөмір бар. Стандарт бөлмелердің ауданы шамамен 32 шаршы метр. Бұдан бөлек, клубтық нөмірлер мен бірнеше санаттағы люкстер ұсынылады.

Бір түндік бағасы – 192 560 теңге. Бұл – Classic санатындағы нөмірдің көрсетілген құны. Жеті түнге есептегенде шамамен 1 347 920 теңге болады.

Қонақүйдегі ең жоғары санаттағы апартаменттердің бірі – Pasha Presidential Suite. Оның ауданы шамамен 206 шаршы метр. Мұнда кең жатын бөлме, қонақ бөлме, асхана және жеке демалыс аймағы бар. Сонымен қатар Sultan Presidential Suite деп аталатын екінші президенттік апартамент те ұсынылады. Екі нөмірдің нақты бағасы ашық жарияланбаған.

InterContinental Almaty-де бірнеше мейрамхана мен бар, жабық бассейн, СПА орталығы, сауна, түрік моншасы және фитнес залы бар. Қонақүйде үлкен банкет залы мен конференц-залдар да қарастырылған.

Оның басты ерекшелігі – қала орталығындағы орналасуы және іскерлік іс-шараларға арналған инфрақұрылымы. Қонақүйге туристермен қатар халықаралық форумдар мен конференцияларға қатысушылар да тоқтайды.

6. Tenir Eco Hotel: бір түнге 189 810 теңге

Tenir Eco Hotel
Фото: Tenir Eco Hotel ресми сайты

Tenir Eco Hotel – Шымбұлақ тау-шаңғы курортында, теңіз деңгейінен шамамен 3 200 метр биіктікте орналасқан шағын экоқонақүй. Ол Қазақстандағы ең биік таулы қонақүйлердің бірі саналады.

Қонақүйде небәрі 10 нөмір бар. Әр бөлме жеке орналасқан және тауға қарайтын панорамалық терезелермен жабдықталған. Нөмірлердің басты ерекшелігі – жеке фин саунасының болуы. Қонақтар шаңғы мен сноуборд жабдықтарын сақтайтын арнайы орындарды да пайдалана алады.

Бір түндік бағасы – 189 810 теңге. Бұл тарифке тауға аспалы жолмен барып-қайту билеттері кіреді, салық та есептелген. Жеті түнге есептегенде 1 328 670 теңге шығады.

Tenir-дің ең қымбат бөлмесі жеке президенттік люкс ретінде ұсынылмайды. Қонақүйдің негізгі форматы – панорамалық көрінісі бар жеке нөмірлер. Сондықтан ең жоғары санаттағы бөлменің бөлек бағасы туралы ашық ақпарат жоқ.

Қонақүйдің жанында мейрамхана жұмыс істейді. Қонақтарға таңғы ас пен кешкі ас кіретін арнайы тарифтер де ұсынылады. Бұған қоса, трансфер, атпен серуендеу және таудағы басқа да белсенді демалыс түрлерін ұйымдастыруға болады.

Tenir Eco Hotel-дің өзгелерден басты айырмашылығы – биік тауда орналасуы, шағын нөмірлік қоры және табиғатпен үйлесімді демалыс тұжырымдамасы. Мұнда қаладағы үлкен қонақүйлерге тән қарбалас жоқ. Оның орнына тау көрінісі, тыныштық және жеке кеңістік ұсынылады.

7. Swissôtel Wellness Resort Alatau: бір түнге 150 800 теңге

Swissôtel Wellness Resort Alatau Almaty
Фото: Swissôtel Wellness Resort Alatau Almaty ресми сайтынан

Swissôtel Wellness Resort Alatau Almaty – Алматының шетінде орналасқан бес жұлдызды сауықтыру-демалыс кешені. Қонақүйдің басты бағыты – жайлы демалыс пен wellness қызметтерін біріктіру. Ол қала орталығындағы қонақүйлерден гөрі тыныштық пен сауықтыру рәсімдерін іздейтіндерге арналған.

Қонақүйде 222 нөмір бар. Classic санатындағы бөлмелердің ауданы 36 шаршы метрден басталады. Бұдан бөлек, кеңейтілген нөмірлер мен люкстер ұсынылады.

Бір түндік бағасы – 150 800 теңге. Жеті түнге есептегенде 1 055 600 теңге шығады.

Қонақүйдегі ең қымбат нөмірлердің бірі – 370 шаршы метрлік Presidential Suite. Оның ішінде жатын бөлме, киім ауыстыратын жеке бөлме, кең қонақ бөлме, асхана, асүй және кездесу өткізуге арналған жеке кеңістік бар. Люкстің нақты бағасы ашық жарияланбаған.

Кешеннің негізгі артықшылығы – Pürovel Spa & Sport орталығы. Мұнда жабық және ашық бассейндер, хаммам, сауна, джакузи, массаж және басқа да сауықтыру рәсімдері ұсынылады. Қонақүйде төрт мейрамхана, үш бар, фитнес залы мен балалар клубы бар.

Swissôtel Wellness Resort Alatau-дың ерекшелігі – демалысты сауықтыру қызметтерімен ұштастыруы. Қонақтар мұнда тек қонып қана қоймай, СПА рәсімдеріне қатысып, бассейн мен спорт залын пайдалана алады.

8. Rixos Khadisha Shymkent: бір түнге 143 мың теңге

Rixos Khadisha Shymkent
Фото: Rixos Khadisha Shymkent ресми сайтынан

Rixos Khadisha Shymkent – Шымкент қаласының орталығында орналасқан бес жұлдызды қонақүй. Ол 2014 жылы ашылған. Ғимараттың сәулеті мен интерьерінде неоклассикалық стиль басым. Мәрмәрмен әрленген бөлмелер мен кең залдар қонақүйге салтанатты сипат береді.

Қонақүйде 177 нөмір бар. Олардың арасында Superior, Luxury, Family Suite және жоғары санатты апартаменттер кездеседі.

Бір түндік бағасы – 143 000 теңге. Бұл – King-size төсегі бар Superior нөмірдің құны. Жеті түнге есептегенде шамамен 1 001 000 теңге қажет.

Қонақүйдегі ең жоғары санаттағы нөмірлерге Royal Suite және Presidential Suite жатады. Royal Suite кең интерьерімен және жеке демалыс аймақтарымен ерекшеленеді. Бұл нөмірлердің нақты бағасы ашық жарияланбаған, оны қонақүйден жеке сұрату қажет.

Қонақтарға жабық бассейн, СПА орталығы, сауна, түрік хаммамы, қар бөлмесі және фитнес орталығы ұсынылады. Сонымен қатар қонақүйде мейрамхана, кафе, бар, үлкен банкет залы мен бес шағын конференц-зал бар.

Rixos Khadisha Shymkent-тің басты ерекшелігі – қаланың орталығында орналасуы және классикалық интерьері. Ол туристерге ғана емес, іскерлік кездесулер мен салтанатты шараларға да арналған.

9. The St. Regis Astana: бір түнге 127 136 теңге

The St. Regis Astana
Фото: The St. Regis Astana ресми сайты

The St. Regis Astana – елордадағы ең жоғары санатты қонақүйлердің бірі. Ол Есіл өзенінің жағасында, Орталық саябақтың маңында орналасқан. Қонақүйдің интерьерінде заманауи дизайн мен қазақ мәдениетінің элементтері үйлесім тапқан.

Қонақүйде 120 нөмір бар. Оның ішінде 23 люкс бөлме орналасқан. Стандарт нөмірлердің ауданы 68 шаршы метрден басталады. Бұл – елордадағы стандарт санатындағы ең кең қонақүй бөлмелерінің бірі.

Бір түндік бағасы – 127 136 теңге. Екі бөлек төсегі бар Deluxe нөмірдің негізгі құны 109 600 теңге болған. Оған 17 536 теңге салық қосылады. Жеті түнге есептегенде 889 952 теңге шығады.

Қонақүйдегі ең қымбат нөмір – 510 шаршы метрлік Presidential Suite. Ол ғимараттың жоғарғы қабатында орналасқан. Апартаментте жеке кабинет, қонақ бөлме, асхана, шарап бөлмесі, саунасы бар кең жуынатын бөлме және 139 шаршы метрлік ашық терраса қарастырылған.

The St. Regis Astana-ның басты ерекшеліктерінің бірі – жеке батлер қызметі. Қонақүйдің барлық санаттағы бөлмелерінде тұратын қонақтарға жеке көмекші қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар мұнда The Grill және La Rivière мейрамханалары, The St. Regis Bar, Iridium Spa орталығы, бассейн және фитнес залы бар.

Қонақүйдің тағы бір артықшылығы – орналасқан жері. Орталық саябақ пен Есіл өзенінің көрінісі, сондай-ақ жеке қызмет көрсету жүйесі оны елордадағы ерекше қонақүйлер қатарына қосады.

10. Rixos Borovoe: бір түнге 114 200 теңге

Rixos Borovoe
Фото: Rixos Borovoe ресми сайтынан

Rixos Borovoe – Ақмола облысындағы Бурабай курорттық аймағында, Щучье көлінің жағасында орналасқан бес жұлдызды қонақүй. Бұл кешеннің басты артықшылығы – табиғат аясында орналасуы. Қонақтар көл, орман және таудың көрінісін тамашалап, қала шуынан алыстап демала алады.

Қонақүйде 201 нөмір бар. Стандарт Deluxe бөлмелерінің ауданы шамамен 34 шаршы метрден басталады. Бұдан бөлек, Junior Suite, Family Suite, жоғары санатты апартаменттер мен жеке виллалар ұсынылады.

Бір түндік бағасы – 114 200 теңге. Бұл – көл көрінісі бар, king-size төсегі бар Deluxe нөмірдің құны. Жеті түнге есептегенде 799 400 теңге болады.

Қонақүйдегі ең жоғары санаттағы нөмірлердің бірі – 302 шаршы метрлік Penthouse Suite. Мұнда екі жатын бөлме, қонақ бөлме, асүй және асхана бар. Терезелерінен Щучье көлінің көрінісі ашылады. Бұл люкстің нақты бағасы ашық жарияланбаған.

Rixos Borovoe-де бірнеше мейрамхана мен бар, СПА орталығы, жабық бассейн, хаммам, сауна, фитнес залы және балалар клубы жұмыс істейді. Қонақүйде конференция өткізуге арналған залдар да бар.

Rixos Borovoe-дің өзгелерден ерекшелігі – табиғат аясындағы курорттық форматы. Мұнда жазда көл жағасында демалуға, ал басқа маусымдарда орман ішінде серуендеп, СПА қызметтерін пайдалануға болады.

Қонақүйлердің қызметтері әртүрлі болғанымен, олардың бағасын салыстырудың бір жолы – бірнеше күнге есептеп көру. Мәселен, бір түнге 406 мың теңге төлеу қымбат көрінсе, жеті күндік демалыстың құны одан да салмақты соманы құрайды. Ал бір ай тұруды жоспарлаған адамға қанша қаражат қажет? Мұны Қазақстандағы орташа жалақымен салыстырып көрейік.

Бір апта демалу қанша тұрады?

Бір түндік бағаның өзі қомақты көрінеді. Ал демалыс ұзақтығы артқан сайын шығын да көбейеді. Мәселен, The Ritz-Carlton Almaty-де жеті түн тұру 2 842 000 теңгеге, ал 30 түн тұру 12 180 000 теңгеге түседі.

Rixos Almaty-де бір апта демалу 2 680 000 теңгеден асады. Ал тізімдегі ең төмен тариф ұсынылған Rixos Borovoe-де жеті түннің есептік құны – 799 400 теңге.

Бұл сомаларды Қазақстандағы жалақымен салыстырсақ, айырмашылық одан әрі байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында медианалық жалақы 348 415 теңге болған.

Медианалық жалақы — бұл барлық жұмыскерлерді жалақы мөлшеріне қарай өсу немесе кему ретімен орналастырғанда, олардың қатарының тура ортасында тұрған мән.

Осы көрсеткішпен есептегенде, The Ritz-Carlton Almaty-де бір апта тұру үшін шамамен 8,2 айлық медианалық жалақы қажет. Rixos Almaty-де бұл көрсеткіш 7,7 айға, ал Rixos Borovoe-де 2,3 айға тең.

Бұл – жалақының толық сомасы қонақүйге жұмсалады деген шартты есеп. Күнделікті тұрмыс шығындары мен басқа төлемдер есепке алынбаған.

Қонақүй бизнесі қанша табыс табады?

Қонақүй иесінің табысы тек нөмір бағасына емес, бөлмелердің қаншалықты жиі сатылатынына да байланысты. Мысалы, 100 нөмірі бар қонақүйді алайық. Бір нөмірдің орташа тәуліктік бағасы 200 мың теңге, ал қонақүйдің толымдылығы 60% болса, айына нөмірлерді жалға беруден 360 миллион теңге түсім түсуі мүмкін. Бір жылда бұл көрсеткіш 4,32 миллиард теңгеге жетеді.

Алайда бұл – таза пайда емес. Одан қызметкерлердің жалақысы, коммуналдық төлемдер, тазалық, жөндеу, жарнама, салық және басқа да шығындар төленеді.

Қонақүй ашудың өзі де қомақты инвестицияны талап етеді. Inbusiness.kz басылымына сұхбат берген маманның бағалауынша, 2024 жылы төрт жұлдызды қонақүйдің бір нөмірін салып, іске қосуға шамамен 50 миллион теңге қажет болған. Осы есеппен 100 нөмірлі қонақүйге 5 миллиард теңгедей инвестиция керек. Маманның айтуынша, мұндай жобаның инвестициясы операциялық қызмет басталғаннан кейін орта есеппен 7–9 жылда қайтуы мүмкін. Бірақ нақты мерзім қонақүйдің орналасқан жеріне, толымдылығына және шығындарына байланысты.

Қазақстандағы орналастыру орындарының жалпы табысы да өсіп келеді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы қонақүйлер мен басқа да орналастыру нысандарының жиынтық табысы 350,6 миллиард теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш елдегі барлық орналастыру орындарын қамтиды, тек бес жұлдызды қонақүйлердің табысы емес.

Қымбат қонақүй әрдайым жоғары пайда әкеле ме?

Қонақүй бизнесінің табыс көздері көп: бөлме ақысынан бөлек, мейрамхана, СПА, конференция, банкет және басқа қызметтерден де кіріс түседі. Бірақ мұның бәрі қосымша инвестиция мен тұрақты шығынды қажет етеді. Сондықтан бір түндік тарифтің жоғары болуы қонақүйдің міндетті түрде мол пайда тауып отырғанын білдірмейді. Нөмірлердің тұрақты толуы, маусымдық сұраныс және шығындарды тиімді басқару да маңызды.

Қазақстандағы ең қымбат қонақүйлердің бағасы тек сән-салтанатты емес, олардың орналасқан жері мен қызмет көрсету деңгейін де көрсетеді. Ал қонақ үшін басты сұрақ – жоғары тарифке қандай қызметтер кіретінін алдын ала анықтау.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда зумерлер сән-салтанатты тойдан бас тартып жатқаны туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Сенбі, 31 Қазан, 2026 10:00