Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда зумерлер сән-салтанатты тойдан бас тартып жатыр: Кәсіпкерлер шығынға батты

той шығын
Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда жас жұбайлар дүркіретіп той жасаудан жаппай бас тартып жатыр. Зумерлер қазір мейрамханада шағын кеш өткізіп, қуанышын тек жақын туыстары мен достарының ортасында атап өтуді жөн көреді. Мұндай өзгерістен кейін ірі банкет залдарының иелері ғимаратты күтіп ұстау тиімсіз болып бара жатыр дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Асаль Хашимова алдағы демалыс күндері өз ұзату тойын өткізбек. Бұл бастаманы қыздың ата-анасы көтерген. Олар қазақтың салт-дәстүрін сақтауды қалағанымен Асаль ақ көйлек, фата киіп, лимузин жалдайтын дәстүрлі дүркіреткен тойдан бас тартқан.

“Біз табиғат аясында, көшпелі рәсіммен шағын той өткізгіміз келеді. Оған тек ең жақын адамдарымыз – ата-анамыз бен достарымыз қатысады. Қонақ саны шамамен 30-40 адам болады”, – дейді Асаль.

Мамандардың айтуынша, қазір шағын той өткізуді қалайтын жастардың қатары артып келеді. Себебі мерекені ұйымдастыру шығындары жыл сайын қымбаттап жатыр.

Мысалы, Алматыда 100 адамға арнап той жасасаң, банкет залын жалға алу орта есеппен 2 миллион теңге тұрады. Той жүргізушісінің ақысы – 250 мың, шоу-балеттің қызметі – 200 мың, фото және бейнетүсірілім – тағы 500 мың теңге.

Ал қалыңдықтың көйлегін жалға алып, гүл шоғын сатып алуға 250 мың теңге қажет. Күйеу жігіттің костюміне тағы 100 мың теңге тұрады. Осылайша, қосымша шығындарды есептемегеннің өзінде тойдың құны 3,5 миллион теңгеге жуықтайды.

Салдарынан ірі банкет залдары бос қалып жүр. Мамандардың айтуынша, той бизнесі шығынға батып жатыр.

“Бұрын 600 адамға дейін той өткізетінбіз. Қазір ондай жоқ. Қазір ең көбі 250 адам келеді. Бұрын мұндай үлкен залға кемінде 250 адам жинайтынбыз. Ал қазір 120 адам болса да, той өткізуге келісеміз”, – дейді мейрамхана әкімшісі Гүлмира Талғарбаева.

Психологтардың айтуынша, жас буын өкілдері қоғамның дегенінен гөрі өз қалауы мен қажеттілігін жоғары қоя бастады. Олардың пікірінше, егер жас жұбайлар дүркіретіп той жасағысы келмесе, олардың таңдауына қарсы шықпаған жөн.

“Жастар мүмкіндігінше ата-анасының отбасынан бөлініп, өз алдына жеке өмір сүргісі келеді. Алайда бұл жағдайда олардың отбасылық өмірінің басында-ақ өз бетінше шешім қабылдай алмағанын көріп отырмыз. Мұның салдары өте жағымсыз болуы мүмкін. Бұл бір-бірімен қарым-қатынасына да, адамның өзіне деген көзқарасына да әсер етеді. Өйткені ол өз қалауын қорғай алмай, өзгелердің дегеніне көнуге мәжбүр болды”, – дейді Жоғары психология мектебінің қауымдастырылған профессоры Ольга Шихова.

2025 жылы Қазақстанда 115 мың жұп некеге тұрған. Олардың 4 мыңға жуығы бірнеше айдан кейін-ақ ажырасқан.

Сондықтан мамандар дүркіретіп той жасау ұзақ әрі бақытты отбасылық өмірдің кепілі емес екенін атап өтті.

Бұған дейін құрылысы аяқталмаған үйдегі құдалық қазақстандықтарды сүйсіндірген еді. Қуаныш иелері үйіне еуро жөндеу жұмыстарын жасамаса да, бұл отбасылық мерекені дүркіретіп өткізуге кедергі болмаған. Видеодан қабырғаларға кілемдер ілініп, бөлме шарлармен, баннерлермен безендірілген. Қонақтарға мол дастарқан жайылып, би де тура көшеде ұйымдастырылған.

Желі қолданушылары несие алудан бас тартып, қарызға батуды қаламаған той иелерінің бұл әрекетін қолдады. 

Айым Болатқызы
Жұма, 30 Қазан, 2026 08:11