Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрылысы аяқталмаған үйдегі құдалық қазақстандықтарды сүйсіндірді

Құдалық үйде
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде құрылысы аяқталмаған жеке үйде құдалық жасаған қазақстандықтардың видеосы тарады. Желі қолданушылары ұйымдастырушылардың креативтілігін жоғары бағалап, несие алып, дүркіретіп той жасаудан бас тартқанын құптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қуаныш иелері үйіне еуро жөндеу жұмыстарын жасамаса да, бұл отбасылық мерекені дүркіретіп өткізуге кедергі болмаған. Видеодан қабырғаларға кілемдер ілініп, бөлме шарлармен, баннерлермен безендірілген. Қонақтарға мол дастарқан жайылып, би де тура көшеде ұйымдастырылған.

Желі қолданушылары несие алудан бас тартып, қарызға батуды қаламаған той иелерінің бұл әрекетін қолдады. 

"Егер той жасаудан мүлде бас тарта алмасақ, тым болмаса осылай қарапайым өткізуді әдетке айналдыруымыз керек. Үйде немесе аулада өтсе де, қандай әдемі әрі қарапайым! Берілетін тағамдардың санын әйелдер де азайтса, тіпті жақсы болар еді"; "Жарайсыңдар”, "Керемет! Дайындық кезіндегі осындай сәттерді жақсы көремін", "Бәрібір жан дүниеміздің түкпірінде бәріміз дәл осындай мерекені қалаймыз", "Осындай той жасауға келіскен жастарға қараңыздаршы. Жастар бақытты болсын!", деп жарыса жазды желідегілер.

Видео авторының айтуынша, құдалықты үйде өткізу туралы шешімді жолдасымен бірге қабылдаған. Мерекеге дайындықтың барлығын өздері ұйымдастырған.

Бұған дейін қазақстандық блогердің 17 жастағы ұлының үйлену тойы әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. 

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 08:43