"Ең қарапайым тойдың өзі 4-5 миллион теңгеге түседі": 2026 жылы Қазақстанда той өткізу қанша тұрады
Қазақстанда той жасау жыл сайын қымбаттап барады. OLX Қазақстанның талдауына сәйкес, ең қарапайым тойдың өзі 4-5 млн теңгеге түссе, көпшілік өткізетін тойлардың бюджеті 7-10 млн теңгеге дейін жетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі blog.olx.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Банкет залы
Той бюджетінің ең қомақты бөлігі – банкет залы. Жалға алу құны 500 мың теңгеден басталады. Көп таралған ұсыныстар 800 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін, ал беделді мейрамханаларда 2,5 млн теңгеге дейін жетеді. Бұл сомаға көбіне ас мәзірі кірмейді.
Безендіру
Қазіргі таңда жас жұбайлар фотозона, гүл композициялары, жарық безендіру және көшпелі неке қию рәсімін жиі таңдайды. Той залын безендіру құны орта есеппен 500 мың теңгеден, ал фотозона жасау немесе жалға алу 150 мың теңгеден басталады.
Асаба мен шоу-бағдарлама
Той жүргізушісінің қызметі шамамен 500 мың теңгеден басталады. Ал би ұжымдарының бір қойылымы орта есеппен 20-50 мың теңге тұрады.

Фотограф пен видеограф
Фотографтың қызмет ақысы сағатына 10 мың теңгеден, видеографтың қызметі 20 мың теңгеден басталады. Әдетте олар тойда 4-6 сағат жұмыс істейтіндіктен, жалпы құны әлдеқайда жоғары болады.
Жас жұбайлардың киімі
Қалыңдықтың көйлегі орта есеппен 250 мың теңгеден басталады. Күйеу жігіттің костюмі 30-50 мың теңге аралығында. Бұдан бөлек аяқ киім, аксессуарлар, макияж, шаш үлгісі, әшекейлер мен қалыңдық гүлшоғы да қосымша шығынды талап етеді.
Кортеж, гүлшоқ және торт
Көлік жалдау құны сағатына 25 мың теңгеден басталады. Қалыңдықтың гүлшоғы 30 мың теңгеден, ал ерекше композициялар 70-100 мың теңгеге дейін барады. Үйлену тортының бағасы 50-150 мың теңге аралығында.
Тойдың жалпы құны
Ең қарапайым тойдың өзі 4-5 миллион теңгеге түсуі мүмкін. Бұл сомаға банкет мәзірі, неке жүзіктері, бал айы және басқа қосымша шығындар кірмейді. Ал бүгінде Қазақстанда көпшілік өткізетін тойлардың бюджеті 7–10 млн теңгеге дейін жетеді. Оның үстіне көптеген отбасында тек үйлену тойымен шектелмей, сырға салу, құдалық, қыз ұзату сияқты бірнеше салтанатты рәсім өткізіледі. Сондықтан барлық той-думанға жұмсалатын жалпы шығын бірнеше есеге артуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда үйлену тойы тек бір күндік мереке емес, оған құдалық, ұзату, беташар, жасау, киіт секілді бірнеше дәстүрлі рәсім кіреді. Осыған байланысты шығын көлемі де айтарлықтай өседі. Тілші тілдескен жас отбасылардың тәжірибесіне сенсек, бір ғана ұзату тойының өзіне 10 миллион теңгеге дейін қаржы жұмсалуы мүмкін. Кейіпкерлер тойды алдын ала жоспарлап, қаражат жинаудың маңызын айтып, қарызға батып той жасаудың жас отбасы үшін ауыр салмақ екенін жеткізген.