Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық блогердің 17 жастағы ұлының үйлену тойы әлеуметтік желіде қызу талқыланды

Блогер Эльмира Құдарова ұлын үйлендірді
Фото: Видеодан скриншот

Блогер әрі психолог Эльмира Құдарованың 17 жастағы ұлы шаңырақ көтерді. Мұны блогер әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Құдалық, сырға салу мен той алдындағы отбасылық басқосулардың видеолары көпшіліктің назарын аударып, қазақстандықтардың пікірталасына себеп болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Блогер жариялаған кадрларда қызды ұзатып алу сәті көрінеді. 

“Біздің ұлымыз 17 жаста және ол Меркінің қызына үйленіп жатыр.  Ерте некеге қалай қарайсыз? Сіздіңше, отбасын неше жаста құрған дұрыс?” – деп сауад қойған.

Сондай-ақ ол адамның есейгенін тек жасына қарап бағалау дұрыс емес. Ол кейбір жастардың 17 жасында-ақ жауапкершілікті сезініп, отбасын құруға дайын болатынын, ал кейбір адамдардың 30–40 жасқа келсе де мұндай жауапкершілікке дайын болмайтынын айтты.

“Демек, мәселе жаста емес, адамның саналы шешім қабылдауында, жауапкершілікті сезінуінде және өз іс-әрекетіне жауап бере алуында”, – деп жазды ол. 

Желі қолданушыларының бір бөлігі жас жұбайларға бақыт тілеп, олардың шешімін қолдады. Кейбірі өздерінің де 17-18 жасында отбасын құрып, ондаған жыл бойы тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанын жазған.

“Біз де 17 жаста үйлендік. Отау құрғанымызға 29 жыл болды. Екі баламыз, екі немереміз бар”, – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.

Тағы бір қолданушы “Үйлене берсін, демек, бір-бірін жақсы көреді” десе, енді бір “Менің балам әлі компьютер ойнап жүр, ал біреулер үйленіп жатыр” деп әзілдеген.

Алайда бұл жаңалықты сынағандар да аз емес. Олар күйеу жігіттің жасына назар аударып, жасөспірімдердің отбасылық өмірге қаншалықты дайын екенін талқылаған. Кейбір қолданушылар мұндай видеолар ерте некені қалыпты құбылыс ретінде көрсетіп, жастарға кері әсер етуі мүмкін деген пікір білдірді.

“Олар кәмелет жасқа толмаған ғой, ал сіз олардың үйленіп жатқанын ашық салып отырсыз”, “Сөз жоқ, өздеріңіз отбасы құндылығы туралы әңгіме айтып, ұлдарыңызды 17 жаста үйлендіріп отырсыздар. Олар меніңше әлі бала. Оқу оқып, жұмыс істеп, бір отбасыға ие болатынын түсініп барып үйлену керек сияқты. 17 жастағы бала кім? Оқушы емес па? Әлде 1 курс студенті ме?”, – деп жазды олар.

Тағы бір пікір білдірушінің айтуынша, 17-19 жас аралығында отбасы құруға әлі ерте. Өйткені бұл жаста жастардың көбі жұмыс істемейді және өздерін толық қамтамасыз ете алмайды.

1Олар әлі бала ғой. Жас жігіт әйелін қалай асырайды? Артынша бала дүниеге келсе, жас отбасы ата-анасының мойнында қалады. Мұндайда олар жеке шаңырақ көтерген отбасыдан гөрі кішкентай балаларға көбірек ұқсайды”, – деп жазды ол

Мали есімді қолданушы бұл жағдайда қыздың болашағына көбірек алаңдайтынын айтты. Оның сөзінше, тым ерте тұрмыс құрған қыз өз өмірін қалыптастырып үлгермей жатып, бар тіршілігін күйеуі мен оның туыстарының айналасына құрып кетуі мүмкін.

“Қыз алдымен есейіп, өз мүмкіндігін танып, өмірден не қалайтынын түсініп алуы керек. Бақытты неке тек махаббатқа емес, екі адамның да ішкі кемелдігіне сүйенеді. Кейде мұндай шешім отбасылық өмірге шын дайындықтан емес, өткінші сезім мен асығыстықтан туындайтындай көрінеді. Ал тән құмарлығы ұзақ әрі берік қарым-қатынастың негізі бола алмайды”, – деп жазды ол.

Сонымен қатар желіде діни неке қию рәсіміне қатысты сұрақтар қойылды. Пікір иелері ресми неке туралы куәліксіз неке қию рәсімі қалай өткізілгеніне қызығушылық танытқан.

“Жас жігіттің үйленгісі келгені түсінікті делік. Бірақ ата-анасы бұл шешімді неге қолдады? Әсіресе қыздың ата-анасы не ойлады?” – деп жазды қолданушылардың бірі.

Сын көбейгеннен кейін Эльмира Құдарова видеоүндеу жариялап, өз ұстанымын түсіндірді. Психологтың айтуынша, адамның отбасын құруға дайындығы тек жасымен емес, жауапкершілігімен және шешімінің байыбына бара алуымен өлшенеді.

“Иә, заң бойынша кәмелетке толмағандарға үйленуге рұқсат жоқ. Бірақ заң азаматтық некеде тұратындарға да тыйым салып жатқан жоқ қой. Біз діни некесін ғана қидық, ол заңды некеге қаңтарда, олар 18 жасқа толғанда ғана тіркеледі. Сондықтан, уайымдамаңыздар, заң бұзып отырған жоқпыз”, – дейді ол.

Блогерді қолдаған оқырмандар да табылды. Олар кейбір ер адамдардың 30 жастан асса да отбасылық жауапкершілікке дайын болмайтынын айтып, Эльмира Құдарова мен оның жұбайын баласының таңдауына құрметпен қарайтын заманауи ата-ана деп атады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 14:30