Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жеті атаға дейін үйленуге болады" деген ұстаздың пікірі желідегілердің шамына тиді

Данияр Кенжеұлы
Фото: Видеодан скриншот

 

Әлеуметтік желіде “бел немерелердің өзара шаңырақ көтеруі шариғатқа қайшы емес” деп пікір білдірген медресе ұстазының басы дауға қалды. Ол 10 жылдан аса уақыт балаларға діни тәрбие берген екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұстаз Данияр Кенжеұлы желіде “жеті атаға дейін қыз алыспау міндетті емес” екенін айтады.

“Құранда бізде нақты кімге үйленуге болады, кімге болмайтыны нақты айтылған. Жеті атаға дейін "бөле секілді" деген нәрселерге дінде рұқсат бар, бірақ ол орындалуы керек деген нәрсе емес”, – деді ол.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, ол бұған дейін де ескерту алыпты. Алайда аталған пікірі үшін оған ешқандай шара қолданылмайды. Өйткені "немере қарындасымен отбасы құруға рұқсат" дегенді мүфтиаттағылар да жоққа шығармайды. Бірақ бұл мәселеде дәстүрге сүйенген абзал деген пікірде. 

“Данияр деген азамат Ақтөбе медресе колледжінде ұстаз болып жұмыс істеген. Алдында осындай бір мәселеге қатысты даулы сөздеріне қатысты оған ескертулер беріліп, шара қолданылған. Тіпті жұмыстан да босату орын алған еді. Ал енді ол кісінің жеке айтқан сөздері Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ресми пікірін, ұстанымын білдірмейді”, – деді бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сейітбеков.

Бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сейітбековтің пікірінше, шариғатта негіз болғанымен, қазақ халқының бұл мәселеде өз ерекшелігі бар.

"Қасиетті Құран Кәрімде мұсылман баласына Алла Тағала кімдермен үйленуге болмайтыны жайында нақты баяндап өткен. Сондықтан да біздің бабаларымыз ислам дінін қабылдағаннан кейін барып, сол Құранның, шариғаттың негіздері мен дәстүрін ұштастыра отырып, өзіндік бір ережені қалыптастырған. Сол себепті қазақ халқы жеті атаға дейін үйленуге өз арасында тыйым салған", — дейді Смайыл Сейітбеков.

Оның айтуынша, бұл қағиданың медициналық әрі тарихи негізі бар.

"Бұдан біз қалай сақтанамыз деген мәселе болған кезде бабаларымыз Жәнібек ханның шешіміне сәйкес "жеті атаға дейін үйленуге рұқсат жоқ" деген шешім шығарады. Содан бастап қазақ халқы басқа мұсылман елдерінен ерекшеленетін өзінің осы ұстанымы бар. ҚМДБ осы ұстанымда", – деді ол.

Генетик мамандар да туыстардың отбасы құруынан түрлі ауру бала дүниеге келетінін жасырмады. Туа бітті ауруға шалдыққан сәбилер сол күйі емделмей кетеді екен. Көбіне туыстық некеден туған бөбекте есту қабілеті болмайды дейді дәрігер.

“Әр адам – кез келген генетика өзгерісінің тасымалдаушысы. Тасымалдаушы адамда ол аурудың еш белгісі болмайды. Егер екі адамда бірдей сондай генетика мутациясының тасымалдаушысы болса, болашақ ұрпаққа ауру болып берілу ықтималы жоғары. Сол үшін туыстық некеде барлық бала ауру болып туады деген ұғым жоқ, дегенмен ықтималы жоғары”, – деді генетик дәрігер Алтынай Қожанова.

Басы дауға қалған Данияр ұстаз желідегі парақшасына жазба жариялады. Бұл оқиғаны ол қоғамда алауыздық тудыру үшін "әдейі жасалды" деп отыр. Ақиқатында өзі де жеті атаға толмай қыз алысуды құптамайтын көрінеді.

"Сөзімді бұрмаламаңыздар! Жеті атаға дейін қыз алыңдар, болады деген сөзім еш жерде жоқ. Керісінше, мен қарсымын дегенмін!", — деп жазды ол өз парақшасында.

Еске салайық, бұған дейін Данияр Кенжеұлы ер адамның гинеколог болуы харам екенін айтып, көптің талқысына түскен еді.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 28 Сәуір, 2026 08:50