Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Байлықтың жарысы": Қазақстандықтар құдалыққа миллиондап ақша жұмсап, киіт кигізуге қарсы шықты

құдалық киіт кигізу
Фото: ЖИ

Әлеуметтік желі қолданушысы қазір қазақстандықтар тойды жарысып жасайтыны, салдарына миллиондап шығынға бататыны туралы мәселені көтерді. Оның айтуынша, киіт алмасу, жемістер мен тәттілер толтырылған себеттерді, мәнсіз кәдесыйларды алып тастау керек. Stan.kz редакциясы шығыннан бас тартқандармен және этнографпен тілдесті.

Жазба авторы Сайран Хамзаның айтуынша, тойға барған сайын құдалардың киіт алмасқанын көреді. Ол мұны тойдағы ең мағынасыз шығындардың бірі деп атады. 

“Екі жақ та 2-4 миллион теңгеден жұмсайды. Сақина, кейін өлшемі келмей қалатын костюмдер, толған себет, азық-түлік, сыйлық жиынтықтары... Бірі екіншісіне сыйлық алады, екіншісі оған жауап ретінде сыйлық береді. Сөйтіп, миллиондаған теңгенің заты бір үйден екінші үйге өтеді. Оның үстіне, ол заттардың көбі кейін қажет болмай жатады. Ең қызығы, тойды ұйымдастырып жүрген құдалардың өзімен сөйлессең, көбі мұндай шығынға қарсы екенін айтады. Бәрі де оның қымбат әрі кейде қажетсіз екенін түсінеді. Бірақ ешкім бірінші болып "Осыны қойсақ қайтеді?" деп айта алмайды. Өйткені "ұят болады", "құдалар не ойлайды?", "бізді дұрыс түсінбей қалмай ма?" деп алаңдайды. Құдалықты неге қаржылық жарысқа айналдыруымыз керек? "Олар не сыйлады?", "Киіттің бағасы қанша болуы керек?", "Біз олардан арзан сыйлық бере алмаймыз" деген түсінік қайдан шықты”, – деп жазды автор.

Желі қолданушылары автордың бұл ойын қос қолдап қолдады. Құдалықтағы артық шығындарды ескінің сарқыншағы деп атады. 

"Қытайды байытуды тоқтату керек. Одан кейін жас жұбайлар несие төлеп өмір сүреді", "Ешқандай то керек емес. Ата-аналар жас жұбайлардың баспанасына ақша беруі керек. Қазір күн көріс қиын", "Киітсіз тек отбасына сыйлық береді. Себеттер мен тойбастарды алып тастау керек", "Орамалдар мен кәдесыйлар сөрелерде жатады. Қайда қоярыңды білмейсің", "Көңілі толмайтындар бәрібір табылады. Өлшемі келмей қалды, сапасыз, алтыны дұрыс емес дейтіндер көп", "Анам базарға барғысы келмейді. Тек ақша таратып берді", - деп жазды желі қолданушылары. 

“Тойдан бас тартып, құдалармен жастарға көлік алып береміз деп шештік”

Құдалықтағы негізсіз шығындары туралы астаналық Айгүл Ғалымжанова айтып берді. Ол өзіне “ұят болады”, “ел не дейді” деген таптаурындарды бұзған адамдардың қатарынанмын дейді. Айгүл қызы мен күйеу баласына тойдан бас тартып, көлік алып беруді ұсынған. Той мен құдалыққа қатысты көзқарасы 2017-2018 жылдары інісі мен сіңлісінің тойынан кейін өзгерген.

“Мен – отбасының тұңғышымын, інім мен сіңлім менен 6-7 жас кіші. Өкінішке қарай, әкемізден ерте айырылдық. Сөйтіп, жауапкершілік біртіндеп менің мойныма түсті. 2017 жылы інім үйленетін болды. Анаммен бірге оның болашақ жарының отбасымен танысып, тойдың және басқа да рәсімдердің жайын ақылдасуға бардым. Сол кезде олар қалыңмалға 1 миллион теңге сұрады. Мен бірден бас тарттым. Өйткені мейрамхана, көлік, асаба және басқа да шығындарды қоса есептегенде, Астанада той жасау оңай емес екенін түсіндім. Оның үстіне, мұның бәрін жалғыз өзім ұйымдастырып, шығынын көтеруім керек еді. "Қолыңнан келгенше ай сайын төлеп тұр, бірақ 1 миллион теңгені толық бер" деп қалың малды жылып та, қорқытып та сұрады. Мен не істерімді білмедім, өйткені мейрамханаға, асабаға және басқа да қызметтерге алдын ала төлем жасалып қойған еді. Қалыңдықтың көйлегі алынды, неке жүзіктері мен киіттің біразын дайындап қойдық. Бірақ келісімге келе алмаған соң тойды тоқтаттым. Алдын ала төлеген ақшамыздан айырылдық”, – дейді Айгүл.

Кейін сіңлісін ұзатқанда тойын жасап, құдалық өткізіп, жасауын қасық-шанышқысына дейін түгендеп апарып берген. Оған қоса, түрлі сыйлықтар да берілді дейді Айгүл. Бірақ неке сәтсіз аяқталып, ерлі-зайыптының ажырасумен аяқталған.

Осылайша ол жас жұбайларға керегі ақша емес олардың отбасы болып кетуі әлде қайда маңызды екенін айтады. Енді Айгүл жалғыз қызын ұзатқалы отыр. 

“Жалғыз қызым 19 жаста. Ол тұрмысқа шығатынын айтты, шешімін қабылдадым. Қазір ҚарМУ-дың 2-курс студенті. Мен оған ауданы 60 шаршы метр болатын, бизнес-класс санатындағы пәтер сатып алып бердім. Күйеу балам да оқып жүр. Жастар 2026 жылғы 14 қыркүйекте некелерін заңды түрде тіркеп, оқуларына кетті. Ал үйлену тойын 2027 жылдың қаңтарында, қысқы демалыс кезінде өткізуді жоспарлап отырмыз. Құдағи екеуміз мейрамхана іздей бастадық. Тойды екі жақ бірігіп өткіземз деп шештік. Мен жалғыз қызыма ерекше, әдемі әрі сән-салтанаты жарасқан той жасағым келеді. Ал олар менің көңілімді қалдырып аламыз ба деп қорқады. Өзім Hilton, Rixos President немесе Wyndham Garden деңгейінен төмен мейрамханаларды қарастырмадым. Шығындарды есептеп көрсек, киіт пен басқа да сән-салтанатқа арналған заттарды, яғни себеттер, қоржындарды қоспағанда, шамамен 15-16 миллион теңге шығады. Содан кейін келісімге келейік деп шештік”, – дейді Айгүл.

Құдалар арасында қонақтардың көптігі, “ұят болады” деген әңгіме сөз болған. Сөйтіп Айгүл жастарға көлік алып беруді ұсынған. Өйткені екеуінің де баспанасы бар. Құдалар Айгүлдің молшылықта өскен жалғыз қызы үшін сән-салтанатты тойды талап етеді деп ойлаған. Ал ол өзіне балалардың тату-тәтті өмір сүргені маңызды екенін айтқан.

“Маған орамал, бас киім, білезік және басқа да сыйлықтардың қажеті жоқ. Мұндай заттар балаларымызға бақыт әкелмейді. Мен жас отбасының ақша, баспана немесе күнделікті тұрмысқа қатысты мәселелерге бола ұрысып-керісуіне себеп болмаса екен деймін. Содан кейін балалармен сөйлестік. Олар  той жасағылары келмейтінін, орнына өздеріне жеке көлік алғылары келетінін айтты. Құдалар менің ұсынысымды қолдады. Нәтижесінде, 60 адамға арналған бірлескен құдалық өткізуге келістік. Себеттерді де бірге жинап, шығынды тең бөлісетін болдық. Ал киіткті естелік сыйлық ретінде қарастырып, 2027 жылы бір-біріміздің туған күндерімізде бөліп-бөліп сыйлауды ұсындым. Өйткені бір күнде бәрін сатып алып, қарызға батып, кейін екі жыл бойы бөліп төлеудің қажеті жоқ”, – дейді ол.

Оның айтуынша, көзбояушылық үшін шығындалып, ұзақ жылдар бойы несие төлеу жоспарда жоқ. 

“Құрбыларым мен әпке-сіңлілерім мен қаласам, дүркіретіп той жасай алатынымды біледі. Бірақ мен мұны қаламаймын. Өзіме тиесілі барлық жылжымайтын мүлікті осы екі балама қалдырамын. Бұл – олардың мұрасы. Ал оларға елге көрсету үшін жасалатын даңғаза тойдың қажеті жоқ. Қызымның қолында лимитсіз банк картасы бар. Қалағанын сатып алады, қалағанын жейді, қалаған жеріне барады. Соған қарамастан, ол той жасаудан бас тартып, оның орнына көлік алуды таңдады”, – дейді Айгүл.

Алайда қызының бұл шешімін Айгүлдің анасы қолдамаған. Тіпті ренжіген. Қария “туыстың алдында ұятқа қалдық” деп санайды.

құдалық киіт кигізу
Фото: Ашық дереккөз

 

“Күйеу баланың отбасынан бөлек 7-8 адамға алтын тақтық”

2020, 2023 жылдары екі қызын ұзатқан Айгүл Тайбаева барлық жоралғы жасалды, бірақ ысырапшылдық пен дарақылыққа жол бермедік дейді.

“Құдалықта бас құда мен құдағиға киім апарады. Отбасы мүшелеріне киіт кигізеді. Қазір жастардың отбасы мүшелеріне беретін киімдердің өлшемімен алмасады. Сол салт-дәстүрден таймай, қыздарымды ұзаттым. Тәттілер, жеміс-жидектер толы себетті де апардық. Ол жылдан-жылға жаңарып, жақсарады. Енді оны әр отбасы өз қалтасына қарай жасайды. Ол бір жағынан артық шығын болса, бір жағынан барған де қыздың артынан сөз ермесін, қатарынан қалмасын дейсің. “Ел-жұрт не айтады” дейтініміз тағы бар. Қазір алтынды да тек жастардың отбасы мүшелеріне береді. 2020 жылы күйеу баланың отбасынан бөлек 7-8 адамға алтын тақтық”, – дейді Айгүл.

Оның айтуынша, құдалық пен тойдан бас тартуға болмайды. Салт-дәстүрді сақтау, жөн-жоралғы жасалу керек дейді. 

“Карантин кезінде той жасағанда құдалық, киіт, жөн-жоралғы мен дастарханның бәрін қосқанда 2 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсадық. Одан артық шығын болмады. Қазақтың салт-дәстүрі болған соң ырымын жасаған дұрыс, бірақ екі жақ жарысып, ысырапшылдыққа жол бермеу керек деп санаймын. Екі қызда да құдалық жасадық, төсек орын апардық, есік көрсеттік, тұрмыста керек заттары мен ыдыс-аяғын жеткіздік. Көрпені де жұп емес, тақ қылып апарады дейді. 11 көрпесін, 7 жастығын апардық”, – дейді Айгүл Тайбаева.

“Ана сүті, әке күші, ағайын тоғыз, абысын тоғыз – дарақылық”

Осы тұста редакция қолөнер шебері, этнограф Бұлбұл Кәпқызы да қазақы тойда сыйлықтар беруді дарақылық деп атады. 

“Қазір құдалықта дарақылық, тіпті бұрын болмаған кәдесый жасалып жатыр. Бұрын қыздың қалыңмалы деп тек әкесіне ат мінгізген. Анасын сырға, жүзігін тағып, шапан жабады. Қазір ана сүті, әке күші дегенді қосып алдық. Мұның бәрі дұрыс емес, артық дүние, шығын. Қазақтың әдемі бір дәстүрі бар. Өлі-тірі деп аталады. Бұл қыз баланың өз үйінен бір жола аттануына байланысты дәстүр. Қыз ол астан дәм татпайды. Өлі-тірі бір қойдың бағасығ дастарханның үстіне қойылатын тәтті-дәмдінің түрі. Шайы, тұзы бар дегендей. Оның қалғаны дұрыс. Одан кейін “Ілу” деген дәстүр бар. Қыз жақ күйеу балаға деп бір шапан апарып іледі. Күйе бала да “мен осы үйдің бір мүшесі болдым” дейді. Ол “менің киімім сіздердің киімдеріңізбегн бірге босағада ілулі тұрады” деген мағына. Ол да дұрыс. Қалың мал – қыздың әкесіне мінгізген жылқысының құны. Бұл да қалу керек. Күйеу бала өз мәртебесі үшін ұсақ-түйек сый-сыяпатын жасаса жасар. Ал ана сүті, әке күші, ағайын тоғыз, абысын тоғыз – дарақылық”, – дейді этнограф.

Бұлбұл Кәпқызы қыздың артынан төсек орын, қоржын апаруды қолдағанымен, негізсіз шығынға батпаған жөн дейді.

“Қызға төсек орынның бір қабатын беру – ата-анаға парыз. Қазақ “алты жасында жинаса асады, жеті жасында жинаса жетеді” дейді. Төсек орынға қызға анасының өз қолымен жасап берген көрпе жабдықтары, бір қабат бұйымы ған кіреді. Біз қазір қыздың 10 жыл, төрт мезгіл киетін киімін алып береді. Бұл дұрыс емес”, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.

Сондай-ақ ол жастардың тойы туралы ақылдасатын үлкендердің кеңесін де ауықымды шараға айналдырып алғанын атап өтті.

“Екі жақ құдандаласқанда екі жақ тарап кездесін, балалардың рәсімін қалай өткіземіз деп ақылдасады. Қазір мұны тәтті шәй деп өзгертіп алған. Бұрын екі абысын ақылдаса салатын дүниені әулетпен әулет қосылып, шай ішіп, оған ансамбль әкеліп, мейрамханада жасайтын болған. Шағын дүниені үлкен шығынға ұластырып алды. Ол кеңестің өзіне көп қаражат кетіп қалады. Осылайша, өзіміз бәрін күрделендіріп алдық. Осыла жасайтын жоралғымыз көп болған соң бұл жастардың үйленуіне де әсер етіп жатыр. Жігіттер үйленбе, қыздар тұрмысқа шықпай жүр”, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.

Stan.kz
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 09:00