Алматыдағы қымбат капсула үйлер демалушыларды шошытты: Қонақтар қоқыс пен нәжіске шағымданды
Алматыдағы Apple Resort демалыс орны әлеуметтік желіде сынға қалды. Келушілер қызмет көрсету сапасына, санитарлық талаптар сақталмай жатқанына шағымданса, бұрынғы қызметкерлер жалақы мәселесін көтерген. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Демалыс орнының бағасы мен қызмет сапасы сынға қалды
Әлеуметтік желі қолданушылары демалыс орнының бағасы мен қызмет көрсету сапасына қатысты мәселе көтерді. Жарнамада демалыс үйлерінің бағасы 39 мың теңгеден басталатыны көрсетілген. Алайда келушілердің айтуынша, баға біршама жоғары: жұмыс күндері капсулалы үй – 48 мың, үлкен үй – 95 мың теңге болса, демалыс күндері бұл баға тиісінше 60 мың және 132 мың теңгеге дейін өседі.
Желі қолданушының сөзінше, үйлер мен мейрамхананың жағдайы, тамақ сапасы және қызмет көрсету көңілінен шықпаған.
"Инстаграмдағы парақшасы – әдемі көзбояушылық қана. Капсулалы үйін, лас мейрамханасын да көздің жауын алатындай етіп көрсетіп қойған. Жақында Apple Resort демалыс орнында болдым. Сапасыз құрылысқа, дәмсіз тамақ пен сұмдық қызметке қайран қалдым. Осыған қарамастан, бір үйдің бір күндік жалдау бағасы 75–95 мың теңге аралығында.
2GIS-тегі пікірлер де жағымсыз. Соған қарамастан, адамдар әлі де ағылуда. Себебі біз сапасыз қызметке бой үйретіп алғанбыз. Тіпті ақшамызды төлеп тұрып, сапасыз қызмет пен дөрекі қарым-қатынасқа өзімізді айыпты сезінетін күйге жеттік", – деп жазды желі белсендісі.

Ал тағы бір желі қолданушысы арнайы видео түсіріп, демалыс орнындағы антисанитарияны әшкереледі. Оның айтуынша, ресепшнде қолданылған жөргектер мен қоқыстар шашылып, сасып тұр.
"Apple Resort-тың ресепшні-ай... Сұлулығын-ай, не деген сұлулық! Мүңкіп тұр. Жерде қолданылған жөргектің қалдықтары шашылып жатыр. Бұл не сұмдық?! Мынаны қараңыздаршы, толықтай ластанған қоқыс ұясы! Жерде лас нәжіс жатыр. Мынау бірінші, мынау екінші, ал мынау үшінші нәжіс. Қызметкерлері қайда қарап отыр?! Негізі бұл – люкс қонақүй ғой! Ал бұл – ас үйі. Бізді осы өте лас асханада әзірленген тамақпен тамақтандырмақ болды. Ал кірер жолда электр кабелі жатыр. Бөлме ішіндегі электр сымдары, тіпті төсек астынан шығып тұр, оқшаулағыш лентамен де оралмаған. Төтенше жағдайлар қызметі, назар аударыңыздаршы! Бұл өте қауіпті! Ресепшнде қоқыс шашылып жатыр. Бар дауысыммен СЭС-ті көмекке шақырғым келіп тұр!", – деді бейнежазба авторы.

Ал Apple Resort-тің Instagram парақшасындағы пікірлердің бірінде қолданушы мейрамхана террасасының көрінісіне қатысты сын айтқан.
“Демалушылар мейрамхана террасасына шыққанда табиғаттың сұлулығына тамсануы керек емес пе?! Ал мұнда үйілген қоқыс”, – деп жазды желі қолданушысы.
2026 жылғы 19 ақпанда желі қолданушысы өзін Apple Resort-тің бұрынғы қызметкері ретінде таныстырып, қараша айы мен желтоқсанның бір бөлігі үшін жалақысын әлі алмағанын жазған.
“Осы мекеменің бұрынғы қызметкері ретінде айтарым, істеген еңбегімнің ақысын әлі күнге дейін алған жоқпын. Қараша айы мен желтоқсанның бір бөлігінде жұмыс істедім. Жалақыны кешіктіре бастаған кезде бір күмәнді жағдай барын түсініп, жұмыстан кеттім. Мен контент жасаушымын. Zvezdnaya.hotel, @piktalgar_eco_village, @natureview_almaty, almacampkz сияқты орындарға түсірілім жасадым. Солардың ішінде Apple Resort-ты ең соңғы орынға қояр едім. Себебі қызмет көрсету сапасы, қызметкерлерге деген қарым-қатынас және басшысының басқару тәсілі көңілден шықпады”, – деді.
Оның айтуынша, жалақының кешіктірілуіне байланысты жұмыстан кеткен. Ал 2026 жылғы 5 сәуірде тағы бір желі қолданушысы да осы демалыс орнына қатысты жалақы мәселесін көтеріп, мұнда жұмысқа орналасу кезінде сақ болуға шақырған.

Тағы бір қолданушы Apple Resort жұмысына қатысты инвесторлар арасында дау бар екенін жазған.
Оның айтуынша, жобаға қомақты қаражат салған таныстары бар. Қолданушы инвесторлар пайда табудың орнына нысан иесімен соттасып жүргенін мәлімдеген. Кейінгі пікірінде ол инвесторлардың осы іске қатысы бар адамдарға қатысты арыз түсіріп жатқанын айтқан.
"Бұл нысандағы берекесіздіктің себебі – оның иесінің СИЗО-да отырғаны. Ол осы жобаға қомақты қаржы салған көптеген инвестордың, соның ішінде менің таныстарымның да ақшасын алған. Алайда олар жалға берілетін осындай шағын үйлерден пайда табудың орнына, иесімен соттасуға мәжбүр болып отыр. Бұл бассыздыққа әлдеқашан тосқауыл қойылуы керек еді. Бәлкім, құзырлы органдардың ішінде де бұған мүдделі адамдар бар шығар. Менің білуімше, инвесторлар қазір осы нысаннан пайда көріп отырғандардың барлығына қатысты арыз түсіріп жатыр. Сондықтан бұл жағдай елеусіз қалмайды деп ойлаймын", – деп жазды желі қолданушысы.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, "APPLE RESORT" ЖШС-і 2023 жылғы 13 қыркүйекте тіркелген, ал компания басшысы – Түрымбетова Айжан Оспанқызы. Кәсіпорын 2024 жылы бюджетке 687 396 теңге, ал 2025 жылы 3,6 миллион теңгеден астам салық төлеп, екі жылда мемлекет қазынасына 4,28 миллион теңгеден астам қаржы аударған.
Соған қарамастан, Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, компанияның салықтық берешегі бар. Төрт айдан астам уақыт бойы өтелмей келе жатқан бұл қарыздың жалпы көлемі 847 526 теңгені құрайды, оның 624 654 теңгесі – негізгі қарыз болса, 222 872 теңгесі – өсімпұл.
СЭС не дейді?
Stan.kz редакциясы Apple Resort-ке қатысты санитариялық талаптардың сақталуы жөнінде Медеу ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына сауал жолдады. Басқарманың жауабына сәйкес, нысанға қатысты жеке тұлғадан E-Otinish платформасы арқылы ресми өтініш түскен.
"Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, сенімді негіздер мен растайтын дәлелдер болған кезде заңбұзушылықтар туралы жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіледі", – делінген басқарманың жауабында. Сондай-ақ басқарма бұған дейін Apple Resort-ке қатысты жеке және заңды тұлғалардан өтініш түспегендіктен, нысанда тексеру жүргізілмегенін хабарлады.
Санитариялық талаптар бұзылса, не болады?
Басқарма мәліметінше, жоспардан тыс тексеру барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталса, нысан иесіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік шара қолданылады. Apple Resort шағын кәсіпкерлік ретінде тіркелген. Демек 160 АЕК (692 000 теңге) айыппұл көзделген.
Ал демалыс орнының жұмысын уақытша тоқтату мәселесі анықталған бұзушылықтардың сипаты мен қолданыстағы талаптарға байланысты шешіледі. Басқарма мұндай жағдайда Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-152 бұйрығында көзделген талаптар ескерілетінін мәлімдеді.
Тексеру кезінде кемшіліктер анықталса, оларды жоюға берілетін мерзім де заң талаптарына сай белгіленеді. Кәсіпкерлік кодекстің 152-бабының 7-тармағына сәйкес, нұсқаманы орындау мерзімін анықтағанда бұзушылықтарды жоюдың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайлар ескеріледі.
Қоқыс пен кәріз жүйесі арнайы бақылана ма?
Редакция Алматының таулы аймақтарындағы демалыс орындарында септик, кәріз жүйесі және қоқыс шығару тәртібінің қалай бақыланатынын да сұрады.
Басқарманың жауабына сәйкес, мұндай нысандарға қатысты арнайы мониторинг жүргізу қарастырылмаған. Азаматтардан санитариялық талаптардың бұзылуы туралы өтініш түскен жағдайда, мәселе жоспардан тыс тексеру арқылы қаралады.
Apple Resort-те қатты тұрмыстық және сұйық қалдықтарды шығаратын ұйымдармен келісімшарттың бар-жоғы да тексеру барысында анықталуы мүмкін.
Санитариялық талаптардың бұзылғанын байқаған азаматтар E-Otinish платформасы арқылы немесе нысан орналасқан аумаққа жауапты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жазбаша өтініш бере алады. Өтінішке демалыс орнының толық атауын, сәйкестендіру деректерін, фотосуреттерді, бейнежазбаларды, түбіртектерді және өзге де растайтын материалдарды қоса тіркеу қажет.
Stan.kz редакциясы Apple Resort басшылығымен байланысып, әлеуметтік желіде жарияланған шағымдар, бұрынғы қызметкерлердің жалақыға қатысты мәлімдемелері және инвесторларға қатысты пікірлер бойынша сауал жолдады. Алайда материал жарияланғанға дейін демалыс орны өкілдерінен жауап түскен жоқ.