Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде Неке сарайында көз жұмған әйел көпбалалы ана болып шықты

әйел өлім
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбеде Неке сарайында адам қолынан қаза тапқан әйелдің артында 4 баласы қалды. Олардың екеуі күдікті ретінде танылған ер адаммен ортақ балалары. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға ата-ана құқығына қатысты туындаған дау себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қайғылы оқиға кеше түскі уақытқа қарай болған. Неке қию сарайының ғимаратында ер адам келушілердің көзінше әйелді пышақтап кетті. 

Полицияның мәліметінше, күдікті – марқұмның бұрынғы күйеуі. Олар шамамен үш жыл бірге тұрған. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты туындаған. Ер адам оқиға орнында ұсталып, қазір уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Әйелдің қазасынан кейін екі баласы уақытша балалар үйіне орналастырылған. Ал қалған екі баланың қазіргі жағдайы туралы әзірге ресми ақпарат жоқ.

Ақтөбе облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаевтың айтуынша, екі кәмелетке толмаған бала отбасылық жағдайларға байланысты "Үміт" балалар үйіне орналастырылған. Сондай-ақ ол бұл жағдайдың облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мен құзырлы органдардың бақылауында екенін атап өтті.

Бұған дейін Ақтөбедегі Неке сарайында 26 жастағы қызды өлтіріп кеткені туралы жазған едік. 

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 08:07