Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемдегі ең бай 10 адам бір айда 273 миллиард доллар жоғалтты: Бұған не себеп

Илон Маск
Фото: ALI HAIDER / TASS

Әлемдегі ең бай он адамның жалпы байлығы бір айда 273 миллиард долларға азайып, 2,8 триллион долларға дейін төмендеді. Бұған технологиялық компаниялар акцияларының арзандауы және жасанды интеллектіні дамытуға кететін шығындарға қатысты алаңдаушылық себеп болған. Ең көп шығынға ұшыраған – Tesla мен SpaceX негізін қалаушы Илон Маск. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Forbes дерегінше, 1 қарашадағы жағдай бойынша әлемдегі ең бай он адамның сегізінің байлығы азайған. Тек Microsoft-тың бұрынғы басшысы Стив Балмер мен инвестор Уоррен Баффеттің капиталы өскен.

Илон Маск бір айда 68 миллиард доллар жоғалтты

Байлығы ең көп азайған миллиардер – Илон Маск. Оның капиталы бір айда 68 миллиард долларға қысқарып, 869 миллиард долларға дейін түскен. Бұған SpaceX компаниясының акциялары 11%-ға арзандауы себеп болған. Бұл компания Маск байлығының шамамен 80%-ын құрайды. Tesla акциялары керісінше 13%-ға қымбаттағанымен, SpaceX-тегі шығынның орнын толтыра алмаған.

Екінші орында Google негізін қалаушылардың бірі Ларри Пейдж тұр. Оның байлығы 53 миллиард долларға азайып, 233 миллиард долларға түскен. Ал Сергей Брин 49 миллиард доллар жоғалтып, капиталы 214 миллиард доллар болған. Бұл Alphabet компаниясы акцияларының бір айда 18%-дан астам арзандауымен байланысты.

Dell Technologies негізін қалаушы Майкл Делл мен Meta басшысы Марк Цукербергтің байлығы да 40 миллиард доллардан қысқарған. Қазір Деллдің капиталы 229 миллиард доллар, ал Цукербергтікі 211 миллиард доллар деп бағаланып отыр.

Nvidia негізін қалаушы Дженсен Хуанг 22 миллиард доллар жоғалтып, байлығы 178 миллиард долларға дейін азайған. Oracle негізін қалаушы Ларри Эллисонның капиталы 8 миллиард долларға қысқарып, 172 миллиард доллар болған.

Amazon негізін қалаушы Джефф Безостың да байлығы 8 миллиард долларға азайған. Соған қарамастан, 361 миллиард доллар капиталымен ол әлемдегі ең бай адамдар рейтингінде екінші орында тұр.

Тек екі миллиардердің байлығы өсті

Бір ай ішінде алғашқы ондықтағы екі адамның ғана капиталы артқан. Microsoft-тың бұрынғы бас директоры Стив Балмердің байлығы 1 миллиард долларға өсіп, 162 миллиард долларға жеткен. Бұған Microsoft акцияларының 2%-ға қымбаттауы әсер еткен.

Ал инвестор Уоррен Баффеттің капиталы 13 миллиард долларға артып, 154 миллиард доллар болған. Бұл Berkshire Hathaway компаниясының акциялары 9%-ға өсуімен байланысты.

Әлемдегі ең бай 10 адам кім?

  1. Илон Маск – 869 миллиард доллар;
  2. Джефф Безос – 361 миллиард доллар;
  3. Ларри Пейдж – 233 миллиард доллар;
  4. Майкл Делл – 229 миллиард доллар;
  5. Сергей Брин – 214 миллиард доллар;
  6. Марк Цукерберг – 211 миллиард доллар;
  7. Дженсен Хуанг – 178 миллиард доллар;
  8. Ларри Эллисон – 172 миллиард доллар;
  9. Стив Балмер – 162 миллиард доллар;
  10. Уоррен Баффет – 154 миллиард доллар.

Технологиялық компаниялардың қаржылық нәтижелері инвесторлардың көңілінен шықпауы және жасанды интеллектіні дамытуға жұмсалатын шығындардың өсуіне қатысты алаңдаушылық акция нарығына әсер еткен. Соның салдарынан технологиялық компаниялар басым Nasdaq индексі бір айда шамамен 5%-ға төмендеген.

Дегенмен миллиардерлердің байлығы азайды деген сөз олардың аталған соманы қолма-қол жоғалтқанын білдірмейді. Forbes есебіндегі капиталдың едәуір бөлігі компаниялар акцияларының құнына байланысты. Акция арзандаса, олардың жалпы байлығы да қағаз жүзінде төмендейді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы құны 2 миллиард долларға бағаланған вольфрам жобасында Дональд Трамптың ұлдарының да үлесі бар екенін жазған едік.

Айнура Дарибаева
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 10:25