Қазақстандықтар Pinco мен Pin-Up ұйымдастырушыларына қатысты ақпарат үшін сыйақы ала алады
Қаржы мониторингі агенттігі Pinco және Pin-Up интернет-казиноларына қатысы бар екі адамды іздестіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігі қазақстандық қолданушыларға бағытталған Pinco және Pin-Up интернет-казиноларының заңсыз қызметін ұйымдастырды деген күдікке ілінген екі шетел азаматына іздеу жариялады. Олар Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен Украина азаматы Марина Ильина. Екеуіне де қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленген.
Агенттік мәліметінше, күдіктілер заңсыз ойын бизнесін жүргізу үшін бақылауындағы компаниялардан, төлем ұйымдары мен банк құралдарынан тұратын халықаралық инфрақұрылым құрған.

Қазақстандағы схеманың бір бөлігі ретінде PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік қызмет көрсетуге лицензия алған "Бонами" ЖШС пайдаланылған. Алайда тергеу нұсқасына сәйкес, заңды букмекерлік бизнес интернет-казино қызметін жасыру үшін қолданылған.

Қаржы ағындарын қамтамасыз ету мақсатында төлем ұйымдары, ресми түрде ғана басшы саналатын тұлғалар мен банк терминалдары желісі пайдаланылған. Бұл жүйені іске қосуға қаржы секторы өкілдері де көмектескен деген күдік бар.
Осылайша, түрлі банктер мен қаржы ұйымдарында 24 төлем терминалынан тұратын желі құрылған. Оның 14-і ақша қабылдау үшін пайдаланылған.
Агенттік дерегінше, заңсыз қаржы операцияларының жалпы көлемі 106 миллиард теңгеден асқан.

Pin-Up букмекерлік кеңсесі Кипрде тұратын Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен оның жұбайы Марина Ильинаға тиесілі.
Қаржылық мониторинг агенттігі іздеуде жүрген Дмитрий Пунин мен Марина Ильинаның қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан +7 7172 70 84 78 нөмірі арқылы кезекші бөлімге хабарласуды сұрайды.
Еске салайық, бұған дейін Астанада заңсыз онлайн-казинолардан түскен ақшаны заңды букмекерлік кеңселердің төлемдері ретінде көрсетіп, аударып отырған топ әшкереленді. Тергеу мәліметінше, бұл схема арқылы 188 миллиард теңгеден астам қаржы өткен. Күдіктілердің арасында банк саласының өкілдері де бар.
"Өзімнен 5 жас үлкен әйел мені асырағысы келді": Актер Олжас Тоғымбет жеке өмірі туралы ашық сұхбат берді