Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жануарларға арналған панажай иесін өлтірді деген күдікті ұсталды

Владимир Тепляков
Фото: "Время" басылымы / Владимир Тепляков

Алматы облысында бұралқы жануарларға арналған Dog House "Твардовский дом" панасының иесі Владимир Тепляковты өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды. Ол қазір қамауға алынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталған.

"Тергеу аясында ұсталған адамның кісі өлтіруге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Қылмыстық істің барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтау үшін қажетті шаралар жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция күдіктінің аты-жөні мен оны ұстауға қатысты өзге де мәліметтерді тергеу құпиясына байланысты жарияламады.

Сондай-ақ қылмыстық істің тергелу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екені айтылды.

Панажай иесінің өлімі туралы не белгілі?

Владимир Тепляковтың қаза болғаны туралы ақпарат алғашында әлеуметтік желілерде тараған. Оның таныстары көңіл айтып, кейін ер адамның өлтірілгені туралы жазбалар жариялана бастаған. Кейбір мәліметтерде оның денесінен оқ жарақаттары табылғаны айтылды.

7 қазанда полиция кісі өлтіру дерегін растап, сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған.

Ер адам қайтыс болғаннан кейін оның панажайында 90-ға жуық ит қараусыз қалған. Әлеуметтік желілерде жануарлардың далада, қажетті күтімсіз қалғаны туралы ақпарат тарады. Осыдан кейін еріктілер мен жануарларды қорғаушылар иттерге жаңа иесін іздеуге кіріскен.

27 қазанда Алматыдағы "Дос" панасы Владимир Тепляковтың қарауында болған 41 итті өз қамқорлығына алғаны белгілі болды. Бұл туралы еріктілер Instagram парақшасында хабарлады. Ал қалған жануарларды әлеуметтік желідегі мәліметтерге сәйкес, тұрғындар үйлеріне алып кеткен.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 11:24