Фельдшерден қандықол қылмыскерге дейін: Өскеменді үрейде ұстаған Сергей Яровой деген кім
Бір кездері ауруханада фельдшер болып жұмыс істеген Сергей Яровой кейін бірнеше адамның өмірін қиған қатыгез қылмыскерге айналды. Ол түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққан соң Өскемен мен қала маңында әйелдерге шабуыл жасаған. Олардың арасында небәрі 8 және 16 жастағы екі қыз да болған. Құрбандарын адам аяғы сирек жүретін жерлерден аңдыған Яровойдың қылмыстары екі жылға жуық уақыт бойы жалғасты. Полиция оны қалай қолға түсірді, тергеу кезінде қандай сұмдық жайттар белгілі болды? Бұл туралы Stan.kz материалында.
Әскерге барып, фельдшер мамандығын алған: Екі баланың әкесі қалай қылмыскерге айналды?
Сергей Яровой 1963 жылы дүниеге келген. Оның туған жері туралы деректерде екі түрлі ақпарат кездеседі. Бірінде Алматы облысындағы Қаскелең қаласы, екіншісінде Қарағанды облысындағы Балқаш қаласы көрсетілген. Бала кезі мен өскен ортасы туралы мәлімет аз. Белгілісі, ол сегізінші сыныпты аяқтаған соң Алматыға көшіп, медициналық училищеге оқуға түскен.
Алайда оқуын бірден аяқтай алмады. 1981 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтегеннен кейін Алматыға оралып, оқуын жалғастырды. Кейін медициналық техникумды фельдшер мамандығы бойынша бітіріп, қаладағы ауруханалардың біріне жұмысқа орналасқан. Сол кезде оны әріптестері мен басшылары жақсы маман ретінде таныған. Яғни, айналасындағылар үшін ол медициналық білімі бар, ауруханада жұмыс істейтін қарапайым қызметкер болған.
1980 жылдардың ортасында Яровой Елена есімді әйелге үйленіп, көп ұзамай екі балалы болады. Алайда отбасылық өмірі ұзаққа созылмады. Әйелінің деректеріне сай, екінші баласы дүниеге келгеннен кейін оның мінез-құлқы мен психологиялық жағдайы өзгере бастаған. Ол эротикалық суреттер мен бейнематериалдарды жинап, оларға әуестенген.
“Ол ашушаң, тіпті қатыгез бола бастады. Бәріне бірдей өшігіп жүргендей көрінетін. Бұрын оның дөрекілік танытқанын ешқашан байқамаған едім. Ал кейін құдды басқа адам болып кеткендей”, – деді Елена полицияға берген жауабында.
Әйелінің айтуынша, 1989 жылы Яровой одан жыныстық қатынаста өзі қалаған оғаш әрекеттерді талап ете бастаған. Елена бұған келіспей, балаларын алып, онымен ажырасып кеткен. Осы оқиғадан кейін Яровойдың отбасылық өмірі аяқталды.
Алғашқы қылмыс: Бірінші әйелді зорлап, екіншісін өлтірген
Елена балаларын алып, Яровойдан кеткеннен кейін оның өмірі де күрт өзгерді. Ол ауруханадағы жұмысынан шығып, бұрынғы қалыпты тіршілігінен алыстай бастады. Ашық деректерде осы кезеңде Яровойдың ішімдікке салынып, тұрақты жұмысы мен баспанасы жоқ, қоғамнан оқшауланған өмір салтын ұстанғаны айтылады.
Алайда оның өміріндегі бұл өзгерістер көп ұзамай одан да ауыр оқиғаларға ұласты. Сергей Яровой алғаш рет 1990 жылы қылмыс жасады. Ол кезде 27 жаста болған және Алматы облысындағы Боралдай ауылында тұрған. Сол жылы ауыл аумағында әйелге шабуыл жасап, оны зорлаған. Қылмысы әшкереленіп, сот алдында жауап берген Яровой үш жылға бас бостандығынан айырылды.
1993 жылы жазасын өтеп шыққан соң Боралдайға қайта оралды. Алайда түрмеде өткізген уақыты оны қылмыстан тоқтата алмады. Бостандыққа шыққанына көп уақыт өтпей, 1994 жылы тағы бір әйелге шабуыл жасап, оны зорлап, кейін өлтірді. Бұл жолы қылмысы үшін 15 жылға сотталды.
Жазасын өтеу үшін Яровойды Өскемен қаласындағы №30 түзету колониясына жіберді. Осылайша, оның қылмыстық тарихындағы алғашқы екі іс те зорлық-зомбылықпен байланысты болды. Ал екінші қылмысы адам өлімімен аяқталған.

Өскемендегі қылмыстардың басталуы: Альфия есімді әйел қалай жоғалды
Сергей Яровой 2004 жылы түрмеден мерзімінен бұрын босап шықты. Ол Өскеменде қалды. Кейін анасы да Алматы облысынан көшіп келіп, онымен бірге тұра бастаған. Яровой қала ішінде бірнеше рет қоныс аударған: бірде Опытное поле кентіндегі жер үйде, бірде Защита ауданындағы шағын пәтерде тұрған. Облыс прокуратурасының өкілі оның тұрақты жұмысы болмағанын, анда-санда табыс тауып күн көргенін айтқан.
"Мұны үй деп айтуға да келмейтін. Тар, қуықтай ғана бөлме еді. Әрине, онымен араласқысы келетін туыстары көп болмаған. Тек анасы ғана оны тастап кетпеді. Алайда әйелдің психикалық дертке шалдыққаны байқалған, оған медициналық көмек қажет болған. Яровой мен анасының зат жинауға деген әуестігі тіпті әдеттен тыс деңгейге жеткен. Үйдің іші нағыз қоқыс алаңына айналған. Сергей бостандықта жүрген кезінде үйге анда-санда азын-аулақ ақша әкеліп тұрған. Алайда ол қамауға алынғаннан кейін де анасы өзі тұратын қараңғы әрі жүдеу үйден кетпеген", – деді облыс прокурорының көмекшісі Мұрат Омарғазин.
Бірақ бостандыққа шыққаннан кейін арада көп уақыт өтпей, Яровой қайтадан адам өлтірді. Тергеу материалдары мен сол кездегі журналистік зерттеулерге сүйенсек, оның Шығыс Қазақстандағы алғашқы белгілі құрбаны – Альфия есімді әйел. Оқиға 2006 жылдың тамызында Өскемен теміржол вокзалы маңында, Шмелев Лог кентіне апаратын жолда болған.
Сол күні Альфия үйіне қарай асығып келе жатқан. Жол бойы адам аяғы сирек жүретін, айналада оған көмектесетін ешкім болмаған. Әйел артынан біреудің келе жатқанын кеш естіп, жалт қараған сәтте Яровой оған тап берген. Ол жәбірленушіні теміржол маңындағы бұталардың арасына сүйреп апарған. Кейін тергеу кезінде Яровойдың айтуынша, сол жерде қолына темір шыбық түскен. Ол әйелді алдымен сол затпен есінен тандырған, кейін бірнеше рет ұрып өлтірген. Мәйітін жақын маңдағы шұңқырға тастап, үстін бұтақтармен және топырақпен жапқан.
Бұл оқиға кейін тергеушілер үшін Яровойдың Өскемендегі қылмыстарының басталу нүктесіне айналды. Шығыс Қазақстан прокуратурасының өкілі Мұрат Омарғазин 2010 жылы журналистерге берген сұхбатында осы шабуылды облыс аумағында тіркелген алғашқы эпизод деп есептейтіндерін айтқан. Оның сөзінше, бұдан кейінгі қылмыстар да ұқсас тәсілмен жасалған.
Яровой құрбандарын көбіне адам аз жүретін жерлерден іздеген. Тергеу деректерінде оның жалғыз келе жатқан әйелдерді аңдып, артынан шабуыл жасайтыны, темір затпен немесе басқа да ауыр затпен ұрып, кейін зорлық көрсететіні жазылған. Қылмыстардың бірінде темір шыбық қолданса, басқа оқиғаларда тас пайдаланған. Ол жәбірленушілердің денесін қылмыс болған жерден алыс емес аумақтарға көміп немесе жасырып отырған.

"Марғауларды көрсетемін" деп алдаған: 8 жасар Ираның денесі тек екі жылдан кейін табылды
2007 жылдың жазында Өскеменге жақын орналасқан Опытное поле кентінде сегіз жастағы Ирина Шерстобаева жоғалып кетті. Қыз үйінің ауласында жүрген. Бір кезде оған бейтаныс ер адам жақындап, марғауларды көрсететінін айтып, соңынан ерткен. Кішкентай Ирина оның сөзіне сеніп, бірге кетеді. Бірақ сол күні үйіне қайтып оралмады. Кейін белгілі болғандай, қызды алдап алып кеткен адам – бұрын зорлау мен адам өлтіргені үшін сотталған Сергей Яровой еді.
Яровой қызды өзімен бірге алып кеткен соң, оған зорлық көрсетпек болған. Тергеу материалдарына сүйенген жергілікті басылымдардың жазуынша, ол Иринаны үйіне немесе қараусыз қалған саяжайдағы құрылыстардың біріне апарған. Оқиғаның нақты орны жөнінде жарияланымдарда айырмашылық бар. Алайда барлығында да қыздың қылмыскердің қолына түскені, қарсылық көрсетіп, айқайлағаны айтылады. Яровой оны босатудың орнына тұншықтырып өлтірген. Ол оның денесін жасырып, қылмысын ешкім білмейтіндей әрекеттер жасаған. Иринаның денесі тек екі жылдан кейін қылмыскер ұсталғаннан кейін ғана табылды.
Қыздың жоғалғаны туралы хабар Опытное поле тұрғындарын дүрліктірді. Оны іздеуге туыстары ғана емес, кент тұрғындары да қатысты. Бірақ қанша іздегенімен, Иринаның ізі табылмады. Сегіз жастағы Ирина Шерстобаеваны өлтіргеннен кейін Сергей Яровой араға бірнеше күн салып, тағы бір қызға шабуыл жасады. Бұл жолы оның құрбаны 16 жастағы мектеп оқушысы Екатерина Злыдарева болды. Тергеу нұсқасы бойынша, Яровой қызды өлтіріп, денесін жасырып кеткен. Екатеринаның да денесі екі жылдан кейін табылды. Яровой қылмысты мойындағаннан кейін тергеу кезінде құрбандарының мәйіті көмілген жерлерді көрсетті.

Қыздардан кейінгі шабуыл: Қылмыскердің қолынан қашып шыққан Наталья
Ирина мен Екатерина жоғалғаннан кейін полицияға тағы бір үрейлі ақпарат түсті. Опытное поле кентінен Прохладное елді мекеніне дейінгі аумақта үш әйелге шабуыл жасалған. Қылмыскер оларды зорлағанымен, үшеуі де тірі қалған. Әйелдердің полицияға берген жауаптары негізінде күдіктінің фотороботы жасалды. Тергеушілер осы шабуылдар мен екі қыздың жоғалуын бір адамның әрекеті болуы мүмкін деп қарастыра бастады.
Тірі қалғандардың бірі – Наталья Ушакова. Кейін ол тергеу барысында Яровойды бірден танығанын айтқан. Әйел қылмыскер шабуылдаған кезде одан өзін өлтірмеуін өтініп, жалынуға мәжбүр болған. Яровой болса, оған үйленетінін айтып, түрлі уәде берген. Бірақ артынша мінезі күрт өзгеріп, әйелдерге деген өшпенділігін ашық білдірген.
Наталья сол сәтті кейін журналистерге былай деп баяндап берді:
"Мен бірден оның басында бірдеңе дұрыс емес екенін түсіндім. Оны көндіруге, жалынуға тырыстым. Ол тіпті маған үйленетінін де айтты. Ал шабуыл жасаған кезде: “Бәріңді өлтіру керек, сендерге сенуге болмайды, бәрің бірдейсіңдер!” деп айқайлады. Бұл сөздерді өмір бойы ұмытпаймын. Кейін беттестіру кезінде оны бірден таныдым. Даусынан таныдым. Өзімнің қалай қашып құтылғанымды әлі түсіне алмаймын", – деген Наталья.
Натальяның бұл көрсетілімі тергеу үшін маңызды болды. Өйткені ол Яровойды көргенін ғана емес, оның даусын да есте сақтаған. Кейін беттестіру кезінде күдіктіні еш күмәнсіз таныған. Ол полицияға алғаш болып арызданған әйелдердің бірі болған.
Мұнымен қылмыс тоқтамады: Тағы үш құрбан
Арада бірнеше ай өткен соң Яровой тағы бір әйелге шабуыл жасады. Оқиға Өскемендегі "Защита" теміржол станциясының маңында болған. Кешкі уақытта әйел үйіне асығып, пойызға үлгеруге тырысып бара жатқан. Яровой оны байқап, соңынан ерген. Адам аяғы сирек жүретін жерде әйелді қуып жетіп, жерге құлатқан.
Бірақ жәбірленуші бірден беріле қоймады. Ол бар күшімен қарсылық көрсетіп, екеуі теміржол үйіндісінен төмен қарай домалап кеткен. Төменге түскен соң Яровой әйелдің аузын қолымен басып, үстіне мінген. Кейін оны таспен ұрып есінен тандырған. Одан соң зорлық көрсетіп, өлтірген. Әйелдің денесін сол маңға жасырған.
Яровойдың қылмыстары 2008 жылы да жалғасты. Сол жылдың жазында Опытное поле кентінің маңында аз уақыт аралығында екі әйелді өлтірген. Құрбандарының бірі – 16 жастағы жасөспірім қыз, екіншісі – 30 жастағы әйел. Бұл қыз Екатерина Злыдарева емес, одан кейінгі кезеңде қаза тапқан басқа құрбан.
Осылайша, Яровойдың қылмыстары бір ғана елдімекенмен шектелмеген. Ол Өскемен мен қала маңындағы иесіз аумақтарды, теміржол жолдарын, адам аз жүретін жерлерді пайдаланған. Кейбір құрбандары оның қолынан қаза тапса, Наталья Ушакова сияқты әйелдер айламен аман қалған. Ал полицияға түскен алғашқы арыздар мен кейінгі куәліктер осы қылмыстардың бір адамның әрекеті екенін анықтауға көмектесті.


Жеті адамның өліміне қатысы бар: "Қанды фельдшер" қалай ұсталды?
Сергей Яровойдың қылмыстарының беті 2009 жылдың жазында ашыла бастады. Ол кезде полиция Өскемен мен оған жақын елді мекендерде жоғалып кеткен әйелдер мен қыздардың істерін тергеп жатқан. Ал Яровой болса, Алматыға кетіп қалған еді.
Оны Алматыда тағы бір қызға шабуыл жасағаннан кейін ұстады. Яровой қызға күш көрсетпек болғанымен, ол қарсылық танытып, қашып құтылған. Полиция күдіктіні көп ұзамай қолға түсірді.
Яровойды Өскеменге жеткізген соң, ол кәмелетке толмаған екі қызды ғана емес, бірнеше әйелді де өлтіргенін мойындады. Ең қорқыныштысы – ол құрбандарының денесін қай жерге жасырғанын еш қиындықсыз көрсеткен. Тергеушілер оған бұрынғы қылмыс орындарын аралатты. Яровой бос жатқан аумақтарға апарып, мәйіттер көмілген жерді нұсқаған. Шығыс Қазақстан облысы полициясының тергеу басқармасын басқарған Алексей Разуменконың айтуынша, ол жерді жарты метрге дейінгі дәлдікпен көрсеткен. Соның арқасында полиция алты адамның сүйегін тапты.
Алайда тергеу барысында Яровой бастапқыда берген жауаптарынан бас тарта бастады. Ол өзін кінәсіз деп, полицейлердің қысымымен мойындағанын айтты. Тіпті, қылмыстарды өзі емес, медициналық бетперде мен қара бас киім киген белгісіз біреу жасаған, ал өзі сол оқиғалардың кездейсоқ куәгері болған деп мәлімдеді. Тергеу кезінде бірнеше рет психикалық күйзеліске түскен Яровойдың жағдайын мамандар тексерді. Сараптама нәтижесінде оның өз әрекетіне жауап бере алатын, яғни есі дұрыс адам екені анықталды.

Іс 2011 жылдың қаңтарында сотқа жетті. Айыптау тарапы Яровойға 13 қылмыс эпизоды бойынша айып тақты. Сот отырыстары жабық өтті. Ал іс бойынша қырыққа жуық куәгерден жауап алу жоспарланды. Яровой алқабилер сотын өзі сұрағанымен, сотта кінәсін мойындамады.
2011 жылдың 4 сәуірінде сот үкім шығарды. Яровой алты адамды өлтіргені, оның ішінде екі кәмелетке толмаған қыздың өліміне қатысы бар екені үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын ерекше режимдегі колонияда өтеуге тиіс болды.
Сергей Яровой өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын Қостанай облысындағы Жітіқара қаласында орналасқан "Қара бүркіт" (Чёрный беркут) колониясында өтеп жатқаны туралы дерек бар. Бұл мекеме өмір бойына сотталғандарға арналған.
Еске салсақ, 11 әйелді тонап, зорлап, өлтірген таксистер қалай ұсталғаны туралы хабарлаған едік. Қылмыскерлер алтын бұйымдарын, ақша мен қымбат заттарын алғаннан бөлек, әйелдерді зорлап, соңында өлтіріп отырған.
Фельдшерден қандықол қылмыскерге дейін: Өскеменді үрейде ұстаған Сергей Яровой деген кім