Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жатақхананы аңдып, студент қыздарды зорлаған: ҚазҰУ-ды дүр сілкіндірген маньяк қалай ұсталды?

ҚазҰУ қалашығы қыздар өлімі
Фото: Sputnik/Юрий Куйдин

1980-жылдардың соңында КазМУ (қазіргі ҚазҰУ) қалашығы маңында студент қыздардың жоғалуы, табылған дене бөлшектері, тергеушілерді қате жолға түсірген сараптама Алматыны шулатты. Кешкі уақытта жатақханаға оралмақ болған қыздар зорланып, қатыгездікпен өлтірілген күйде табылып жатты. Ал қалашықты дүр сілкіндірген маньяк ұзақ уақыт қолға түспеді. Полицейлерді жаңылыстырып, күдікті басқаға бұрған Сергей Манжиков кім және оның қылмыстары қалай әшкереленді?

Бұл қылмыстық іске қатысты деректерде әртүрлі есімдер кездеседі. Қылмыс ауыр болғандықтан сол кездерде іс жабық жүргізілген. Сәйкесінше, ресми ақпараттар аз келтірілген. Дегенмен оқиғаның қалай болғаны куәгерлердің естеліктері мен журналистік материалдарға сүйеніп таралды. Сол себепті қаза тапқан қыздардың есімдері әр деректе әртүрлі келтірілген. 

Алғашқы құрбан: Жағадан табылған адам аяқтары

1988 жылдың қазан айында Алматыдағы Весновка өзенінің бойымен серуендеп жүрген ғашық жұп жантүршігерлік көрініске тап болады. Олар жағадан адамның дене мүшесі, яғни бөлек жатқан аяғын көреді.

Жағдайдан кейін оқиға орнына құзырлы органдар келіп, сот-медициналық сарапшыларды шақырады. Адамның аяғын тексеріп, жәбірленушінің жасы 20 мен 25 жас аралығында деген қорытындыға келді. Бұл қала үшін адам шошырлық қылмысқа айналады. Себебі Алматыда бұған дейін мұндай қатыгездікпен қылмыс болмаған. “Следствие вели" бағдарламасы сарапшыларының пікірінше, табылған аяқ доғал, тісті балтамен кесілген.

Бірақ детективтер дененің қалған бөлігі, яғни мәйіттің қайда екенін, қалай табуға болатынын білмеді. Кейін Мәскеуден келген полиция полковнигі бір қылмыс орнын зерттеудің жаңа әдісін ұсынды. Ол үшін люминол деп аталатын арнайы сұйықтық қолданылды. Бұл зат қанның іздерін, тіпті ескі әрі кепкен қанның өзін де анықтауға көмектеседі. Бірақ оның жұмыс істеуі үшін айналада толық қараңғылық болуы керек еді. Сондықтан қаланың орталық бөлігіндегі жарықты өшіру туралы шешімді Қазақ КСР басшылығының жоғарғы деңгейі қабылдады. Кейін мамандар қылмыс орнына арнайы сұйықтықты шашты. Сол арқылы қыздың мәйітін бетон құбырға жасырғанын анықтады. Қылмыскер оның екі аяғын да кесіп тастаған. Сонымен қатар, сарапшылар қыздың өлім алдында тұншықтырылып, қатыгездікпен зорланғанын анықтады. Сондықтан олар биологиялық үлгілерді жинап, сараптамаға жіберді.

ҚазҰУ қалашығы қыздар өлімі
Фото: Тергеушілер мәйіт бөлшектері табылған жерде kp.kz

Сонымен қатар, марқұм әйелге қатысты хабарламалар барлық полиция бөлімшелеріне жіберілді. Оның жеке басы бірнеше күн ішінде анықталды. Зардап шеккен адам 22 жастағы ҚазМУ (бүгінгі ҚазҰУ) студенті болып шықты.

"Басында қылмыскер жергілікті тұрғын емес деп ойладық. Сондықтан жедел уәкілдер қалаға сырттан келген барлық студенттердің деректерін тексере бастады. Осылайша бір ай өтті. Алайда солай жүргенде екінші жәбірленушінің денесі табылды...", — деді 1980-жылдардың соңында Алматы қаласының прокуроры болған Александр Азаров. 

Соңғы рет жігітімен кездескен: Қар астынан табылған жалаңаш қыздың денесі

Екінші қылмыс: 1990 жылдарға қарай Қазгуградтағы (бүгінгі ҚазҰУ) бос алаңда қар атысып ойнап жүрген балалар қыздың денесін байқайды. Шошыған олардың айқайын естіген ересектер келіп, денені көріп милиция (қазіргі полиция) шақырған. Құзырлы органдар мұнда шамамен жарты сағаттан кейін жеткен. Олар келгенде мәйіттің 20–25 жастағы қыздікі екенін анықтайды. Оның көзі ашық қалған, киімі әбден жыртылған. Ал мойнында бір құлағынан екіншісіне дейін созылған қан ізі болған. Денесі қармен жартылай жабылған. Айналасынан ешқандай зат табылмады. Тергеушілердің алғашқы болжамы бойынша, қызды өлтірер алдында зорлаған. Ал мәйіттің көмілмей, ашық жерде қалуы қылмыскерді біреу шошытып, ол қашып кеткен болуы мүмкін. Сарапшылар қызды қызыл мойын орамалмен тұншықтырып өлтірген. 

Қаза тапқан қыз ҚазҰУ-дың тарих факультетінің 3-курс студенті Әлия болып шығады. Ол университет жатақханасында тұрған. Әлияның жоғалғанына үш күн болған екен. Бөлмелесі соңғы рет оның қайда кеткенін айтып, полицейлерге куәлік еткен. 

“Әлияның жоғалғанына үш күн болды. Ол Талғат есімді жігітпен кездесіп жүрген. Сол күні кешке Әлия онымен кездесуге кетіп, содан бері оралмады”, — деді ол.

Осылайша Талғат есімді марқұмның сүйіктісі басты күдіктіге айналды. Дегенмен тергеуші оны жауап алуға шақырғанда, ол қатты қайғырып, жылаған. Өзінің Әлиямен қандай қарым-қатынаста болғанын айтып, ақталған. 

“Біз бір жылға жуық уақыт бірге жүрдік. Дәлірек айтсам, бұрын бірге болғанбыз. Әлия университетті бітірген соң үйленуді жоспарлаған едік. Иә, сол күні кездескеніміз рас. Кездесуден кейін Әлияны автобус аялдамасына дейін шығарып салдым да, үйге кеттім. Содан кейін оны көрген емеспін. Маған сеніңізші, мен Әлияны өлтірген жоқпын! Мен оны сүйдім! Оны не үшін өлтіремін?!”, — деп жылады жігіт. 

Тергеуші оның сөзіне сенді. Өйткені Талғаттың қайғысы шынайы көрінді. Оның айтқаны рас екені сараптама нәтижесімен де расталды. Қызды зорлаған қылмыскердің қан тобы Талғаттың қан тобымен сәйкес келмеді. Осыдан кейін Талғатты босатты. Ал тергеушілер сараптама нәтижесіне сүйеніп, бұрын осындай қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарды тексеруге кірісті. Алайда бұл бағыттағы іздестіру жұмыстары еш нәтиже бермеді.

Полицейлердің шарасыздығы: Қылмыскерді ұстау үшін қыздарды түнде әдейі шығарды

Тергеушілер университет аумағында қатыгез қылмыскер бар деген қорытындыға келді. Студенттерге арнайы ескерту жасаудың қажеті болмады. Себебі бұл кезде қауесет ҚазМУ-дың бүкіл аумағына тарап, жатақханада тұратын студенттер кешкі уақытта далаға шығуға қорқатын болды.

Бұдан соң "ҚазМУ құбыжығын" ұстау үшін Алматы қалалық ішкі істер басқармасы мен Ішкі істер министрлігінің ең тәжірибелі тергеушілері мен жедел уәкілдерінен арнайы топ құрылды. Сериялық кісі өлтіруші әрі зорлаушыны мүмкіндігінше тезірек анықтап, ұстау қажет болды. Өйткені қылмыскер мұндай әрекеттерге әбден дағдыланып, тағы да жаңа құрбан іздеуге шығуы мүмкін еді. Университетте мыңдаған студент, бірнеше жүз оқытушы болды. Оның үстіне ҚазМУ-дың аумағы өте үлкен болатын. Мұнда оқу ғимараттары, жатақханалар, саябақтар мен адам аяғы сирек басатын бұрыштар көп еді.  Тергеушілер қылмыскерді студенттер арасынан да, оқытушылар мен техникалық қызметкерлерден де іздеді. Университет маңында тұратындар мен сол жерде жүрген үйсіз адамдар да тексерілді. Күдіктіні табу үшін қаланың барлық учаскелік полиция қызметкерлері жұмылдырылды.

Жедел уәкілдер шамамен 7 мың медициналық картаны қарап, бірнеше мың адамның қанынан сынама алды. Бірақ тергеу әзірге нәтиже бермеді. Үшінші қан тобы бар адамдардың бірінің қылмыс кезінде басқа жерде болғаны дәлелденсе, енді біреулері күдіктінің сипаттамасына сәйкес келмеді. Осылайша, тергеу тығырыққа тірелгендей болды.

Кейін күтпеген жағдай полицейлерге үміт берді. Студент қыздардың бірі Әлия өлтірілгенге дейін шамамен бір ай бұрын дәл сол бос жатқан жерде белгісіз біреудің өзіне пышақпен шабуыл жасағанын мойындады. Қылмыскер оған пышақ кезеп, зорлаған. Содан кейін: "Полицияға хабарласаң, бауыздап кетемін!" — деп қорқытқан. Қыз полицияға арыз бермеген. Өйткені ол тұрмысқа шығуға дайындалып жүрген және болған оқиғаның елге жария болуынан қорыққан. Жәбірленуші қылмыскердің бет-әлпетін де, ерекше белгілерін де есіне түсіре алмады.

"Қараңғы болды, мен қатты қорықтым", — деп түсіндірді ол.

Қыздың есінде қалғаны шабуылдаушының бойы ұзын, еуропалық келбетті, жасы шамамен 20–30-дағы ер адам болғаны. Осыдан кейін тергеушілер маньякты ұстауда қолданылатын "тірі жем" әдісін пайдалануға шешім қабылдады. Бұл қауіпті болғанымен, кейде тиімді нәтиже беретін тәсіл.

Операцияға бес әйел полиция қызметкері тартылды. Қалалық ішкі істер басқармасында жұмыс істейтін тәжірибелі әрі салмақты қызметкерлер сырт көзге еркін жүретін, көзге бірден түсетін студент қыздардың кейпіне енді. Олар қысқа белдемше, ашық жейде киіп, биік өкшелі аяқ киіммен жүріп, беттерін бояды. Осылай киінген әйелдер кешкі уақытта университет қалашығында серуендеп, түннің бір уағына дейін жүретін болды. Көзге бірден түсетін бұл "студент қыздарға" ер адамдар ерекше назар аударатын. Олармен танысқысы келетіндердің қарасы үзілмеді. Дегенмен ешқандай шабуыл болмады. 

 “Кітапханадан кеш шыққан қыз жоғалып кетті: Мәйіттің иісі туралы хабарлаған ер адам”

Көп ұзамай үшінші құрбанның денесі табылды. Бірнеше күн іздеуде болған студент қыз соңғы рет кітапханаға барған. Ол сол жақтан кешкісін шыққан. Алайда жатақханасына жете алмаған. Қызды бірнеше күн бойы іздегенімен, тірідей де, өлі күйінде де таба алмады. Көп ұзамай оның денесі қаладағы құрылыс карьерінен табылды. Қылмыс орнын тексеріп жатқанда милиция қызметкерлерінің назарына бір оғаш адам ілікті. Ол қоршаудың ар жағында бір сағаттан астам уақыт тұрып, тергеушілердің әр қимылын бақылап, айналасындағыларға қобалжи қараған. Оның мінезі тергеушілердің күдігін тудырып, ер адамды жеке басын анықтау үшін ұстады.

Ол – бұрын зорлауға әрекет жасағаны үшін сотталған, тұрақты жұмысы жоқ Сергей Манжиков еді. Одан қан талдауға алынды. Алайда оның қан тобы қылмыскердікімен сәйкес келмегендіктен, оны босатып жіберді.

Дегенмен бірнеше күннен кейін Манжиков қалалық ішкі істер басқармасына өзі келіп, үйінің кіреберісінен мәйіттің иісі шығып жатқанын хабарлаған. Жедел уәкілдер бірден оның үйіне барып, тексергенімен кіреберістен мәйіттің иісі сезілмеді. Тек мысықтың иісі ғана бар еді. Олар шатыр мен жертөлені де мұқият тексерді. Ештеңе табылмады. Ақыры тергеушілер Манжиковтың психиатрдың көмегіне мұқтаж болуы мүмкін деп ойлап, үйіне қайтуға кеңес берді.  

“Тағы екі қыздың өлімі мен сол күйі денесі табылмаған Мадина”

Мұнымен қатыгез қылмыскердің әрекеті тоқтап қалмады. 1989 жылы 21 қаңтарда жаңа құрбан 18 жастағы география факультеті студентінің денесі табылды. Оны зорлап, тұншықтырып өлтіріп, тамағын кесіп, денесін бөлшектеп тастаған. Бірақ бұл жолы кісі өлтіруші мәйітті университет жатақханаларының жанындағы бос жерге көмген.

Арада бір айдан кейін механика-математика факультетінің 20 жастағы студенті де дәл осылай табылды. Оны да дәл солай өлтіріп, көмген. 

Ал бұл оқиғаларға дейін университетті шошытқан 1-курс студенті Мадинаның із-түзсіз жоғалуы болды. Белгілі болғандай, студент қаладағы достарына қонаққа кеткен. Алайда қараңғы түскенде жатақханаға шыққан. Содан оны ешкім көрмеген. ҚазМУ мен оның айналасында іздеу жұмыстары жүргізілді. Алайда оның денесі сол күйі табылмады. 

“Қылмыскердің қателігі: Оның үйінен марқұм қыздардың киімі мен әшекейлері табылды”

Осылайша бірнеше күннен кейін ҚазҰУ қаласында тағы бір шабуыл болды. Бірақ бұл жолы қылмыскер өз қателігінен көзге түсті. Ол жас жұпқа шабуыл жасаған. Жігіт сүйіктісімен бірге “Весновка” маңында серуендеп жүргенде, оларға бойы ұзын бейтаныс адам жүгіріп келіп, жігітті пышақпен жаралаған. Содан кейін қызға шешінуді бұйырған.

“Мен сүйіктіммен кездесуге бара жатқанмын. Сол кезде оған әлдебір ер адамның тап бергенін көрдім. Мен оны қыздан ажыратуға тырыстым, бірақ ол мені ұра бастады. Содан кейін пышағын алып, қолымды тіліп жіберді. Артынша өтіп бара жатқан адамдар пайда болып, ол қашып кетті, — деп әңгімеледі жігіт.

Пышақ жарақатын алған жігіт құтқарылып, аман қалды. Кейін жұп шабуылдаушының сыртқы келбетін сипаттап бергенде, жедел уәкілдер оның кім екенін бірден таныған. Бұл –  Сергей Манжиков!

Күдіктіні дереу ұстау туралы шешім қабылданды. Полицейлер барған кезде қылмыскер есікті ұзақ уақыт ашпады. Құқық қорғаушылар құлыпты сындырмақ болған кезде ғана ол есігін ашады. Бұл кезде оның іште киімдерін жуып жатқаны анықталды. Ол жедел уәкілдермен сөйлесуден бас тартты. 

Сергей Манжиков маньяк ҚазҰУ қыздар өлімі
Фото: Сергей Манжиков kp.kz

Манжиковтың үйінен қан жұққан пышақ пен әйелдер киімі табылды. Ал оның туыстары мен сүйіктісінің үйінен өлтірілген студент қыздардың алтын әшекейлері, киімдері мен сөмкелері шықты. Туыстары бұл заттардың қайдан келгенін білмей, таңғалып: "Мұны бізге Сереженька сыйлаған еді", — деді.

 

Тергеу кезінде Манжиков өзін өте сабырлы ұстады. Ол тек соңғы болған оқиғада қыз бен жігітке шабуыл жасағанын мойындады. Қалған қылмыстарын мойындамады. Ол өзіне тек бұзақылық жасады деген айып тағылып, жеңіл жазамен құтыламын деп ойлады.

Дегенмен полицейлерде Манжиковтың сол қыздарды өлтірген маньяк екеніне күмән болмады. Бірақ мәселе, бұған дейінгі қан сараптамасының нәтижесі басқа еді. Сондықтан күдіктінің қанын қайта тексеру үшін Ресейге жіберді. Көп ұзамай Ресейден сараптама нәтижесі келді. Манжиковтың қан тобы екінші емес, үшінші екені анықталды. Демек, Қазақстандағы зертханада қате жіберілген. Осы қателіктің кесірінен қылмыскерді бұрын анықтай алмаған. Сараптамада басында марқұм Әлия есімді қыздан табылған қан тобы дәл Манжиковқа тиесілі екені белгілі болды.

Бұл жаңалықты естіген соң, Манжиков ақыры қылмыстарын мойындады.

“Осы үш қызды мен өлтірдім. Екінші қыздың денесін үйімнің жанындағы жерге көмдім. Күдік тудырмас үшін полицияға өзім хабарласып, үйдің кіреберісінен мәйіттің иісі шығып жатқанын айттым”, — деді ол.

Одан кейін Манжиков қыздарды қалай өлтіргенін егжей-тегжейлі айтып берді. Оның сөздерін тыңдаған тергеуші ашуын әрең басып, өзін сабырға шақырды. Сотта Манжиков жылап, өзіне рақымшылық жасауды сұрады. Тіпті өзін психикалық ауру адам етіп көрсетуге тырысты. Бірақ оның әрекеттері ештеңені өзгерте алмады. Ал залда отырған өлтірілген қыздардың туыстары қайғыдан көз жасын тыя алмаған.

 “Бірнеше қыздың өмірін алған қылмыскер қандай жазаға кесілді”

Манжиков ешбір ұсақ-түйекті қалдырмай барлық ісін баяндап берді. Осы тұста із түссіз, тіпті денесі де табылмаған жоғалған қыз Мадина туралы сұралды. Манжиковтың айтуынша, ол қызды дәл сол жатақхана маңында аңдып жүрген. Оған пышақпен қоқан-лоқы көрсетіп, алғашында алдыңғы құрбанына жасаған әрекетін қайталағысы келген. Бірақ кейін райынан қайтып, қызды өзі тұратын үйдің кіреберісіне алып барған. Мадина жылап, Манжиковтан өзін босатуды өтінді. Ал ол: “Айтқанымды тыңдасаң, жіберемін”, – деп жауап берген.

Студент қыз оның айтқанына амалсыз көніп, онымен бірге қараңғы жертөлеге түсті. Сергей қызды өлтіргеннен кейін оның денесін сол жерде көміп тастаған. Ал полиция өз ізіне түскенін түсінген соң Манжиков қатты қорыққан. Ол өзінен күдікті басқа жаққа аударуға тырысып, өзі келіп, үйдің кіреберісінен жағымсыз иіс шығып жатқанын хабарлаған.

Ашылып сөйлеген сәтінде Сергей жедел уәкілдерге оның мойнында өлтірілген үш қыздың ғана емес, одан да көп адамның қаны бар екенін тұспалдап жеткізген. Бірақ артынша айтқанынан қайтып, бұл тақырыпта мүлде сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартқан.

Тергеу кезінде Сергей ешқандай өкіну белгісін танытпады. Шын мәнінде, ол өзі өлтірген қыздарды адам ретінде емес, өзінің айуандық қалауларын қанағаттандыру құралы ретінде ғана көрген. Ол қыздарды зорлап, өлтіріп қана қоймай, кейін олардың мәйіттерін бөлшектеген. Тергеу аяқталар тұста қылмыскер есін жоғалтқан адам болып көрінуге тырысқан. Алайда сот-психиатриялық сараптама Манжиковты психикалық тұрғыдан сау деп таныды. Сотта ол тізерлеп отырып, рақымшылық жасауды жалынып сұрады. Бірақ бұл оған көмектеспеді.

1993 жылы Манжиков Алматы қаласындағы № 1 тергеу изоляторының жертөлесінде ату жазасына кесілді. 

Еске салсақ, бұған дейін каннибал Жұмағалиевтің қылмыстары қалай әшкереленгенін жазған едік. Оның да қылмыстары елді дүр сілкіндіріп, ұзақ уақыт бойы ашылмай, тергеу бірнеше жылға созылған еді.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 10:00