Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір шелек алтын" үшін қырылған отбасы: Алты адам мен сәби азаппен өлтірілген қанды қылмыс туралы не белгілі

Бір шелек алтын отбасы өлімі
Фото: Жасанды интеллект көмегімен

Бір шелек алтын, ауқатты отбасы туралы қауесет жеті адамның өмірін жалмады. Петропавлдың Жұмысшы кентіндегі адам шошырлық қылмыс туралы естуіңіз бар ма? Қылмыскерлер бір шелек алтын ұрлаймыз деген мақсатпен бір отбасын азаптап өлтіріп, кейін мәйіттерді бір бөлмеде бірінің үстіне бірін үйіп өртеген. Қылмыс кезінде сегіз айлық сәбиді пешке апарып қинаған. Бұл үйде 16 жастағы қыз ғана кілемдердің астына тығылып қалып, аман қалған. Кейін оқиғаны көрген полицейдің өзі инфаркт алған қылмысқа шолу жасайық. 

“Бір шелек алтыны бар үй: Ауқатты отбасы туралы не белгілі?”

Оқиға 1986 жылғы 15 тамызға қараған түні №31 үйде болды. "Молдаван сыңған ұлтынан Петров-Лебедевтер отбасының басынан осы күні қаралы күн туды. Үйдің иесі 57 жастағы Грек Петров темір ұстасы болған. Петров-Лебедевтер отбасы Петропавлдағы Клара Цеткин көшесінде тұрған. Үй иесі көп еңбек еткендіктен отбасы тұрмысы жақсы болып, ауқатты тұрған.

Алайда отбасының жағдайы жақсы деген әңгіме біртіндеп олардың үйінде алтын көп деген қауесетке ұласқан. Жедел ақпарат бойынша, Грек Петров бір кездері алтын бұйымдарды белсенді түрде сатып алған. Осыдан кейін оның үйінде "бір шелек алтын бар" деген сөз тарай бастаған. Кейін тергеу дәл осы қауесеттің отбасы үшін өлімге әкелгенін анықтады.

Бір шелек алтын отбасы өлімі
Фото: Фото — СҚО ПД мұражайының архивінен

Грек Петровтың отбасында:

  • 21 жастағы ұлы Маскали Лебедев
  • Маскалидің 23 жастағы жүкті әйелі Пуся Иванус;
  • Маскалидің бір жасқа толмаған қызы Рупункуца Лебедева;
  • Грек Петровтың 19 жастағы қызы Ляна;
  • Грек Петровтың 17 жастағы ұлы Бэрэгано;
  • Грек Петровтың16 жастағы қызы Папуша Лебедева болған. 

Оқиға күні де үйде осы адамдар болған. 

“Денесі күйіп қалған сәби еңбектеп жүрді”: Қылмыс болған түн

Түн ішінде белгісіз қылмыскерлер Петров-Лебедевтердің үйіне кірген. Кейінгі тергеу олардың үйге жайдан-жай келмегенін көрсетті. Қылмыскерлер алтын іздеген және отбасының үйінде бағалы зат бар екеніне сенген. Олар отбасы мүшелерін аяусыз қинап, алтынның қайда екенін айтқызуға тырысқан. Қылмыскерлердің қатыгездігі соншалық тіпті балаларға дейін қинап, бопсалаған.

Қылмыскерлер суық қарудың бірнеше түрін қолданған. Осылайша үйден алтыннан жасалған 19 түрлі бұйым ұрланған. Қылмыскерлер адамдарды өлтіріп, кейін қаза тапқандардың денелерін үйдің бір бөлмесіне жинап, бірінің үстіне бірін үйген. Үстеріне бензин құйып, үйді өртеуге кіріскен.

"Иә, бұл іс өмір бойы есімде қалды. Оқиға орнына келіп, үйдің ішіне кіргенімізде, сөздің тура мағынасында, өртенген мәйіттердің үйіндісін көрдік. Түтін, күйік иісі, адам төзгісіз ауыр иіс. Ал жерде денесі түгелдей күйіп қалған сәби еңбектеп жүрді. Жұмыс жылдарымда талай нәрсені көрдім. Бірақ мұндайды алғаш рет", — деді ІІМ ардагері, отставкадағы полиция полковнигі Владимир Бондаренко.

Қылмыскерлер тіпті сегіз айлық сәбиді қинаған. Оны газ плитасының үстіндегі отқа ұстап, азаптаған. Тергеу барысында сәби қылмыскерлердің қолынан қатты азап шеккені анықталған. Басында сәби тірі болғанымен көп ұзамай ол да көз жұмды. Осылайша қылмыс құрбандарының саны жеті адамға жетті.

Төсек астына жасырынып аман қалған қыз

Сол түні өлімнен аман қалған жалғыз адам бар. Ол 16 жастағы Папуша Лебедева. Қыз қылмыскерлер келген кезде төсектің астына тығылып үлгерген. Үйде кілем өте көп болған. Бірқатары оралып, бөлмелерде жиналып тұрған. Төсек те биік, үсті мамық көрпелер мен жастықтарға толы болған. Папуша солардың арасында жасырынып қалған. Ол болған жағдайдың бәрін естіген. Бірақ ештеңені көре алмаған.

Қылмыскерлер үйден кеткен соң ғана қыз жасырынған жерінен шығып, туыстарына қарай жүгірген. Болған жағдайды полицияға мүмкіндігінше тез хабарлау керек еді. Бірақ ол кезде үйлердің көпшілігінде телефон жоқ болатын.  

Полицияға хабарласу 12 жастағы балаға тапсырылған. Ол маңайдағы жалғыз телефон орналасқан жабық дүкеннің терезесін сындырып, ішке кіріп, 02 нөміріне қоңырау шалған. Кейін аман қалған қыз қылмыскерлердің ешқайсысын тани алмаған. Тіпті дауысынан да ажырата алмаған. Ал сол түнгі қылмыстың жалғыз куәгері осы Папуша болатын.

Оқиғадан кейін үйге келген полиция қараңғыда қанға тайып құлаған

Полиция қызметкерлері оқиға орнына келгенде, адам шошырлық көрініске тап болды. Үйдің ішінен өртенген мәйіттер табылды. Ал олардың арасында сегіз айлық сәби де болған.

Сол кезде осы істі ашуға үлесін қосқан, шкі істер органдарының еңбек сіңірген ардагері, подполковник Зинаида Трусова сол кездегі көріністі жеткізді. Айтуынша, оқиға орнына келгенде үй іші қараңғы болып, алғашында ештеңе көрінбеген.  

"Есімде, қалалық бөлімде жас жігіт – милиционер (сол кезде полицияны милиция деп атаған) бар еді. Біз осы үлкен үйге кіргенде, іші қараңғы болды. Электр сымдары өртеніп кеткен бе, әлде қылмыскерлер әдейі қиып кеткен бе білмеймін. Кіреберісте әлгі жас милиционер тайып кетіп, сүрініп құлады. Кейін оның қанға толы шалшыққа тайғаны, ал сүрінген жері кішкентай қыздың денесі екені анықталды. Осы жағдайдан кейін оның инсульт алғаны есімде. Көргенінен қатты күйзеліске түскен еді. Кейін ол сол күйзелістен толықтай айыға алмады, қатты ақсап жүретін болды. Мұндайды көргенде де, қазір айтып отырғанның өзінде денең түршігеді. Бұл — адам айтқысыз сұмдық қылмыс", — деді Зинаида Михайловна.

Қылмыс бүкіл Кеңес Одағын дүр сілкіндірді: Сығандар жиналып наразылық танытты

Бұл қылмыс Петропавл тұрғындарын ғана емес, бүкіл Кеңес Одағын дүр сілкіндірді. Петропавлға Кеңес Одағының әртүрлі қалаларынан сыған отбасыларының өкілдері жиналды. Олардың арасында Томск, Днепропетровск, Тюмень, Свердловск, Тула, Целиноград, Омбы және Кишиневтен келгендер болды. Қоғамның наразылығы күшейіп, милицияға қылмыскерлерді тез арада табу қажет болды.

Тергеуге облыстық қылмыстық іздестіру қызметінен бөлек, ішкі істер басқармасының көптеген бөлімдері жұмылдырылды. Учаскелік инспекторлар, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, жол полициясы, қоғамдық тәртіпті қорғау бөлімі, тергеушілер, ОБХСС қызметкерлері мен криминалистер іске кірісті.

Мыңдаған бұрын сотталған адамдар тексерілді. Ұрланған заттарды сатып алумен айналысқандардың барлығы назарға алынды. Жүздеген адамнан жауап алынып, жүздеген көлік тексерілді. Мыңдаған саусақ ізі салыстырылды. Тергеушілер Петропавлмен шектелмей, Свердловск, Омбы, Кемерово, Тула, Днепропетровск, Уфа, Челябинск, Чебоксары, Новосибирск және басқа қалаларға барды.

Ал Зинаида Трусова сол кезде отбасының туыстық байланыстарын анықтау үшін тіпті олардың үлкен шежіре ағашын сызған. Балалары, жұбайлары мен немерелерін қосқанда, отбасының шамамен 100 туысы анықталған. Тіпті Ресейде түрмеде отырған туысқандары Лебедевтің ұлын да Петропавлға жеткізген. Тергеушілер оны түрмеде біреулерге алтын туралы ақпарат айтып қойған болуы мүмкін деп күдіктенген. Бірақ ол бұл туралы нақты ештеңе білмеген. Себебі тергеушілерге осы “бір шелек алтын бар” деген ақпаратты кім таратқаны және осы қауесеттен кейін кімдер бұл үйге келуі мүмкін екені маңызды болды. 

Басқа бір ұрлық ісі қылмыскерлердің артын ашты: Отбасын қылмыскерлерге көрсеткен кім?

Қырық күнге жуық уақыт бойы тергеушілер қылмыскерлерді таба алмай, сан түрлі нұсқаны тексерді. Істің беті ақыры мүлде басқа қылмысты тергеу кезінде ашылды.

Куйбышев аудандық ішкі істер бөлімінің жас жедел уәкілі Юрий Вальтер сол кезде болған қарапайым пәтер ұрлығын тергеп жүрген. Ұрлыққа Мальченко мен Синих деген екі адам күдікке ілінген. Алайда қылмыстық іздестіру қызметкерлері олардың бұрынғы әрекеттерін де тексеріп көрмек болған. Жедел жұмыстар барысында күдіктілердің Петропавлдағы Петров-Лебедевтер отбасын өлтіруге қатысы болуы мүмкін деген күдік пайда болды. Көп ұзамай бұл нұсқа күшейе түсті. Тергеушілер Мальченко мен Синихтің қылмысқа жалғыз бармағанын анықтап, олардың сыбайластары Шинкоренко есімді екі ағайындыны да қолға алды.

Осылайша жеті адамның өліміне қатысы бар қылмыстық топтың ізі біртіндеп ашыла бастады. Бірақ тергеушілер алдында тағы бір маңызды сұрақ тұрды. Қылмыскерлер бұл отбасыда алтын бар екенін қайдан білген?

Бір шелек алтын отбасы өлімі
Фото: Фото — СҚО ПД мұражайының архивінен

Қылмыскерлерге үйдің ішін кім көрсеткен?

Тергеу барысында бұл сұрақтың жауабы да табылды. Қылмыскерлерді Петров-Лебедевтердің отбасына Мартынов, лақап аты "Милорд", бағыттаған. Мартынов отбасының туысы болғандықтан, олардың үйіне еркін кіріп жүрген. Ол Петров-Лебедевтердің тұрмысы жақсы екенін білген. Үйде алтын көп деген қауесетті де қылмыскерлерге дәл сол жеткізген.

Бірақ Мартынов жай ғана "оларда алтын бар" деп айтып қоймаған. Ол қылмыскерлерге үйдің жоспарын сызып, бөлмелердің орналасуын көрсеткен. Сонымен бірге үйде кімдер тұратынын, олардың күн тәртібі мен әдеттерін айтып берген.

Яғни қылмыскерлер бұл үйге кездейсоқ бармаған. Олар үйдің ішін, тұрғындарын және іздейтін дүниесін алдын ала біліп, қылмысқа дайындалған.

Қылмыс ашыла бастаған кезде Мартынов Петропавлда болмай шықты. Ол Свердловскіге қашып барып, сол жерде туысының сыған баронының үйінде жасырынған. Оны Петропавлға қайтару да тергеушілер үшін оңай болған жоқ. Себебі жергілікті сыған қауымы қылмысқа өздерінің руластарының қатысы барына соңына дейін сенбеген. Сондықтан Мартыновты Свердловскіден алып шығу үшін арнайы операция ұйымдастырылды. Ақыры тергеушілер оны ұшаққа отырғызып, Петропавлға жеткізді.

"Бір шелек алтын" қайда?

Тергеушілер қылмыскерлердің алтынды қайда жасырғанын анықтау үшін ерекше тәсілге барған. Олардың бірін 24 жастағы әскери комиссариат бастығының ұлын милиция уақытша босатып жіберген. Мақсат оның қайда баратынын бақылау. Көп ұзамай күдікті алтынды басқа жерге жасыру үшін жеке үйдің шатырына барған. Осылайша тергеушілер күткен "қазына" табылды. Бірақ ол жерде бір шелек алтын болған жоқ. Бар болғаны 530 грамм алтын бұйым шықты. Оның ішінде сырғалар, сақиналар, шынжырлар мен жүзіктер болған.

Тіпті ұзындығы бір жарым метрге жуық қолдан жасалған алтын моншақтар да табылған. Кейін оның Лебедевтердің үйінде люстраға сәндік бұйым ретінде ілініп тұрғаны анықталды. 

Бір шелек алтын отбасы өлімі
Фото: Фото — СҚО ПД мұражайының архивінен/ Суретте Петровтар-Лебедевтер отбасын өлтіргені үшін сотталғандар тобы

Төрт қылмыскер өлім жазасына кесілді

Тергеу барысында Петров-Лебедевтер отбасын өлтіруге тікелей қатысқан төрт адам анықталды. Олар:

  • 27 жастағы Николай Мальченко;
  • 24 жастағы Павел Шинкаренко;
  • 22 жастағы Петр Шинкаренко;
  • 23 жастағы Сергей Синих.

Тергеу мәліметінше, қылмыскерлер алдын ала жоспар құрып, рөлдерін бөліскен. Олар қару дайындап, беттеріне маска киіп, үйге кірген. Бастапқы жоспардың өзінде үйдегі ешкімді тірі қалдырмау көзделген.

Сот төрт қылмыскердің бәрін бандиттік топ құрамында аса ауыр қылмыс жасағаны үшін өлім жазасына — ату жазасына кесті. Үкім кейін орындалды.

Іске қатысы бар басқа адамдар да жазасыз қалмады. Қылмыскерлерді отбасыға бағыттап, үйдің жоспарын көрсеткен Николай Мартынов ("Милорд"), ұрланған алтынды өткізуге көмектескен вагон-ресторан қызметкері және қылмыс кезінде пайдаланылған көлікті берген адам ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Осылайша, "бір шелек алтын" іздеген қылмыстық топтың барлық негізгі мүшесі тергеу нәтижесінде анықталып, жауапқа тартылды.  

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 11:00