Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қара түсті Mercedes-ке мінгендер аман оралмады": 11 әйелді тонап, зорлап, өлтірген таксистер қалай ұсталды

қыздарды зорлап, өртеген қылмыскер
Фото: depositphotos.com

2010 жылдары Қазақстанда қыз-келіншектердің бәрі қара түсті Mercedes көлігіне мінуден сескенді. Себебі такси қызметін көрсетпек болған көлікке мінген әйелдердің денелері Оңтүстік аймақтан кезекпен табыла бастады. Олардың алтын бұйымдарын, ақша мен қымбат заттарын алғаннан бөлек, әйелдерді зорлап, соңында өлтіріп отырған. Олар өздерінің ДНҚ-лары табылмас үшін зорлаған кей әйелдердің жыныс аймағы мен денесін өртеп отырған. Елді дүр сілкіндірген оқиға тек Өзбекстанмен байланыс орнатқанда ғана қылмыскерлерді анықтауға мүмкіндік туғызды. Өздерін такси жүргізушісі ретінде таныстырып, қыз келіншектерді құрықтарына түсірген қылмыскерлер кімдер? Олар қалай ұсталды? Шолу жасайық.

Вокзалдан үйіне бармақ болған: Із-түссіз жоғалған әйел

29 жастағы Наталья (құрбанның аты деректерде өзгертілген) 2011 жылғы 19 желтоқсанда Қарағандыдан Шымкентке келеді. Оның жанында әпкесі мен оның үш жасар қызы болады. Дегенмен қалаға жеткен соң әпкесі қызымен бірге Арыс қаласына қарай жолға шығады. Ал Наталья қала орталығындағы үйіне жету үшін такси іздеп сонда қалады. Туыстарының айтуынша, соңғы рет Натальяны көргенде туыстарына күлімсіреп қол бұлғап қоштасқан.

Дегенмен осы оқиғадан соң Натальяны ешкім көрмеген. Кейін оның туыстары алаңдап Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына жүгінеді. Олар бар мән-жайды айтып, пойызбен келген Натальяның үйге оралмағанын жеткізеді. Бұл кезде қыздың жоғалғанына көп уақыт өтпеген. Дегенмен полиция соған қарамастан іздестіру жұмыстарын бастайды. Оперативті қызметкерлер алдымен теміржол вокзалына барып, ондағы қызметкерлер мен саудагерлерден сұрастырды. Олардың айтуынша, Наталья вокзалдан шыға салысымен қара түсті Mercedes көлігіне отырған. Алайда тергеушілер жүргізушінің кім екенін және көліктің қай бағытқа кеткенін анықтай алмады. 

Осылайша көп ұзамай 21 желтоқсанда Алматы-Термез тасжолының 710-шақырымынан зорлықпен өлтірілген әйелдің денесі табылды. Оны қала сыртындағы тасжолдың жиегінен өтіп бара жатқан жүргізушілердің бірі кездейсоқ байқап қалған. Марқұмның Наталья Пашкова екені анықталды. Криминалистер әйелдің зорланғанын және өз сөймкесінің бауымен тұншықтырып, өлтірілгенін анықтады. Ата-анасы қыздарының денесін бірден таныды. Олардың айтуынша, Наталья үнемі тағып жүретін алтын сырғалары мен ноутбук, заттары салынған чемоданы жоғалған.Сот-медициналық сарапшылар әйелді екі ер адамның зорлағанын анықтады. Алайда тергеушілердің қолында күдіктілерді анықтауға көмектесетін нақты айғақ аз болды.Тергеушілердің қолындағы ең маңызды белгі — қара түсті Mercedes көлігі туралы куәгерлердің мәліметі болды. Бірақ бұл деректің өзі күдіктілердің ізіне түсуге жеткіліксіз болды. Іс ашылмай қалуы мүмкін еді. Бірақ көп ұзамай осы тасжолдың маңынан әйелдердің денелері бірінен соң бірі табыла бастады.

қыздарды зорлап, өртеген қылмыскер
Фото: Қылмыскерлер Өзбекстанда әйелдердің денесін өртеген/BARYS MEDIA

Соңғы рет күйеуіне хабарласып, көлік моторы істен шыққанын айтқан

Екі айдан кейін, 12 ақпанда, жедел-тергеу тобының кезекші бөліміне жедел хабар түсті. Тасжол маңындағы даладан зорлық-зомбылық белгілері бар әйелдің денесі табылды. Мойнындағы іздер оның тұншықтырылып өлтірілгенін аңғартты. Алайда бұл жолы да марқұмның жеке заттары жанында болмады. Көп ұзамай әйелдің кім екені анықталды. Ол – 1987 жылы туған Өзбекстан азаматы Әсел (кей жерде Әлия, есімдері өзгерген) Бурибаева. Әйел бұған дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында іздеуде болған.

Тергеу кезінде Әселдің 10 ақпанда сағат 15:30 шамасында Сарыағаштан Шымкентке қарай жолай көлікпен шыққаны белгілі болды. Ол күйеуіне телефон соғып, жолға шыққанын айтқан. Күйеуі ұлымен бірге әйелін қаланың кіреберісінен күтіп алмақ болған.

Алайда жолда Әсел тағы хабарласып, қалаға 30 шақырымдай қалғанда таксидің моторы бұзылып қалғанын жеткізген. Телефон арқылы сөйлесіп тұрған кезде күйеуі тұтқадан ер адамдардың дауысын естіген. Ол әйеліне басқа көлікке ауысуға кеңес бергенімен, көп ұзамай Әселдің телефоны өшіп қалған. Содан кейін одан еш хабар болмаған. Куәгерлер оның қара түсті шетелдік көлікке отырғанын ғана айтқан. Әселдің денесі жоғалғаны туралы арыз түскеннен кейінгі күні табылды. Қылмыскер оны елді мекендерді жалғайтын тасжолдың жиегіне тастап кеткен. 

100 мың теңгелік алтын әшекей, телефонымен ақшасын алған: Тағы екі құрбан

Тергеушілер екі істің арасында байланыс бар-жоғын анықтап, сараптама қорытындысын күтіп жатқанда, тасжол бойында тағы бір әйелдің денесі табылды. 712-шақырымынан Ордабасы ауданының 54 жастағы тұрғынының денесі табылды. Ол Астанадан Шымкентке пойызбен келгені белгілі болды. Вокзалдан қара түсті Mercedes көлігіне отырып, жеке таксимен жолға шыққан әйел содан кейін хабарсыз кеткен. Қылмыскер оны өз орамалымен тұншықтырып өлтірген. Орамал мәйіттің жанынан табылды. Ал өзі әйелдің құны 100 мың теңгеден асатын алтын әшекейлерін, ұялы телефонын және 35 мың теңге ақшасын алып кеткен.

Бірнеше айда болған қылмыстарды салыстырған тергеушілер олардың бір-бірімен байланысты болуы мүмкін екенін байқады. Құрбандардың жасы мен ұлты әртүрлі, мәйіттері облыстың бөлек-бөлек аудандарынан табылған. Бірақ бәріне ортақ бір жайт бар еді: әйелдердің барлығы қара түсті көлікке отырғаннан кейін жоғалып кеткен. Шымкент пен оның маңында әйелдерге шабуыл жасап, оларды тонап, өлтіретін қылмыскер туралы хабар ел арасына тез тарады. Жұрт арасында үрей күшейіп, әйелдер мен қыздар қара түсті көліктерге мінуден сақтана бастады.

Дегенмен осы қауесеттерге мән бермеген Тамара есімді әйел 7 наурызда үйіне тезірек жетуге асыққан. Қонақтарды қарсы алып, туған-туыстарына арналған сыйлықтарды дайындауы керек еді. Сондықтан жолда көлік күтіп тұрған қыздың жанына қара түсті көлік тоқтағанда, ол ойланбастан ішіне отырып, жүргізушіге баратын мекенжайын айтқан. 

қыздарды зорлап, өртеген қылмыскер
Фото: Тамар есімді әйел/ BARYS MEDIA

Тамараның денесі 8 наурызда, Халықаралық әйелдер күнінде, қаланың сыртындағы тасжол жиегінен табылды. Тағы да сол қылмыстық қолтаңба. Төрт айда болған төрт ұқсас кісі өлтіру полицияның әзірге қылмыскерді тоқтата алмай отырғанын көрсетті. Ал Ішкі істер министрлігіндегі басшылар жергілікті құқық қорғау органдарынан қандай жолмен болса да нәтижеге жетуді талап етті. 

Өзбекстандағы 7 әйелдің өлімі: Полиция кенет көмектескен ақпарат

Төрт ай ішінде бірнеше әйелдің өлтірілуі полицияға қылмыстардың бір-бірімен байланысты екенін аңғартты. Алайда қара түсті Mercedes көлігін іздеу мен вокзал маңындағы такси жүргізушілерін жаппай тексеру нәтиже бермеді. Қазақстандық полицейлер қылмыскерді ел азаматы деп болжағандықтан, Өзбекстан нөмірі тағылған көлік назардан тыс қалып отырған.

Тергеудегі маңызды бетбұрыс Өзбекстан полициясы қазақстандық әріптестеріне хабарласқаннан кейін болды. Көрші елде де әйелдерді тонау, зорлау және өлтіру деректері тіркелген еді. Атап айтқанда 2011 жылдың қарашасынан 2012 жылдың наурызына дейін Ташкент пен Ташкент облысында 7 әйел өлтірілген. Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыскерлер әйелдерге такси қызметін ұсынып, оларды көлікке отырғызғаннан кейін елсіз жерлерге апарған. Онда зорлық көрсетіп, тұншықтырып өлтіріп, ақшасы мен бағалы заттарын алып кеткен.  Кейін бұл қылмыстардың Қазақстандағы оқиғалармен байланысы анықталды. Тергеу мәліметінше, Полатбай Бердалиев пен оның сыбайласы Абдусеит Орманов екі елде жүріп қылмыстық әрекеттерге барған. Олардың жетеуі Өзбекстанда, төртеуі Қазақстанда қаза тапқан. Қылмыстық топтың әрекеті екі елдің құқық қорғау органдарының басын біріктірді.

қыздарды зорлап, өртеген қылмыскер
Фото: Қылмыскерлер Өзбекстанда әйелдердің денесін өртеген/BARYS MEDIA

Оңтүстік Қазақстан облысының ІІД арнайы жедел-тергеу тобын құрып, күдіктілерді іздеуге кірісті. Полицейлер жеке такси жүргізушілерін тексеріп қана қоймай, қылмыс болған күндері Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан өткен көліктерді де зерттеді. Куәгерлердің сипаттамасы бойынша күдіктілердің бірінің фотороботы жасалды.

Тергеушілерге Өзбекстандық әріптестерінен түскен ақпарат та көмектесті. Негізгі күдікті – Өзбекстан азаматы Полатбай Бердалиев. Ол бұған дейін Шымкентте тұрып, қарақшылық үшін алты жылға сотталған. Жазасының бір бөлігін өтеп, 2010 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Кейін Өзбекстанға оралғанымен, Қазақстанға қайта-қайта қатынап жүрген. Бердалиевті ұстау үшін полицейлер оның қайда жүргенін анықтады. Өзбекстандық әріптестерінің мәліметі бойынша, күдікті Жамбыл облысында болуы мүмкін еді. Жедел қызметкерлер оның Таразда жалдап тұрған үйін тауып, екі тәулік бойы бақылаған. Қашып кетуі немесе қарсылық көрсетуі мүмкін болғандықтан, ұстау операциясына арнайы жасақ тартылды.

Операция кезінде Бердалиев қарсылық көрсетпей ұсталды. Көп ұзамай ол өзіне тағылған қылмыстар туралы жауап беріп, сыбайласы Абдусеит Ормановтың атын атады. Кейін Ормановты Өзбекстанның құқық қорғау органдары ұстады.

Қылмыскерлердің кінәсін дәлелдеу үшін тергеушілерге мойындау көрсетулерімен шектелу жеткіліксіз болды. Сондықтан олар шекара бекеттеріндегі деректерді тексеріп, күдіктілердің Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қатынауларын зерттеді. Бердалиевтің шекарадан өткен күндері Қазақстанда әйелдер өлтірілген уақытпен сәйкес келген. Бұл деректер тергеудің негізгі дәлелдерінің біріне айналды.

Тергеу ауқымды жүргізіліп, екі мыңнан астам адам куәгер ретінде сұралған. 500-ден астам Mercedes көлігінің иесі тексеріліп, ұялы байланыс операторларының 50 мыңнан астам абонент нөмірі талданды. Бұған қоса, күдіктілер тұрған жерлерді тінту кезінде заттай дәлелдер табылып, молекулалық-генетикалық сараптама Наталья Пашкова ісіндегі биологиялық іздердің Бердалиев пен Ормановқа тиесілі екенін көрсетті. Осылайша, олардың кінәсі бірнеше дәлелмен бекітілді.

2011 жылдың қарашасынан 2012 жылдың сәуіріне дейін қылмыстық топ Қазақстанда төрт, Өзбекстанда жеті әйелді өлтіргені анықталды. Барлығы 11 әйелдің өмірі қиылған. Қылмыскерлер құрбандарын қара түсті Mercedes көлігіне отырғызып, жолда сыбайластарын қосып алып, адам аяғы сирек жерлерге апарған. Мәліметтерге сәйкес, қылмыскерлер Өзбекстанда жасаған қылмыстарының ішінде екі әйелдің денесін өртеген. Тергеу нұсқасы бойынша, олар осылайша биологиялық іздерін жасыруға тырысқан. Әйелдерді өлтіргеннен кейін ақшасы мен бағалы заттарын иемденіп, ұрланған бұйымдарды Ташкент базарларында сатқан.

11 әйелді өлтіргендер қалай жазаланды?

Полатбай Бердалиевке қатысты іс Шымкентте қаралды. 2013 жылғы 30 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты оны кісі өлтіру, зорлау және қарақшылық шабуылдарға байланысты қылмыстар үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сотта ол тергеу кезінде қысым көрсетілгенін айтып, бұрынғы мойындауынан бас тартқанымен, жиналған дәлелдер оның кінәсін растады. 

Ал оның сыбайласы Абдусеит Орманов Өзбекстанда ұсталып, сол елде сотталды. Ташкент облыстық соты 2012 жылғы 30 қарашада оған да өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бердалиев кейін Өзбекстанға экстрадицияланды. Осылайша, екі елде жасалған қылмыстарды бірлесе тергеу нәтижесінде негізгі күдіктілер ұсталып, екеуі де өмір бойына сотталды. Дегенмен, деректерде топтың өзге де сыбайластары болғаны айтылады: олардың бірі тергеуден бой тасалап, іздеуде қалған.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 10:00