Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорғаныс министрінің орынбасарлары болған Савельева мен Бекманов қандай бағыттарға жауап береді?

Дәулет Бекманов пен Татьяна Савельева
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі / Дәулет Бекманов пен Татьяна Савельева

Қазақстан қорғаныс министрлігінің басшылық құрамына әскери салада тәжірибесі жоқ екі азамат келді. Бұрынғы мәжіліс депутаты Татьяна Савельева мен "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ның экс-басшысы Дәулет Бекманов министрдің орынбасарлары болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Informburo.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

24 қыркүйекте президент Дәулет Бекмановты қорғаныс министрінің орынбасары етіп тағайындады. Ол бұған дейін әскери салада жұмыс істемеген. 2025 жылдың шілдесінен бастап "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ны басқарған. Сондай-ақ "Қазпошта" АҚ-да басқарушы директор және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік қызметтер комитетінің төрағасы болған.

Ал 7 қазанда Татьяна Савельева қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне кірісті. Ол 2023 жылдан бастап мәжіліс депутаты болған, оған дейін қаржы вице-министрі қызметін атқарған. Биыл жазда I шақырылымдағы Құрылтай депутаты болған.

Әскери қызмет атқармайды

Қорғаныс министрлігінің түсіндіруінше, Татьяна Савельева мен Дәулет Бекманов ведомствоның азаматтық персоналы құрамында жұмыс істейді.

Савельева экономика және қаржы мәселелеріне, ал Бекманов цифрландыру бағытына жетекшілік етеді.

"Олардың әскери немесе арнаулы атағы жоқ. Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалған кезде мұндай атақ берілген жоқ. Атқаратын лауазымдары әскери қызметті өткеруді және әскери киім киюді талап етпейді", – деп хабарлады министрлік.

Айта кетейік, қазанда Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан кейін қорғаныс министрлігінде тексерудің алғашқы кезеңі өткен. Құқық қорғау органдары ведомствоның ұйымдары мен бөлімшелеріндегі мемлекеттік мүлікті жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және басқа да заңбұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғаған.

Сонымен қатар әскери тәртіп пен профилактикалық жұмыстарда кемшіліктер анықталған. Әскери қызметшілерге қатысты жарғылық тәртіпті бұзу және күш қолдану деректері де тіркелген.

27 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі қызметінен Дәурен Қосановты босатып, оның орнына Айдос Мырзахметовті тағайындаған.

Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысының өкімімен Евгений Кочетов жаңа лауазымға тағайындалды. Евгений Кочетов еңбек жолында мемлекеттік қызмет пен медиа саласында бірқатар лауазымды қызмет атқарған. Ол Қазақ гуманитарлық-заң университеті мен М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған. 2016-2017 жылдары Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры болды. 2017-2018 жылдары "Қазконтент" АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды. Ал 2023 жылы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалып, кейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметіне ауысты. Енді ол президент әкімшілігінің коммуникациялар бөлімін басқарады.

Stan.kz
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 10:41