Қазақстан Азия даму банкінен 227 миллиард теңге қарыз алады
Қазақстан бюджет шығындарын жабу үшін Азия даму банкінен 227,4 миллиард теңге қарыз алмақ. Құрылтай депутаттары осыған қатысты заңды екі оқылымда қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы келісімге 2026 жылғы 11 қыркүйекте қол қойылған еді. Келісімге сәйкес, Қазақстан 3,4 миллиард қытай юані немесе 227,4 миллиард теңге көлемінде қарыз алады.
Қарыз 15 жылға беріледі. Оның алғашқы үш жылында жеңілдік кезеңі қарастырылған. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 1,69%-ды құрап отыр. Ал алынған , бірақ әлі пайдаланылмаған ақша үшін жылына 0,15% комиссия төленеді.

Алынған қаражат әлеуметтік салаға, жол және көлік инфрақұрылымын дамытуға, өнеркәсіпке, білім беруге және бюджеттегі басқа да маңызды шығындарды қаржыландыруға жұмсалмақ.
Құрылтай депутаттары Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңды екі оқылымда қабылдады.
Қазақстан келесі жылы тағы қанша қарыз алмақ?
Құрылтай отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев Қазақстанның сырттан қарыз алу жоспарына да тоқталды. Оның айтуынша, 2027 жылы бюджет тапшылығы 4,5 триллион теңге болады деп болжанып отыр. Соның 1,5 триллион теңгесін халықаралық қаржы ұйымдарынан алынатын қарыз есебінен жабу жоспарланған.
"Біз бұған дейін үш халықаралық қаржы ұйымынан қарыз алдық. Олар – Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі. Сонымен қатар Қытай нарығында облигациялар шығардық. Енді биылғы жылдың соңына дейін нарықтағы жағдайға қарап, қосымша қаржы тарту мәселесін қарастырамыз", – деді Мәди Тәкиев.
Министрдің сөзінше, биыл тағы 500 миллион доллар көлемінде қаржы тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Егер нарықтағы жағдай қолайлы болса, қаражатты еуромен тарту жоспарланған.
Еске салсақ, бұған дейін Құрылтай Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы әріптестік туралы келісімді ратификациялаған еді. Келісім аясында жол, теміржол, энергетика, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылымдық жобаларға қаржы тарту көзделген. Қазақстан мен банк 2025–2029 жылдарға жалпы құны 6 миллиард долларға дейін жететін жобаларды бірлесіп жоспарлаған.