Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 6 миллиард доллар инвестиция тартпақ

Жұманғарин
Фото: видеодан скриншот

Құрылтай "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" заңды қабылдады. Келісім Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды АИИБ арқылы қаржыландыруға бірыңғай құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Атап айтқанда, қаржының қалай жұмсалатыны, сатып алу тәртібі, ақпараттың ашықтығы, экологиялық және әлеуметтік талаптар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері банк ережелеріне сай жүргізіледі.

Негіздемелік келісімнің мақсаты – әр жаңа жоба бойынша бірдей талаптарды қайта-қайта жеке белгілемей, оларды ортақ құқықтық тәртіпке келтіру. Сонымен бірге қаржыландыру құралдарын кеңейту, басым салаларды айқындау және жобаларды іске асыру рәсімдерін оңтайландыру көзделеді.

АИИБ мәліметінше, Қазақстанмен жасалған келісім мемлекет қолдайтын жобаларды қаржыландыруға құқықтық және операциялық негіз береді. Құжат Қазақстан мен банк бірлесіп әзірлеген 2025–2029 жылдарға арналған 6 миллиард долларға дейінгі жобалар портфелін толықтырмақ. Ондағы басым бағыттардың қатарында көлік байланысы, жасыл энергетика, денсаулық сақтау және климатқа төзімді инфрақұрылым бар.

Энергетикадан теміржолға дейін

Заң жобасы жөнінде қосымша баяндама жасаған Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Қайрат Айтуғанов келісім аясында энергетика, энергия тиімділігі, тұрғын үй, көлік және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылғанын айтты.

"Автомобиль және теміржол магистральдарын дамыту, шекарадағы тауар айналымын жеңілдету мүмкіндіктері де қарастырылып отыр. Сонымен қатар жаңа инвестициялық жобаларға қаржы тарту, оларды уақытылы іске асыру және экономикалық тиімділігін арттыру маңызды", – деді Қайрат Айтуғанов.

Өңірлер де жобаларын ұсына алады

Құрылтай депутаты Елена Семидоцких талқылау кезінде Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарын мысалға келтіріп, өңірлердің қандай инфрақұрылымдық жобалары АИИБ қаржыландыруына іліге алатынын сұрады.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жобаларды іріктеу шарттарын банктің өзі белгілейтінін айтты.

"Банктің барлық жобаға ортақ талаптары бар. Ұсынылатын жоба сол талаптарға сәйкес дайындалуы керек. Бұған дейін біздегі ірі жол жобаларына халықаралық қаржы ұйымдары қатысып келді, АИИБ кей жағдайда бірлесіп қаржыландырды. Енді осы келісім банкпен жобаларды жаңа форматта іске асыруға мүмкіндік береді. Қазір басқа да жобаларды қарастырып жатырмыз", – деді Жұманғарин.

Министрдің сөзінше, тек орталық мемлекеттік органдар ғана емес, өңірлер мен жеке сектор да банк талаптарына сәйкес дайындалған жобаларын ұсына алады.

1,8 миллиард долларлық жобалар іске асырылып жатыр

АИИБ-пен әріптестік туралы келісімді ратификациялауға арналған брифингте Серік Жұманғарин бүгінде  жетіге жуық жоба іске асырылып жатқанын айтты.

"Қазір бірнеше жоба іске асырылып жатыр, олардың жалпы көлемі шамамен 1,8 миллиард доллар. Алдағы кезеңде қандай жобалар болатыны бюджет сұранысына және ұсынылатын бастамаларға байланысты болады. Негіздемелік келісім бізге банкпен жұмысты бастауға және жобаларды жүйелі түрде қарауға мүмкіндік береді. Бірақ әр жобаның қаржыландыру талаптары бөлек айқындалады. Яғни нақты сома да, шарттар да жобаға қарай белгіленеді", – деді министр.

Брифингте АИИБ-тен тартылатын қаржының валютасы, пайыздық мөлшерлемесі мен өтеу мерзімі де сөз болды.

Жұманғариннің айтуынша, бүгін ратификацияланған негіздемелік келісім бұл параметрлерді алдын ала бекітпейді. Ол тек болашақ жобалар үшін ортақ құқықтық негіз жасайды.

"Біз негіздемелік келісім қабылдап отырмыз. Бұл банкпен жұмысты бастауға мүмкіндік береді. Ал нақты жоба анықталғаннан кейін оның қаржыландыру шарттары да айқындалады. Пайыздық мөлшерлеме, мерзім, валюта және басқа талаптар әр жоба бойынша бөлек қаралады. Сондықтан қазір барлық болашақ жобаға ортақ бір мөлшерлеме немесе мерзім айтуға болмайды", – деді Жұманғарин.

АИИБ ақшасының бәрі Үкімет қарызына айнала ма?

Брифингте АИИБ арқылы тартылатын қаражаттың мемлекеттік қарызға әсері де талқыланды.

Құрылтай депутаты Гүлназ Атамқұлова банктің қаржысы тек үкіметтік қарыз түрінде тартылмайтынын түсіндірді. Оның сөзінше, мемлекеттік кепілдік берілген жобалар мен жеке секторға арналған қаржыландыру тетіктері де бар.

"Қаражатты үкіметтік қарыз ретінде де, мемлекеттік кепілдік арқылы да тарту мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен қатар жеке сектордың жобалары бар. Мұндай жағдайда жобаға қатысушы тараптың жауапкершілігі жеке айқындалады. Жоба банк талаптарына толық сай болуы керек: барлық қажетті құжаттары дайындалып, ақпаратты ашу, сатып алу рәсімдері, экологиялық және әлеуметтік стандарттар сақталуы тиіс. Қаржыландырудың нақты шарттары әр жобаға байланысты белгіленеді", – деді Атамқұлова.

Банк тәуелсіз тексеру жүргізе алады

Жұманғарин АИИБ-тің жобаларға қоятын талаптарының арасында ашықтық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылау ерекше орын алатынын айтты.

"Банктің негізгі қағидалары бар. Оның ішінде тиімділік, ашықтық, адалдық және әдеп мәселелері қамтылған. Келісім арқылы біз банктің осы талаптарын мойындаймыз. Банк заң талаптарының сақталуын, экологиялық және әлеуметтік стандарттарды, сатып алу рәсімдерін бақылайды. Қажет болса, тәуелсіз тексеру жүргізіп, өз қағидаларын бұзған қатысушыларға санкция қолдана алады", – деді министр.

Оның айтуынша, қаржыландырылатын жобалар жөніндегі ақпараттың бір бөлігі банктің ресми ресурстарында жарияланады.

Одан бөлек Серік Жұманғарин инфрақұрылымдық жобалардың тек ірі компанияларға арналмағанын айтты. Қазақстандық шағын және орта бизнес мұндай жобаларға жеткізуші, мердігер немесе қосалқы мердігер ретінде қатыса алады.

"Қазақстандық кәсіпорындар тауар мен қызмет жеткізе алады. Олар мердігер немесе қосалқы мердігер ретінде жұмыс істей алады. Қазір шағын бизнес субъектілерінің мұндай жобаларға қатысуына кедергі жоқ. Қатысу көлеміне байланысты да арнайы шектеу қойылып отырған жоқ", – деді Жұманғарин.

Министр теміржол саласындағы қазақстандық компаниялардың мүмкіндігіне де тоқталды.

"Теміржол құрылысы бойынша біздің әлеуетіміз жақсы. Бұл бағытта тәжірибе де, мүмкіндік те бар. Сондықтан мұндай жобаларға отандық компаниялардың қатысу мүмкіндігі жоғары. Жалпы инфрақұрылымдық жобалардың қазақстандық бизнесті дамытуға әсері болуы керек", – деді ол.

Қазақстан мен АИИБ арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімге 2026 жылғы 12 ақпанда қол қойылған. Банк сол кезде құжаттың Қазақстанда мемлекет қолдайтын инфрақұрылымдық жобаларды дайындау мен қаржыландырудың құқықтық және операциялық тәртібін қалыптастыратынын мәлімдеген еді.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 12:05