Қазақстан Қытайдан 1,5 миллиард доллар қарыз алды
Қазақстанның мемлекеттік борышы 38,5 триллион теңгеге жетті. Бұл жалпы ішкі өнімнің 20,9 %-ына тең. Оның ішінде сыртқы борыш көлемі 8,4 триллион теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 4,5 %-ын құрайды, деп мәлімдеді Қаржы министрі Мәди Такиев Құрылтай отырысында. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Министр 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау кезінде депутаттардың мемлекеттік борыштың өсуі мен оған қызмет көрсету шығындары туралы сұрақтарына жауап берді.

Такиевтің айтуынша, Үкімет қарызды басқару кезінде қаражатты тиімді шарттармен қайта тартуға басымдық береді. Осы мақсатта Мемлекеттік борышты басқару жөніндегі кеңес құрылып, бастапқы дилерлер институты іске қосылған. Сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары халықаралық индекстерге енгізілген.
Министрдің сөзінше, мемлекеттік борыштың белгіленген шекті деңгейі жалпы ішкі өнімнің 32 %-ына тең. Оның айтуынша, Қазақстан заңнамадағы шектеулер мен талаптарды сақтап отыр, ал халықаралық сарапшылар елдің борыш деңгейін салыстырмалы түрде төмен деп бағалайды.
Қытайдан қарыз алу бюджетке қанша үнем береді?
Мәди Такиев Қазақстан биыл Қытайдан 1,5 миллиард долларды жылдық 1,82 %-дық мөлшерлемемен алғанын айтты. Министрдің мәліметінше, осы қарызды өтеуге жыл сайын 12,7 миллиард теңге жұмсалады.
"Биыл Қытайдан 1,5 миллиард долларды ең төменгі мөлшерлемемен – 1,82 %-бен тарттық. Бұл қарызға қызмет көрсетуге жылына 12,7 миллиард теңге жұмсалады. Егер дәл осы 1,5 миллиард долларды ішкі нарықтан тартсақ, оған қызмет көрсету шығыны 113 миллиард теңгеден асар еді", – деді министр.
Оның айтуынша, екі нұсқаның айырмашылығы жылына шамамен 100 миллиард теңгені құрайды. Ал бес жыл ішінде бюджет 500 миллиард теңге үнемдеуі мүмкін.
Қазақстан сыртқы нарықтан қандай шарттармен қарыз алады?
Министр Қазақстанның еурооблигациялар арқылы да қаражат тартатынын атап өтті. Оның айтуынша, 2015 жылы мұндай қарыздар жылдық 5,5 %-дық мөлшерлемемен, ал өткен жылы 4,4 %-бен тартылған.
Такиевтің бағалауынша, пайыздық мөлшерлемелердегі айырмашылық жылына 60 миллион доллар үнемдеуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге 2027 жылы 3,5 триллион теңге бөлу жоспарланғаны туралы жазған едік. Бұл сома жалпы бюджет шығыстарының шамамен 12 %-ына тең.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында қанша қаражат қайда бөлінетіні туралы жазған едік.
Қазақстандық әженің үйін жөндеуге келген еріктілер шатырдан 8 пакет ақша тауып алған: Кейуана оны қайыр тілеп жинаған