Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2027 жылдан бастап банктер қазақстандықтардың шоттары мен депозиттері туралы деректерді Үкіметке береді

Тенге
Фото: Ашық дереккөзден алынған

 

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік көмек алушылардың банк шоттары, депозиттері, кірістері мен шығыстары отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде ескеріледі. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Құрылтай отырысында 1 қаңтардан бастап әлеуметтік көмек алушылардың банк шоттары, депозиттері, кірістері мен шығыстары отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде ескерілетінін мәлімдеді.

Депутат Наталья Рамазанова министрден мемлекет қолдауына мұқтаж емес азаматтарды қалай анықтайтынын және отбасының қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда әлеуметтік көмек алу мүмкіндігі қалай өзгеретінін сұрады.

 

Министрдің айтуынша, отбасының әл-ауқаты "Отбасының цифрлық картасы" жүйесі арқылы бағаланады. Ол мемлекеттік дерекқорлардан алынған мәліметтер негізінде отбасының жағдайын сегіз бағыт бойынша талдайды. Олардың қатарында жұмыспен қамтылу, кірістер, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, кредиттік міндеттемелер мен білім деңгейі бар.

Ертаевтың түсіндіруінше, А санатына табысы жоғары азаматтар, ал В санатына тұрмыстық жағдайы жақсы отбасылар жатады.

"Енді шығыстар ескеріле ме деген сұрағыңызға жауап берейін. Иә, ескеріледі. Заңға сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер алушының және оның отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтер береді. Бұл жұмыста кірістер де, шығыстар да ескеріледі", – деді министр.

Оның айтуынша, отбасының әл-ауқат санаты ай сайын анықталады.

Министр отбасының қаржылық жағдайы өзгерген жағдайда мемлекеттік қолдау шаралары да қайта қаралатынын ескертті.

"Мысалы, отбасы қазан айында В санатында болып, қандай да бір тәуекелдерге байланысты желтоқсанда С санатына өтсе, онда бұл үй шаруашылығына мемлекеттік қолдау шаралары проактивті түрде бірден тағайындалады", – деді Асқарбек Ертаев.

Оның сөзінше, жүйе отбасылардың материалдық және әлеуметтік жағдайын тұрақты түрде жаңартып, өзгерістерге уақтылы әрекет етуге мүмкіндік береді.

Қандай реформа туралы сөз қозғалып отыр?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақының 10 түрін тағайындау тәртібі өзгереді.

Жәрдемақы тағайындау кезінде адамның немесе отбасының материалдық жағдайы ескеріледі. Ол үшін әл-ауқаттың бес санаты енгізіледі:

  • А санаты – жоғары деңгей. Табысы жоғары, жылжымайтын мүлкі және басқа да активтері бар отбасылар;
  • В санаты – ауқатты деңгей. Тұрақты табысы, баспанасы және қаржылық жағдайы тұрақты отбасылар;
  • С санаты – қанағаттанарлық деңгей. Табысы аз, несиелері бар және қаржылық мүмкіндіктері шектеулі отбасылар;
  • D санаты – экономикалық тұрғыдан осал деңгей. Табысы төмен, қарыздары бар немесе жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болған отбасылар;
  • E санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгей. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар.

Жаңа ережеге сәйкес, А және В санаттарына жатқызылған отбасылар бекітілген тізімдегі жәрдемақыларды ала алмайды.

Егер адам жәрдемақы алып жүріп, отбасының әл-ауқатын бағалау нәтижесінде А немесе В санатына жатқызылса, төлем тоқтатыла тұруы мүмкін. Ал материалдық жағдайы нашарлап, келесі ай сайынғы бағалау кезінде отбасы С, D немесе E санатына өтсе, төлем қайта тағайындалуы мүмкін.

Өзгерістер, соның ішінде, бала туған кездегі біржолғы жәрдемақы мен бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы күтім төлеміне қатысты болады. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл жәрдемақыларды тағайындау кезінде де отбасының материалдық жағдайы ескеріледі.

Айта кетейік, бұған дейін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 10 түрлі мемлекеттік жәрдемақы берілетін біржолғы төлемді тағайындау тәртібі өзгеретінін жазған едік.

Айнура Дарибаева
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 12:19