Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алдағы үш жыл ел бюджеті қайда жұмсалатыны белгілі болды

бюджет
Фото: ашық дереккөзден

 

Құрылтай депутаттары "2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінің қорытындысында атап өтілгендей, 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері бюджет қағидаларын сақтау және шығыстарды әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру ескеріле отырып айқындалған.

 

Экономикалық өсім қандай болады?

Құжатқа сәйкес, 2027–2029 жылдары Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің орташа жылдық өсімі 5,4 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылғы 199,3 триллион теңгеден 2029 жылы 245 триллион теңгеге дейін ұлғаяды деп күтіледі.

Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2027 жылы 7,5–9,5 пайыз, ал 2028–2029 жылдары 6–8 пайыз деңгейінде белгіленген.

Бюджет кірісі мен Ұлттық қорға түсетін қаражат

Трансферттерді есептемегенде, республикалық бюджеттің кірісі 2027 жылы 19,9 триллион теңге болады деп болжанып отыр. Бұл – ағымдағы жылға арналған бағалаудан 2,8 триллион теңгеге артық.

2028 жылы бюджет кірісі 21,7 триллион теңге, ал 2029 жылы 23,3 триллион теңге көлемінде жоспарланған.

Салықтық емес түсімдер 377 миллиард теңге, арнайы түсімдер 18 миллиард теңге мөлшерінде белгіленген.

Трансферттерден түсетін кіріс 2027 жылы 5,5 триллион теңге, 2028 жылы 5,3 триллион теңге, 2029 жылы 4,9 триллион теңге болады деп болжанған.

Жобаға сәйкес, Ұлттық қордан берілетін трансферттердің жалпы көлемі 2027 жылы 4,4 триллион теңге, 2028 жылы 3,9 триллион теңге, 2029 жылы 3,5 триллион теңге болады.

Оның ішінде кепілдендірілген трансферт көлемі 2027 және 2028 жылдары жыл сайын 2,4 триллион теңге, ал 2029 жылы 2 триллион теңге деңгейінде белгіленген.

Мұнай секторындағы ұйымдардан Ұлттық қорға түсетін қаражат 2027 жылы 3,78 триллион теңге болады деп болжанып отыр. Есеп мұнай өндіру көлемі 96 миллион тонна, әлемдік нарықтағы мұнай бағасы барреліне 70 доллар және доллар бағамы 480 теңге болады деген болжамға негізделген. Бұл – 2026 жылға арналған бағалаудан 342 миллиард теңгеге аз.

Бюджет қаражаты қайда жұмсалады?

Бюджеттің негізгі басымдықтары қатарында мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау және адам капиталын дамыту бар. Бұл бағытта білім беру, ғылым мен денсаулық сақтау салаларына қолдау көрсету көзделген.

2027 жылы бюджет қаражаты мына бағыттарға бөлінеді:

  1.  Адам капиталын дамытуға – 10,5 триллион теңге немесе жалпы бюджет шығыстарының 35 пайызы.

Оның ішінде:

  • әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға – 6,9 триллион теңге;
  • денсаулық сақтауға – 2,5 триллион теңге;
  • білім беру мен ғылымды дамытуға – 897 миллиард теңге.

Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге, дәрі-дәрмекпен қамтуға және медициналық сақтандыруға бағытталады.

  1. Өңірлерді қолдауға – 7,4 триллион теңге немесе бюджет шығыстарының 24,8 пайызы. Қаражат инфрақұрылымды дамытуға және өңірлерде қолайлы жағдай жасауға жұмсалады.
  1. Экономиканың нақты секторына – 3,7 триллион теңге немесе 12,3 пайыз. Бұл қаражат көлік инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке, кәсіпкерлікке және цифрлық дамуға бағытталады.
  1. Қауіпсіздік пен мемлекеттік басқаруға – 4,9 триллион теңге немесе 16,3 пайыз.
  1. Мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге – 3,5 триллион теңге немесе жалпы бюджет шығыстарының 12 пайызы.

2029 жылға қарай бюджет тапшылығы азаяды

Бюджет жобасына сәйкес, республикалық бюджет тапшылығы 2027 жылы 4,6 триллион теңге, 2028 жылы 2,2 триллион теңге, ал 2029 жылы 1 триллион теңге болады деп болжанған.

Осылайша, үш жыл ішінде бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен қысқарту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар депутат Ольга Перепечина бюджет жоспарлаудың сапасын одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті.

"Жалпы алғанда, бюджет жобасы теңгерімді, әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруды қамтамасыз етеді, экономиканың нақты секторын қолдау мен инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Сондай-ақ бюджет тапшылығын біртіндеп қысқартуға бағытталған", – деді депутат.

Оның айтуынша, алдағы уақытта макроэкономикалық болжамдардың дәлдігін арттыруға, бюджеттің меншікті кірістерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, Ұлттық қор трансферттеріне тәуелділікті азайтуға және шығыстардың тиімділігін арттыруға басымдық беру қажет.

Сондай-ақ мемлекеттік борыш пен оған қызмет көрсету құнын бақылауды күшейту маңызды.

"Бұл мәселелер Үкіметтен жекелеген көрсеткіштерді формалды түрде түзетуді емес, орта мерзімді кезеңге арналған бюджеттік жоспарлау сапасын жүйелі түрде арттыруды талап етеді", – деп атап өтті Ольга Перепечина.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Үкіметі 2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасында инфляцияның біртіндеп төмендеуін болжағаны туралы жазған едік. 

Айнура Дарибаева
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 12:03