Қазақстанда мал сою мен ет сатуға талап күшейтіледі: Құрылтай заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Қазақстанда арнайы белгіленген орындардан тыс жерде мал сойып, оның етін мейрамханалар мен дәмханаларға өткізуге тыйым салынбақ. Сондай-ақ базарлардағы еттің қауіпсіздігін бақылау күшейтіліп, малға адамдарды емдеуге арналған антибиотиктерді қолдануға шектеу қойылмақ. Құрылтай депутаттары ветеринария мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заң жобасын таныстырған депутат Серік Егізбаевтың айтуынша, өзгерістер мал ауруларының алдын алуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ветеринар мамандардың жағдайын жақсартуға бағытталып отыр.
Мейрамханалар мен дәмханаларға ет жеткізу тәртібі өзгереді
Заң жобасына сәйкес, мейрамханалар мен дәмханаларға ет өткізу үшін малды арнайы белгіленген орындарда ғана союға рұқсат етілмек.
Сондай-ақ сою алдында ветеринариялық тексеруден өтпеген малдың етін және арнайы сараптамадан өтпеген өнімдерді қоғамдық тамақтану орындарында пайдалануға шектеу қойылады.
Жаңа талаптарға сәйкес, ветеринариялық құжаты жоқ ет пен басқа да мал өнімдерін тексеру үшін етті уақытша алып қоюға мүмкіндік беріледі.
Кейін мұндай өнімдерге арнайы зертханалық сараптама жүргізіледі. Сонымен қатар ет, сүт және басқа да мал өнімдері сатылатын базарлар мен сауда орындарында ветеринариялық бақылау тұрақты жүргізіліп тұрмақ.
Мал иелері малды сойғаны немесе сатқандығы туралы тиісті мекемелерге белгіленген мерзімде хабарлауға міндеттеледі. Егер малдың сырғасы жоғалса немесе бүлінсе, бұл туралы да мәлімет беруі қажет.
Малға адам антибиотиктерін беруге тыйым салынады
Заң жобасында ет, сүт және басқа да азық-түлік өнімдерін алу үшін өсірілетін малға адамдарды емдеуге арналған антибиотиктер мен өсуін тездететін препараттарды қолдануға тыйым салынады. Сондай-ақ малдан аса қауіпті жұқпалы ауруға күдік туындаса, нақты диагноз қойылғанға дейін оны оқшаулауға, союға, сақтауға және тасымалдауға уақытша шектеу енгізілмек.
Мал шаруашылықтарында ветеринар болуы міндеттеледі
Жаңа талаптар бойынша ұйымдасқан шаруашылықтарда ветеринар дәрігер міндетті түрде жұмыс істеуі немесе шаруашылық сырттан тиісті маманды тартуы керек. Мал қорымдары, сою орындары, ет пен басқа да өнімдер сақталатын қоймаларды тексеру тәртібі де өзгермек. Оларды бақылау Кәсіпкерлік кодексіндегі жалпы тәртіппен емес, ветеринария саласына арналған арнайы заң талаптарымен жүргізіледі.
Ветеринарларға қосымша төлем беріледі
Серік Егізбаевтың айтуынша, ауылдық жерлерде ветеринар мамандар жетіспейді. Осыған байланысты заң жобасында олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту қарастырылған. Атап айтқанда, ветеринарларға жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы кезінде сауықтыру үшін кемінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде жәрдемақы төлеу ұсынылған.
Ғылыми дәрежесі бар мамандарға да қосымша ақы қарастырылған. Ғылым кандидаттарына 17 АЕК, ал ғылым докторларына 34 АЕК мөлшерінде үстемеақы төленетін болады. Сонымен қатар ветеринарларды арнайы киіммен қамтамасыз ету және олардың кәсіби құқықтарын қорғайтын ветеринариялық палата құру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар енді қауіпті ауруға шалдыққан мал мемлекет шешімімен жойылса, оның құны иесіне өтеледі. Бұл жұмысқа Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ жауапты болмақ.
Серік Егізбаевтың айтуынша, жаңа өзгерістерді жүзеге асыру үшін жыл сайын бюджеттен шамамен 27 миллиард теңге бөлу жоспарланған.
Құрылтай депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда жеңілдетілген несиені тек чип орнатылған малға беру жоспарланып отырғаны хабарланған еді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғалий Бердалиннің айтуынша, енді мемлекеттік қолдау алу үшін шаруалар малын өз қаражатына тіркеп, чип орнатуға тиіс болады. Бұл қадам мал басын нақты есепке алып, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын бақылау үшін қажет.
"Өзімнен 5 жас үлкен әйел мені асырағысы келді": Актер Олжас Тоғымбет жеке өмірі туралы ашық сұхбат берді
