Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда сиыр еті қымбаттай ма: Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берді

сиыр еті
Фото: pexels.com

Қазақстанда сиыр етінің бағасы қалай өзгеретініне қатысты Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова пікір білдірді. Бұл туралы ол Үкіметтегі брифинг барысында айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Статистикалық деректерге сәйкес, республика бойынша сиыр етінің бір келісінің орташа бағасы 3800 теңге. Астанада баға 3800 теңгеден басталып, 4 мың теңгеден жоғары болуы мүмкін. Біз базарлардағы бағаны күн сайын бақылап отырамыз. Қазір “Шапағат” базарында еттің келісі шамамен 3900 теңге, ал “Артем” базарында 4400 теңгеге жуық", – деді Назгүл Хатепова.

Вице-министр ішкі нарықтың отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етіліп отырғанын атап өтті.

 

"Сиыр еті бағасының күрт өсуіне негіз көріп отырған жоқпыз. Ішкі нарық өз өндірісіміз есебінен толық қамтамасыз етіліп отыр. Былтыр 4,4 мың тонна сиыр еті өндірілді. Биыл сегіз айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі артқан. Мал басы да көбейіп келеді", – деді вице-министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қазіргі өндіріс қарқыны мен мал басының өсуі бағаның күрт қымбаттауына алғышарт бермейді деп отыр.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 11:42