Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы сиыр етінің бағасын басқа елдермен салыстырды – Рейтинг жарияланды

Қазақстан сиыр еті
Фото: magnific.com

Қазақстан сиыр еті бағасы қолжетімді елдердің қатарында. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Numbeo сайтындағы рейтингке сілтеме жасап хабарлайды.

5 мамырда жаңартылған рейтингке 101 ел қатысқан. Қазақстан сиыр етінің бір килограмы 8,72 доллар, шамамен 4 050 теңгемен 82-орында тұр.

Сонымен қатар Қазақстандағы ет бағасы Кеңес Одағының құрамыдағы көптеген басқа елдермен салыстырғанда арзан болып шықты. Мысалы, Ресейде – 10,93 доллар, Өзбекстанда – 10,86 доллар, Беларусь елінде – 9,25 доллар.

Деректерге сәйкес, ең қымбат сиыр еті Швейцарияда (45,58 доллар), Норвегияда (32,89 доллар) және Люксембургте (27,65 доллар) сатылады. Жалпы алғанда, дамыған елдердің көпшілігінде ет бағасы Қазақстанмен салыстырғанда 3-4 есе қымбат.

Қазақстан сиыр еті
Фото: Numbeo

Рейтингтегі алғашқы 15 елде сиыр еті 20 доллардан астам бағаға сатылады. Олардың қатарында Еуропаның бірқатар мемлекеттері (Германия, Швеция, Франция, Финляндия, Австрия, Италия, Бельгия және т.б.), сондай-ақ Израиль, Оңтүстік Корея және Сингапур бар.

Ал ең арзан сиыр еті Пәкістанда (4,68 доллар), Нигерияда (4,73 доллар) және Кенияда (5,23 доллар) сатылады.

Бұған дейін Қазақстанның Беларусьтегі ет комбинатынан сиыр етін алдыратыны туралы жазған едік.

Министрлік шетелден ет тек қайта өңделетін тауарлар үшін келеді дейді.

"Бұл ретте, ет импорты еркін сауда тетіктері аясында жүзеге асырылады және нарықтық модельдің бір бөлігі болып саналады. Импортталатын еттің басым бөлігі ішкі тұтыну үшін емес, қайта өңдеу мақсатында әкелінеді. Яғни, шетелден жеткізілген шикізат шұжық өнімдерін, консервілерді және басқа да ет өнімдерін өндіруге пайдаланылады", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 06 Мамыр, 2026 08:06