"Өзімнен 5 жас үлкен әйел мені асырағысы келді": Актер Олжас Тоғымбет жеке өмірі туралы ашық сұхбат берді

Актер Олжас Тоғымбетті көрермендер көбіне жағымсыз кейіпкерлердің рөлінен таниды. Алайда экрандағы бейнесінен бөлек, оның шынайы болмысын көпшілік біле бермейді. Оған өзінен бірнеше жас үлкен әйелдер асырауға ұсыныс жасағаны рас па? Неге Олжас модельдіктен кетті. Ол жақта біз білмейтін қандай құпия бар? Өзі туралы тараған сан түрлі қауесетке ол Stan.kz-пен пен сұхбат жобасында ашық айтты.

Неліктен сіз көбіне жағымсыз кейіпкерлердің рөлін сомдайсыз?
– Келбетімнің суықтығына байланысты шығар. Көбіне режиссерлердің таңдауы солай түседі. Менің кейіпкерлерім антагонист болғанымен, әрқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Бір кездері көптеген фильмдерден бас тартып, өнерден сәл алыстаған кезім де болды. Себебі ұсынылатын образдарым бір-бірін қайталай бастады. Бұл да жақсы емес. Көрерменнің санасында үнемі жағымсыз кейіпкер ретінде қалып қоюың мүмкін.
"Шымыр" фильмінің премьерасында жанымда отырған менеджер қыз кейіпкерімнен қорқып, тіпті менен қашқақтап, жиіркене қарады. Бір жағынан, образымды көрерменге сенімді жеткізе алғаныма қуанамын. Екінші жағынан, мұндай реакцияны көру де біртүрлі сезім екен.
– Демек, бұл сіздің өз жұмысыңызды жоғары деңгейде атқарғаныңыздың белгісі деуге болады ғой?
– Актерлер өз жұмысына үнемі сын көзбен қарайды. Мұны сенімсіздік деп айтпас едім. Кейде өзіңді экраннан көргің де келмейді. Өйткені қателіктеріңді байқай бастайсың. Бірақ сол арқылы сабақ алып, дамисың.
– Соңғы уақытта сізді өнер саласынан гөрі кәсіпкерлікке бет бұрғандай көрдік. Бұл рас па?
– Иә, кәсіпкерлікке бет бұрдым. Осы жазда бірқатар продюсер және режиссермен келіспей қалған жағдайлар болды. Онда тұрған ештеңе жоқ, бұл – өмір. Сондықтан өзім үшін бір шешім қабылдадым. Шамамен бір жыл бизнес саласында жұмыс істеп, содан кейін өзім қалаған сапалы жобаларды түсіремін деп жоспарлап отырмын.
– Threads әлеуметтік желісінде "Өнер саласында ақша жоқ, актерлердің бәрі басқа жұмыс іздеуі керек" деген пікір жазылыпты. Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Бала кезімнен актер болуды армандадым. Бірақ ата-анам рұқсат бермеді. Себебі ол кезде өнер саласы қазіргідей дамымаған еді. Қаржылық жағдайы да өте төмен болатын. Актер ағаларымыздың қоғамдағы мәртебесі жоғары болмады. Ішімдікке қатысты мәселелер де бар еді. Ата-анам үйленіп, отбасы құрғанда “Оларды қалай асырайсың?” деп алаңдады. Сөйтіп, араб филологиясы мамандығына оқуға түстім. Кейін сол салада жұмыс істеп, одан соң қаржы саласына ауыстым. Өнерге 27 жасымда келдім.
Сол кезде Жүргенов академиясында оқыған бір жігіт маған: "Сендер сияқты көшеден келгендер біздің нанымызды тартып алып жатырсыңдар", – деген еді. Сол сөзден кейін екі есе көп жұмыс істей бастадым. Өзімді дәлелдеу үшін барымды салдым. Мен сияқты актердің бар екенін көпшілікке таныту үшін көп еңбектендім. Ұйқы көрмей, тынымсыз жұмыс істедім. Ал актерлік мамандықты арнайы бітіргендердің білімі мен дайындығы бар. Бірақ кейбірінің бойында өздерін танытуға деген ұмтылыс немесе белсенділік жетіспейтіндей көрінеді. Олар өздері туралы айтуды, өзін жарнамалауды ұната бермейді.
– Модель болып жүрген кезіңізде өзіңізден бірнеше жас үлкен әйел сізді асырауға ұсыныс жасағаны рас па?
– Бұл осыдан он жыл бұрын болған оқиға. Ол кезде модель болып жұмыс істейтінмін. Бір күні жұмыстан кейін маған бір адам келіп: "Мына нөмірге хабарлассаң, барлық жағдайыңды жасап береді", – деді. Бастапқыда не айтқысы келгенін түсінбедім. Кейін өзімнен үлкен бір әйелдің маған көңілі ауып, осындай ұсыныс жасағанын білдім.
Қатты намыстандым. Мұндай ұсынысты қабылдау түгілі, естудің өзі маған ауыр тиді. Кейін ол әйелмен кездесіп, жағдайды ашық түсіндіріп, мәселені ер азаматқа тән түрде шештім. Кейін модельдік жұмысымнан кетіп қалдым. Сол кезде түсінгенім, ол жердегі жігіттерге осындай ұсыныс жиі тасталады екен. Бас тартқан алғашқылардың бірі мен болып тұрмын.
– Осы оқиғадан кейін сіз туралы түрлі әңгімелер тарады ма?
– Әрине. Біраз уақыт өткен соң інім екеуміз бірге жұмыс істеп, арманымыздағы қымбат көлікті сатып алдық. Сол кезде кейбір көре алмайтын адамдар мен туралы түрлі әңгіме таратып жіберді. Яғни, бұрынғы жағдайды естігендер мені әлдебір әйелдер қымбат сыйлықтармен қамтамасыз етеді деген өсек шығарған.

– Отбасыңыз туралы көп айта бермейсіз.
– Екі қызым бар. Жұбайыммен ажырасқанмын. Қазір екі қызымның болашағы үшін еңбек етіп жүрмін. Оларға жақсы әке болуға тырысамын.
– Түріңіз суық, жағымсыз кейіпкерлерді сомдайсыз, өзіңіз туралы айтыңызшы?
– Мен өмірде өте жұмсақпын, жануарларды жақсы көремін. Жылқы, ит асырағанды ұнатамын. Өте қарапайыммын.
Сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz YouTube арнасынан көріңіз.
"Өзімнен 5 жас үлкен әйел мені асырағысы келді": Актер Олжас Тоғымбет жеке өмірі туралы ашық сұхбат берді