Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан шетелдік инвесторлар мен мамандар үшін көші-қон талаптарын жеңілдетеді

шетелдік
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстан Үкіметі көші-қон саясатын өзгертіп, оны ашық әрі экономикаға тиімді етуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваның айтуынша, Қазір қолданылып жүрген әкімшілік тәсілдің орнына ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегияға көшу жоспарланып отыр.

“Біз күрделі әрі көп жағдайда шектеуші жүйеден неғұрлым ашық және икемді модельге өтіп жатырмыз. Реформаның негізгі мақсаты – экономикаға қажет шетелдік мамандар мен инвесторлар үшін ашық әрі болжамды жүйе қалыптастыру. Осы бағытта елге еркін кіру, кәсіби қызметін жүзеге асыру және қоғамға бейімделу үшін қолайлы жағдай жасау жоспарланып отыр”, – деді Балаева.

Бірінші бағыт – көші-қон саласында сервистік мемлекетті қалыптастыру. Министрдің сөзінге, мәртебе мен рұқсаттарды рәсімдеу түрлі мекемелерге жүгінбей, бірыңғай жүйе арқылы жүзеге асуы тиіс. Бұл ретте "бір терезе" қағидаты кеңейтіліп, үдерістер цифрландырылмақ. 

Екінші бағыт – бюрократиялық кедергілерді азайтып, әкімшілік рәсімдердің тиімділігін арттыру. Өтініштерді қарау мерзімдерін қысқартып, регламенттерді цифрлық құралдар арқылы оңтайландыру көздеіп отыр. 

“Бұл азаматтар мен мемлекет үшін транзакциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді”, – деді ол.

Үшінші бағыт – адами капиталды тарту. Атап айтқанда, инвесторлар мен жоғары білікті мамандарға арналған "Алтын виза" тетігі енгізіледі.

“Өндірістік немесе инфрақұрылымдық салада жоба жүргізетін шетелдік инвестор тұрақты тұру және қызмет жүргізу үшін қолайлы жағдай алады. Ал инженерия, IT немесе медицина саласының мамандарына заңдастыру мен жұмысқа орналасу жеңілдетіледі”, – деді Балаева.

Төртінші бағыт – кәсіби біліктілікті тану рәсімдерін жеңілдету. Әсіресе, тапшы және жоғары технологиялық салаларда біліктілікті растау мерзімдерін қысқарту жоспарланған. Бұл ретте сапа мен қауіпсіздік талаптары сақталады.

Министрдің айтуынша, реттеу деңгейі төмендемейді.

“Барлық реформалар институционалдық тұрақтылықты күшейту және цифрлық бақылауды арттыру аясында жүзеге асырылады. Реттеу жүйесі анағұрлым дәл, мақсатты және технологиялық сипат алады”, – деді Балаева.

Үкіметтің мәліметінше, бұл өзгерістер Қазақстанның инвестициялар, технологиялар және адами капитал үшін жаһандық бәсекедегі позициясын нығайтуға көмектеседі. Сонымен қатар білімге негізделген экономиканы қалыптастырып, сапалы өсімді қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат беру және қандас мәртебесін беру ережелерін өзгерткені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 03 Мамыр, 2026 11:15