"Бәрі өзара келісіммен болды": Басы дауға қалған De Lacure айыптауларға жауап берді

Қазақстандық шоулардың бірінде ұятты оқиғасын бөлісіп, басы дауға қалған рэпер De Lacure айыптауларға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, оқырмандарына үн қатты.
Рэпер ең алдымен кез келген зорлық әрекетін үзілді-кесілді айыптайтынын және ешқашан қолдамайтынын атап өтті.
Оның сөзінше, түсірілім барысында айтылған оқиға ол 16-17 жаста кезде болған. Әнші оқиғада олардың тарапынан да, досының тарапынан да ешқандай зорлық әрекеті болмағанын айтты.
“Біз, өз ойымызша, белгісіз бір адамның зорлық әрекетіне ұшырады деп санаған әйелге көмектесуге жақындадық. Шын мәнінде, біз мұны нақты білмедік, сол сәтте бізге солай көрінді. Ол бізден көмек сұрамады. Кейін онымен досым оңаша қалды, олардың арасында бәрі өзара келісіммен болған”, – деді ол.
De Lacure-дың айтуынша, комиктер бірнеше рет “Бәрі өзара келісіммен болды ма?” деп қайта сұраған, ал ол бәрі өзара келісіммен болғанын айтқан. Рэпер бұл дау әлеуметтік желіде бір адамның жалған пікірінен кейін негізсіз туды деп санайды.
“Ол адам сол кездегі досым зорлық сипатындағы әрекет жасады деп жазған. Осыдан кейін барлық БАҚ мұны менің досым зорлық әрекет жасады дегендей тарата бастады. Сәйкесінше, оқиғаның мәні бұрмаланды”, – деді ол.
ОқыңызӨнер иесі достар арасында ешкім ешқандай зорлық әрекет жасамағанына тағы да назар аударды.
Ол көпшіліктің реакциясын түсінетінін, оқиғаны баяндап жатқанда күлкілі ештеңе жоқ екенін түсінбегенін мойындады.
“Баршадан кешірім сұраймын. Бұл жерде өзімді ақтап отырған жоқпын. БАҚ-тан болмаған оқиғаны ойдан шығармауды қатты сұраймын, өйткені бұл шын мәнінде жала жабу. Баршаңызға махаббат, жарық пен құрмет тілеймін және асығыс қорытынды жасамауларыңызды сұраймын”, – деп жазды ол.

Мән-жайы
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар рэпер De Lacure досы зорлық жасағанда қарап тұрған деп санап, оған бойкот жариялағаны хабарланған еді.
Желіде тараған дерекке сүйенсек, рэпер достарымен бірге серуендеп жүрген кезде көмек сұраған айғайды естіп, дене жарақаты бар әйелді көргенін айтқан. Олар оған көмектесу үшін жақындап, есін жиюға және өзін ретке келтіруге көмектескен көрінеді.
Алайда видео авторларының айтуынша, кейін достарының бірі өзгелерден сыртқа шығуды сұрап, әйелге әрі қарай өзі көмектесетінін айтқан. Бұдан кейін, желідегі мәлімет бойынша, әйелге қатысты зорлық жасалған. Ал сыртта тұрған екі адам не болып жатқанын түсініп тұрғанымен, ешқандай шара қабылдамаған.
Дәл осы оқиға Threads қолданушыларының наразылығын тудырды. Көпшілік бұл оқиғаны жай ғана “ұятты жағдай” емес, ықтимал қылмыстың сипаттамасы деп бағалаған еді.