Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытай лас ауамен қалай күресті және Қазақстан одан не үйрене алады

Қытай қаласы Бейжің
Фото: Unsplash.com

Қытайдың Chinese Research Academy of Environmental Sciences (CRAES) жетекші ғалымдары Алматыға келіп, ауа мәселесіне қатысты семинар өткізді. Бұл ұйым Қытайда лас ауамен күресудің ұлттық бағдарламасын дайындап, енгізген. Олар он жылда Бейжіңдегі PM2.5 концентрациясын 64% төмендеткен. United Nations мен World Bank ұйымдары Бейжіңнің бұл тәжірибесін дамушы мегаполистерге үлгі ретінде ұсынады. Дегенмен команда Алматы үшін арнайы жоспар құрған жөн дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

CRAES дерегінше, 2013 жылдан бері Қытай ауасындағы ұсақ бөлшектер PM2.5 деңгейі он жылда шамамен 64% төмендеген. Ал осы кезеңде ел экономикасы 61% өскен. Қытайлық сарапшылардың бағалауынша, "бұл экологиялық саясат пен экономикалық даму қатар жүре алатынын және бір-біріне қайшы процестер емес екенін көрсетеді".

Алматыға арнайы келген Қытай сарапшылары семинар өткізіп, 2015 жылдан бері елде қандай өзгерістер жасалғанын, соның негізінде ауа қаншалықты жақсарғанын айтып берді.

Қытай 2015 жылдан бастап қандай шараларды қолға алды?

Сөздерінше, Бейжің ауасына қатысты ең алғашқы қызыл дабыл 2015 жылғы 8 желтоқсанда тіркелген. Осы жағдайдан соң Қытайдың Қоршаған орта және энергетика министрлігі ауа неден қатты ластанып жатқанын талқылау үшін жиналыпты. Кейіннен Бейжің аспанын не торлайтыны белгілі болды. Негізгі PM 2.5 көздері: көмір жағу, өнеркәсіп шығарындылары, жол-көлік қозғалысы, шаң және биомассаны жағу.

Оның ішінде көмір жағатын мына орындар анықталған:

  • Жеке сектор
  • Шағын қазандықтар
  • Дәнді-дақылдарды кептіру орындары
  • Шиитаке саңырауқұлақтарын өсіру кезінде жасалатын залалсыздандыру орындары
  • Мал шаруашылығы фермалары

Осы себептерді анықтаған соң Қытай жаппай инвентаризация жұмысын бастаған, яғни кәсіпорынға, үй мен жерге тиесілі дүниелердің тізім жасалды. Осы ретте көмір жағатын орындардың да тізімі, картасы жасалған. Сол карта арқылы көмір жаққанда тарайтын түтін көлемі анықталған. Осының негізінде көмір жаққанда шығатын шығарындыны сынап көруге арналған платформа құрылыпты.

"Көмір жағатын аумаққа арнайы датчиктер орнатылып, сол үйге не ғимаратқа әкелінетін көмірдің сапасы тексеріліп отырды. Осының нәтижесінде 2017 жылдан бастап, әр қалада жылыту жүйесін жаңарту үшін жыл сайын 3-10 млрд юань көлемінде нысаналы қаражат бөлініп келеді. Мақсатымыз үш жыл қатарынан экологиялық таза энергия көздеріне көшу еді. Содан кейін ауадағы көмір шығарындысы азайып, көмірді көп жаққан қала көлік құралдарының шығарындысы басым қалаға айналды", – дейді сарапшылар өз елінің тәжірибесін әңгімелей келе.

Осыдан соң мамандар қаладағы қол-көлік саласын бақылай түскен. Нәтижесінде қазір Қытайда ескі көліктерге қатысты ережелер бекітілген. Сонымен қатар халықты жаңа көліктерді сатып алуға ынталандыру шаралары да бар. Мысалы, көлігі ескі тұрғын көбірек салық төлейді, ал автокөлігін жаңалаған адам оны арзанырақ ала алады.

"Біз мәселе қаншалықты ауқымды екенін деректер жинау арқылы көрдік. Ауаның ластану ауқымы 1,3 млн шаршы шақырымға дейінгі аумақты қамтыды, кейде лас ауа деңгейі үш апта қатарынан өзгермеді. Концентрациялар текше метріне 500 микрограмға дейін жетті. Кейіннен күнделікті мониторингтің арқасында 2013 жылы ұлттық жоспар іске қосылды. Жұмыс негізінен энергетика, өнеркәсіп, көлік және жылыту салаларына ден қоя отырып жүргізілді", – дейді академияның вице-президенті Куан Чжан Джюнь.

Сарапшылардың сөзінше, дамушы елдерге тиімді шешімдер керек. Қатысушылар Алматыда қолдануға болатын практикалық шешімдер ретінде отынның неғұрлым таза түрлеріне көшу, өнеркәсіпті жаңғырту, автопаркті жаңарту, экологиялық стандарттарды күшейту, сонымен қатар шаңды бақылау сияқты әрекеттерді атап өтті.

Қытайлық академия “Деректер – саясат – бақылау – түзету" қағидасына негізделген тәсілді қолданған. Оның ішінде олар негізгі бағыттарды атады.

Алматыда қолдануға болатын негізгі бағыттар:

Көмірдің орнына "таза отын" қолданылады

Қытайда көмірмен жылытылып отырған 39 миллионнан астам жеке үй анағұрлым таза энергия көзіне көшірілген. Бұл Бейжіңдегі ауа ластануын азайтудың негізгі факторларының бірі болды.

Өнеркәсіптер қатаң сараланады

Бейжіңде кәсіпорындар мынадай санаттарға бөлінеді:
– ірі кәсіпорындар стандарттарды қатаң сақтауға міндетті,
– орташа өндіріс орындары жаңартылады,
– ескірген және заңсыз жұмыс істейтін өнеркәсіптер нарықтан шығарылады.

Көлік пен дизель шығарындысы бақыланады

Бүгінде Қытайда дизель көлігі ластанудың негізгі көздерінің бірі ретінде ерекше назарда:
– стандарттар қатаңдатылған,
– автопарктерді жаңарту жолға қойылған,
– жүк тасымалын автожолдардан теміржолға көшіру қолға алынған.

Қаладағы шаң деңгейі жүйелі бақыланады

Қытайда шаң жеке ластану көзі ретінде қарастырылады және құрылыс алаңдары, ашық аумақтар мен қалалық беттерді мониторингтеу арқылы бақыланады. Сонымен қатар Қытайда ауа сапасына қатысты жоспар бар және "бір қала – бір саясат" қағидасы енгізілген. Бұл жобалар ғылыми деректерге сүйенген.

"Әмбебап шешімдер жоқ"

CRAES сарапшыларының сөзінше, Қытайда бір қағида басшылыққа алынған. Ол қағида "әмбебап шешімдер жоқ" деп айтылады.

"Әр қала лас ауа көздерінің құрылымы, климат және географиялық жағдайы, экономикалық профиль негізінде өз стратегиясын дайындауы керек. Осы мақсатта елдің қатты ластанған өңірлерінде қалаларды басқару жүйесіне кіріктірілген тұрақты ғылыми топтар жұмыс істейді. Меніңше, Қытайдың тәжірибесін Алматыға тура алып келе салуға болмайды. Әр қаланың, елдің өз ерекшелігі, саясаты бар. Қытайда бұл жүйе мемлекет деңгейінде қолға алынды. Адамдардың санасын өзгерту бірден мүмкін болмады, бастапқыда түсіндіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізілді. Біздегі нәтиже 1-2 жылда емес, он жылға жуық уақытта болды", – деді CRAES компаниясының Атмосфералық зерттеулер институты директорының орынбасары Чжан Гао.

Қытай тәжірибесі көрсеткендей, лас ауамен тиімді күрес бірнеше шарт бір мезгілде орындалғанда ғана нәтиже береді:

– нақты деректер мен мониторингтің болуы,
– саяси ерік пен ұзақ мерзімді стратегия,
– реттеу мен экономикалық ынталандырудың үйлесімі,
– қабылданған шаралардың тиімділігін тұрақты бағалау.

"Алматы бүгінде Қытай 10–15 жыл бұрын шеше бастаған мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Бейжің тәжірибесін United Nations мен World Bank әлемдегі ең табысты үлгілердің бірі ретінде мойындады. Ал біз оның авторларын Алматыға әкелдік, осылайша қала бұл тәжірибені тікелей алып, өздеріне қолдана алады. CRAES қатысқан семинар осындай жүйелі ынтымақтастықты қалыптастырудағы алғашқы қадам болды", – дейді Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Саулебекова.

Бұл семинар Almaty Air Initiative қорының үлкен бағдарламасындағы алғашқы қадам болды: қор Алматыға халықаралық тәжірибені жүйелі түрде жеткізу арнасын қалыптастырып жатыр, осылайша қаладағы таза ауа саясаты жорамалдарға емес, тексерілген ғылыми тәсілдерге негізделуге тиіс.

Енді ұйым CRAES ұсыныстарын жинап, алдағы айларда қала билігіне ұсыныстар пакетін ұсынады. Барлық материал ашық болады. Өйткені қордың мақсаты – саясатқа ықпал ету ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарына өздері тыныстайтын ауаның қалай өзгеріп жатқанын хабардар ету.

Еске сала кетейік, бұған дейін 2025 жылы әр алматылық 518 темекі шеккенмен бірдей зиян ауа жұтқанын хабарлаған едік. Алматының тұмшасы рекорд жаңартып жатыр, 2025 жылы қолайсыз метеорологиялық жағдайдың салдарынан ауаның ластану деңгейі 30% артқан.

Еңлік Сақтан
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 17:45