Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан түрмелеріндегі видеотаксофондарды солтүстіктегі зауыт шығарады

видеотаксофон
Фото: Видеодан скриншот

Қазақстанда енді абақтыда отырғандар жақындарымен видео арқылы байланыса алады. Қазір қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 80-нен астам видеотаксофон жұмыс істейді. Stan.kz тілшісі бұл видеотаксофондар қайдан келетінін, бұл үшін қанша қаражат бөлінгенін анықтап көрді.

Қазір ел бойынша 18 мекемеде 86 видеотаксофон орнатылды. Олардың басым бөлігі әйелдер түрмелерінде екен.

Қылмыстық-атқару жүйесі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, видеотаксофондарды енгізудің негізгі мақсаты – сотталған әйелдердің отбасыларымен, балаларымен қарым-қатынасын сақтау. Себебі кей сотталғандардың отбасы басқа қалада болғандықтан, жиі кездесе алмайды.

“Жаңа жүйе арқылы сотталған әйелдер жақындарымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесе алады. Әрбіріне жеке ID-код берілген. Туыстары Google Play арқылы "Soilephone" қосымшасын жүктеп алып, байланыс ақысын өздері төлей алады”, – делінген хабарламада.

Видеотаксофондар Петропавлдағы С.М.Киров атындағы зауыт базасында дайындалады екен. Зауытта негізінен радиоэлектроника, байланыс жүйелері, теміржол автоматикасы және арнайы техникалық жабдықтар өндіріледі. 

Киров атындағы зауыт "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясының құрамына кіреді. Ал "Қазақстан инжиниринг" АҚ-ның 100% акциясы Самұрық-Қазына иелігінде, сондықтан зауыт квазимемлекеттік сектордың субъектісі болып саналады.

Оны таксофон орнатумен айналысатын "Жас-Тарлан" компаниясы өз қаржысынан түрмелерге әкелген. Жобаға бюджеттен ешқандай ақша кетпеді.

“Бағдарлама ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді және қылмыстық-түзеу мекемелерінде қауіпсіз байланыс арнасы арқылы жұмыс істейді. Сотталғандар тек тіркелген нақты нөмірлерге, яғни жақындарына қоңырау шала алады. Басқа нөмірлерге хабарласа алмайды”, – деді жоба жетекшісі Бейбіт Шәжімбаев. 

Жоба авторлары енді мұны әскерлерге де енгізуге ниетті.

Сондай-ақ видеотаксофондағы әңгімелер жазылмайтынын және үшінші тарап рұқсатсыз тыңдай алмайтынын айтты.

Видеотаксофондарды барлығы бір уақытты қолдана алады. Мысалы бес аппарат болған жағдайда бес адам өз отбасымен бір уақытты сөйлеседі.

Сотталғандардың видеотаксофондармен тілдесу уақыты мен саны мекеме әкімшілігі қызметкерлерінің бақылауымен өткізіледі.

Қырмызы Скендір
Бейсенбі, 18 Маусым, 2026 12:49
Талқылау