Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәрі бір адамға арналған": ШҚО-да түрмедегі сотталған адамға 15 телефон бермек болған күдікті ұсталды

күдікті
Фото: Ішкі істе министрлігінің баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысында түн жамылып, сотталған адамға бірден 15 смартфон өткізбек болған адам ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тыйым салынған заттарды тікенек сым арқылы колония аумағына лақтырмақ болған күдікті қылмыс үстінде ұсталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жігітті Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің жедел қызметкерлері мен №17 мекеме қызметкерлері түзеу мекемесінің маңында қолға түсірген.

 Күдіктіні жеке тінту барысында бірнеше мұқият оралған түйіншектері бар пакет табылған. Оның ішінен әртүрлі маркалы 15 смартфон шыққан. Мәліметке сәйкес, барлық құрылғы бір сотталған адамға арналуы мүмкін.

“Барлық ұялы телефон тәркіленді. Қазір кінәлі адамды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін қажет материалдар жиналып жатыр. Жедел бөлімшелердің бірлескен жұмысының арқасында тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің жолы дер кезінде кесілді. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі режим мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі”, – делінген хабарламада. 

Қылмыстық атқару жүйесі департаменті өкілдерінің айтуынша, бас бостандығынан айыру орындарында ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салынған. Себебі олардың қолданылуы жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзуға, сыртқы ортамен бақылаусыз байланыс орнатуға және қылмыстық әрекеттерді ұйымдастыруға себеп болуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық жігіт түрмеден қорқып, алаяқтардың нұсқауымен туған анасын тонап кеткені туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 06 Маусым, 2026 16:09