Асанәлі Әшімовті әуежайдан күтіп алдым деп өтірік айтқан: Ақтөбеде бұрын ақталған шенеунік сотталды

Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Исембайұлы екінші рет жазадан құтылып кете алмады. Сот оны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, үкім оқылған сәтте-ақ сот залынан қамауға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Времяға” сілтеме жасап хабарлайды.
Нұрсұлтан Исембайұлы шамамен төрт жыл бұрын болған оқиғаға байланысты сот алдында жауап берді. 2022 жылы ол Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың аппаратына жетекшілік еткен.
Тергеу нұсқасы бойынша, жер телімін алғысы келген жергілікті тұрғын шенеунікке делдал арқылы жүгінген. Исембайұлы көмектескені үшін одан 3 миллион теңге талап еткен деген күдікке ілінген.
Айыптау тарапының мәліметінше, ақша 2022 жылғы 27 қыркүйекте шамамен сағат 13:00-де қалалық әкімдік ғимаратындағы оның қызметтік кабинетінде берілген. Алайда әйел жер телімін де алмаған, ақшасын да қайтара алмаған.
Сот процесінде Исембайұлы кінәсін мойындамады. Ол ақша берілген делінген сәтте басқа жерде болғанын айтты. Оның сөзінше, сол күні таңертең қан тапсырып, кейін облыстық әкімдікке барған. Одан соң әуежайға Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовті күтіп алуға шыққанын мәлімдеген.
Бұрынғы шенеунік түскі уақытта Air Astana рейсімен келген өнер иесін қарсы алып, қонақүйге орналастырғанын, кейін түскі асқа барғанын айтқан. Одан кейін әріптесімен бірге қонақ пен оның жұбайына сыйлық таңдағанын, ал шамамен сағат 16:00-де драма театрына барып, кешке дейін сонда болғанын жеткізген.
Бұл нұсқаны оның жүргізушісі мен әріптесі де растаған. Екеуі де сотта Исембайұлымен бірге Асанәлі Әшімовті әуежайдан күтіп алып, қонақүйге апарғанын айтқан.
“Мұндай деңгейдегі қонақтарды жиі қарсы ала бермеймін, сондықтан ол күн есімде жақсы сақталып қалды”, – деген жүргізуші сотта.
Дәл осы айғақтар алғашқы сотта ақтау үкіміне негіз болған. Бірінші инстанция соты шенеуніктің кінәсі дәлелденбеді деп тауып, оны ақтаған және ақталу құқығын мойындаған. Апелляциялық алқа да бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Алайда кассациялық сатыда іс басқа арнаға бұрылды. Прокуратураның наразылығынан кейін ақтау үкімі жойылып, іс басқа сот құрамында қайта қарауға жіберілді.
Қайта қарау барысында қосымша дәлелдер зерттеліп, олар сотталушының нұсқасына күмән келтірген.
Кейінірек 2022 жылғы 27 қыркүйекте Асанәлі Әшімов Ақтөбеге ұшақпен келмегені анықталды. Оның аты-жөні сол күнгі Air Astana рейстерінің жолаушылар тізімінен табылмаған. Бұған қоса, өнер иесі бір күн бұрын Орал қаласында тұрғындармен кездесіп, Ақтөбеге Қобда ауданы арқылы автокөлікпен келген. Ол кезде Орал мен Ақтөбе арасында әуе қатынасы болмаған.
Істегі тағы бір маңызды дәлел – ұялы байланыс операторының базалық станцияларының деректері. Материалдарға сәйкес, Исембайұлының телефоны күні бойы қалалық әкімдік маңында болған. Тек сағат 19:00 шамасында драма театры орналасқан аумаққа қарай қозғалған. Сотталушының өзі телефоны үнемі жанында болғанын растаған.
Осылайша сот Нұрсұлтан Исембайұлын алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салынды.
Бұрынғы шенеунік үкім оқылғаннан кейін бірден сот залынан қамауға алынды.
Ал оған алиби жасап берген куәгерлердің сөзі қандай құқықтық салдарға әкелетіні әзірге белгісіз.
“Үкімді алғаннан кейін тиісті шешім қабылдаймыз”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облысының прокуратурасы.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр
Оқыңыз