Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 337 миллион теңгеге салынған апатты үйлер сүріліп, тұрғындар мәжбүрлі түрде көшірілген

Ақтөбеді сүрілетін үй
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбеде бюджеттен 337 миллион теңгеден астам қаржыға салынған екі тұрғын үйді бұзу жұмыстары басталды. Пайдалануға берілгеннен кейін үш жарым жыл өткен соң апатты деп танылған үйлерден 48 отбасы шұғыл көшірілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтөбеде қымбат құрылыс жобасының сәтсіздігін айқын көрсеткен екі төрт қабатты тұрғын үйді бұзу жұмыстары басталды. Бұл үйлердің құрылысына бюджеттен 337 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалғанымен, пайдалануға берілгеннен кейін небәрі үш жарым жыл өткен соң апатты деп танылған. Соның салдарынан тұрғындарды шұғыл түрде көшіруге тура келді.

2019 жылы бұл пәтерлер көпбалалы отбасыларға, бюджет саласы қызметкерлеріне және тұрғын үй кезегінде тұрған өзге де азаматтарға берілген болатын. Алайда қуаныш ұзаққа созылмады. Үш жарым жылдан кейін тұрғындар үйлердің қабырғаларында жарықтар пайда болғанын, іргетастың деформациялана бастағанын байқаған.

Жүргізілген сараптамадан кейін екі тұрғын үй де апатты әрі тұруға қауіпті деп танылды. Салдарынан 48 отбасы шұғыл түрде басқа жерге көшірілді. Тұрғындар үйлерден дерлік төтенше жағдайда эвакуацияланған.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, үйді салған мердігер ұйым мен техникалық және авторлық қадағалауға жауапты компания өкілдері сотталды. Соған қарамастан, апатты үйлер бірнеше жыл бойы сүрілмей тұрған. Бұған мердігердің және қажетті қаржының табылмауы себеп болған.

Тек қазір бір компания өз қаражаты есебінен дау тудырған ғимараттарды бұзу жұмыстарын қолға алды.

Ақтөбе қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мадияр Қабылдың айтуынша, құрылыс сапасының төмендігінен келтірілген барлық шығынды құрылыс салушылар бюджетке толық өтеген.

"Құрылыс салушылар осы үйлердің сапасыз салынуы салдарынан келтірілген барлық шығынды бюджетке қайтарды. Жыл соңына дейін компания ғимараттарды толық бұзып, аумақты тазарту жұмыстарын аяқтайды", – деді Мадияр Қабыл.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы "Мұнар тау" тұрғын үй кешенінің тұрғындары үй сапасына қатысты шағым айтып, электр қуатының жиі өшетінін, соның салдарынан ыстық су мен басқа да коммуналдық қызметтерде қиындықтар туындайтынын мәлімдеген еді. Тұрғындардың сөзінше, мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Ал құрылыс салушы Integra компаниясы электр қуатының уақытша өшуіне тұрғын үй кешенінен тыс жерде жүргізілген жол жұмыстары кезінде электр желісінің зақымдануы себеп болғанын айтып, жағдайдың өздеріне қатысы жоқ екенін хабарлаған.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 14 Маусым, 2026 10:35