"Жиі жарық өшеді, ыстық су болмайды": Алматылық тұрғындар Шахмұрат Мұтәліптің компаниясы салған үйдің сапасына шағымданды

Алматыда Шахмұрат Мұтәліптің компаниясы Integra салған “Мұнар тау” тұрғын үй кешенінің тұрғындары үйдің сапасына шағымданды. Сөздерінше, қымбат үйлерде жиі жарық өшіп, су болмай қалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматылық Елжан Әбдірхманұлы желіде “Мұнар тау” тұрғын үй кешенінің сапасын сынға алды. Сөзінше, құрылыс салушы үнемдеу үшін тоқты жиі өшіріп тастайды.
“Forbes тізіміне енген құрылыс салушы (Шахмұрат Мұтәліп) сымдарға ақшаны үнемдегеннің салдарынан тұрғындар электр қуатынан, суық және ыстық судан айырылады. Біздің "бизнес-класқа" қош келдіңіздер. Елдегі ең бай құрылыс салушылардың біріне тиесілі тұрғын үй кешенінде тұрып, жарықсыз қалу – барып тұрған абсурд. Бізде әр демалыс және мереке күндері электр қуаты өшіп қалады. Шамадан тыс жүктеме дейді, сымдар үзіліп қалады, апаттар болады”, – деді тұрғын.
ОқыңызЖарық болмаған кезде ыстық су да болмайды, себебі қазандық сорғылары электр қуатымен жұмыс істейді. Сөзінше, төтенше жағдайларда қосылатын генераторлар да дұрыс жұмыс істемейді. Өйткені отын багында тесік бар екен және стартер ақаулы.
Ол Шахмұрат Мұтәліптен, Integra компаниясының бас директоры Мадияр Саттыбаевтан мәселені шешуді талап етті.
“Бәрі халық үшін емес, есеп пен сәнді презентациялар үшін жасалғандай. Біз бұл пәтерлерді үнемі қиналып, “жарық қашан өшеді екен?” деп жүру үшін сатып алған жоқпыз. Біз электр қуатымен, сумен және апаттық генераторлармен байланысты барлық мәселенің шешілуін талап етеміз”, – деді ол.
Integra компаниясы жағдайға түсініктеме беріп, жарықтың өшуі оларға байланысты емес екенін жазды.
“Уақытша электр қуатының өшуі тұрғын үй кешенінің сыртында үшінші тарап қызметтері жүргізген жол жұмыстары кезінде электр желісінің зақымдалуына байланысты болды. Бұл жағдай Integra компаниясына қатысты емес. Зақым қалпына келтірілді, ал электр қуаты сағат 23:30-ға дейін толық қосылды”, – деп мәлімдеді компания.
"Даму мен экологияны бір-біріне қарсы қоюға болмайды": Алматылықтарға болашақ Superski курортының маңызы түсіндірілді