Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясы өтетін күн белгіленді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясын шақыру туралы өкімге қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өкімге сәйкес, Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясы 2026 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өтеді.
Бұған дейін Қазақстан Халық кеңесінің құрамы белгілі болған еді. Кеңес құрамына барлығы 126 адам кірді.
Мүшелері қанша мерзімге сайланады?
Халық кеңесінің мүшелері төрт жыл мерзімге сайланды. Кеңес төрағасы да дәл осы мерзімге сайланады.
Төрағаның кандидатурасын президент немесе кеңес мүшелерінің кемінде үштен бірі ұсына алады. Бұл ретте бір адам бұл қызметті тұрақты түрде атқара алмайды.
Халық кеңесі не істей алады?
Кеңестің:
- ішкі саясат мәселелері бойынша ұсынымдар енгізуге;
- заңдарды әзірлеуге қатысуға;
- референдум өткізу туралы бастама көтеруге;
- қоғамдық талқылаулар мен диалог алаңдарын ұйымдастыруға;
- қоғамдық бақылауға қатысуға құқығы бар.
Сонымен қатар Қазақстан Халық кеңесінің заң шығару бастамасы құқығы бар. Бұл кеңес жаңа заң жобаларын ұсына алады дегенді білдіреді.
Сонымен қатар кеңес референдум өткізу туралы бастама көтере алады. Бұл ретте Қазақстан Халық кеңесі консультативтік мәртебеге ие болады және қолданыстағы мемлекеттік органдардың орнын алмастырмайды.
Бұдан бөлек, Халық кеңесі Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастырумен айналысады.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда өткен брифингте Қазақстан халық кеңесі жұмысына 1,7 млрд теңге қарастырылғанын айтқан еді.

