"Бәрін ретке келтіреміз": Ішкі істер министрлігі самокат пен велосипед жүргізушілерін қатаң жазаламақ
Биыл тамыз айының соңынан бастап Қазақстанда электрсамокаттарға қатысты жол қозғалысы ережелері күшейтілді. Енді оларға тротуармен жүруге тыйым салынған. Алайда бұл тыйымға қарамастан, ережені бұзатындар әлі де бар. Сонымен қатар қалаларда электрвелосипедтер де көбейіп келеді. Полиция мұны қалай бақылайтынын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеханың айтуынша, электрвелосипедтерге қатысты мәселе заң жүзінде реттелген. Олар мопедтерге теңестірілген. Алайда вице-министр бұл талаптардың іс жүзінде орындалуында әлі де қиындықтар бар екенін мойындады.

Оның сөзінше, жаңа талаптан бәрі бірдей хабардар емес. Сонымен қатар каршеринг компаниялары заңдағы олқылықты пайдаланып, Қытайдан электрвелосипедтер әкеле бастаған. Электрвелосипедтер мопедтерге теңестірілген соң оларды сатып алу тоқтаған.
Игорь Лепеханың айтуынша, қазір балалардың электрвелосипедпен жүруі, курьерлердің тротуармен қозғалу фактілері кездеседі. Алайда полиция бұл мәселені де ретке келтірмек.
“Бұған негізгі кедергі – кадр тапшылығы. Полицияға шамамен 20 мың қызметкер жетіспейді. Әр тротуарға полиция қызметкерін қою мүмкін емес. Себебі бір жерге қызметкер қойылса, басқа аумақта бақылау әлсірейді. Қала сыртындағы жолдардағы қауіпсіздікті де назардан тыс қалдыруға болмайды. Соған қарамастан, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейдтерді тұрақты өткізіп жүрміз. Енді самокатпен де, электрвелосипедпен де тәртіп орнатамыз”, – деді Игорь Лепеха.
Оның айтуынша, жолдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін қоғамның да көмегі қажет.
Вице-министр қазақстандықтарды электрсамокат, электрвелосипед және басқа да көлік құралдарымен ереже бұзғандарды фотоға түсіріп, полицияға жіберуге шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда электрвелосипед жүргізушісінің ұшып кеткен шлемі ірі жол апатына себеп болғаны туралы жазған едік.