Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

9000-нан астам самокат айып тұрағына қойылған: Алматы полициясы қала көшелері электрсамокаттардан қалай тазаланғанын көрсетті

Самокаттар
Фото: Видеодан скрин

Алматы полициясы айып тұрағына қойылған мыңдаған кикшерингтік электрсамокатты көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Полиция 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда электрсамокаттарды пайдалануға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілгенін еске салды. 

Ал 25 тамыздан бастап кикшерингтік компанияларға қойылатын талаптар күшейтілген. Олардың қатарында: пайдаланушыларды сәйкестендіру, сақтандыру, самокаттарды тұраққа қоюды бақылау және көлік құралын басқаруға рұқсат беру талаптары бар.

"Кикшерингтік компанияларға қойылатын бірқатар талап бар. Олар ең алдымен қауіпсіз инфрақұрылым құруға міндетті. Анықталған заң бұзушылықтар жалпы қаладағы жол-көлік оқиғаларының санына және жолдағы жағдайға әсер етеді", – деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Оның айтуынша, қазіргі таңда айып тұрағында түрлі кикшерингтік компанияларға тиесілі 9 мыңнан астам электрсамокат тұр.

Департамент өкілі кикшерингтік компанияларға қойылатын талаптарға толығырақ тоқталды.

"Біріншіден, көлік құралы жарамды, яғни техникалық ақаусыз болуы тиіс. Міндетті түрде сәйкестендіруші тіркеу нөмірлері болуы қажет. Сондай-ақ көлік құралын тек жүргізуші куәлігі (кез келген санаттағы) бар адам ғана басқара алады. Кикшерингтік компания кәмелетке толмағандардың самокатты басқаруына ешқандай жағдайда жол бермеуі тиіс", – деді Салтанат Әзірбек.

Полиция өкілінің айтуынша, самокат жүргізушісі бұл кәдімгі көлік құралы әрі қауіп деңгейі жоғары көлік екенін түсінуі тиіс.

"Қазір самокатпен жаяу жүргіншілер аймағында және тротуарда жүру мәселесі заңмен реттелген. Оларға бұл аумақтарда жүруге тыйым салынған. Адамдар жаяу жүргіншілер аймақтары мен тротуарларда өздерін қауіпсіз сезінуі керек. Қазір самокат пайдаланушыларына жолдың оң жақ шетімен немесе веложолмен жүруге рұқсат етіледі", – деді полиция өкілі.

Еске салсақ, 2026 жылдың 25 тамызынан бастап Алматыда электрсамокатпен жүрудің жаңа тәртібі енгізілген еді. Өзгерістерге сәйкес, электрсамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолында жүруге тыйым салынады. Ал жолдың жүру бөлігінде тек 18 жастан асқан, жүргізуші куәлігінің кез келген санаты бар және қорғаныш дулығасын киген адамдар ғана жүре алады.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 21:56