760 мың теңгеге дейін: Әлназарова дәрігерлерге берілетін жаңа үстемеақы мөлшерін жариялады
Қазақстанда 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмектің учаскелік қызметінде жұмыс істейтін мамандарға қосымша ақы төлеу жоспарланып отыр. Үстемақыны ескергенде, еңбек өтілі жоғары жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы ауылда 760 мың теңгеге, қалада 607 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметтегі брифингте денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова емханаларда кадрлардың тұрақтамауы өзекті мәселе екенін айтты. Оның мәліметінше, кейбір медициналық ұйымдарда бір жыл ішінде мамандардың 50%-на дейін ауысып кетеді екен. Сонымен қатар қызметкерлердің жүктемесі, соның ішінде психологиялық салмағы жоғары.
"Үздіксіз еңбек өтілі үшін үстемақыны арттыру жөнінде тапсырма берілді. Осы арқылы бірнеше міндетті шешеміз: кадр тапшылығын азайтып, медициналық көмектің сапасын қамтамасыз етеміз", – деді Әлназарова.
Қосымша ақы маманның үздіксіз жұмыс істеген мерзіміне қарай есептелмек. Еңбек өтілі екі жылдан асқандарға лауазымдық жалақысының 20%-ы, үш жылдан асқандарға 30%-ы, бес жылдан асқандарға 50%-ы көлемінде үстемақы белгілеу ұсынылған. Жаңа төлемдер бұған дейін қосымша ақы алмаған әлеуметтік қызметкерлер мен патронаж мейіргерлерін де қамтымақ.
Еңбек өтілі аз мамандардың да табысын арттыру көзделген. Ауылдағы жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 386 мыңнан 450 мың теңгеге, орта медицина қызметкерлерінікі 221 мыңнан 256 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Қалада осындай еңбек өтілі бар жалпы практика дәрігерлерінің айлығы 307 мыңнан 358 мың теңгеге, ал орта медицина қызметкерлерінікі 173 мыңнан 202 мың теңгеге дейін көтерілуі ықтимал.

Брифингте журналист бейінді мамандардың жалақысы учаскелік дәрігерлердің табысынан қаншалықты ерекшеленетінін сұрады.
"Бейінді маманның үстемақысы да оның еңбек өтілі мен жұмыс орнына байланысты болады. Қалада немесе ауылда жұмыс істейтіні ескеріледі. Өйткені ауылда да белгілі бір үстемақылар бар", – деді Әлназарова.
Жоспар бойынша қосымша төлемдермен учаскелік қызметтің 77 мың медицина қызметкері қамтылады. Әр маманға төленетін нақты сома оның үздіксіз еңбек өтілі мен жұмыс орнына қарай есептеледі.
Еске салсақ, Германияның ауылына көшіп барған қазақ отбасы ондағы медицина қызметкерлерінің жалақысы Қазақстанмен салыстырғанда 10 есе жоғары екенін айтқан еді.