Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Орташа айлық – 1 700 000 теңге": Қазақстандық дәрігерлер отбасы Германияға көшіп, табысын 10 есе арттырған

Фото: Жеке архиві

Қазақстаннан Германияның ауылына көшіп барған қазақ отбасы шетелдегі медицина мен күнделікті өмір салты туралы айтып берді. Медицина саласының қызметкерлері Германияда Қазақстанмен салыстырғанда 10 есе көп айлық алады. Отанасы Қаламқас Тұрдалы редакцияға берген сұхбатында шетелде жұмыс істеу үшін қандай процесстен өту керегін және шетелде жұмыс істегісі келетін отандастардың қандай қателік жіберетінін баяндады.

Қаламқас Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Астанаға оқуға түсіп, елордада шаңырақ көтерген. Ерлі-зайыпты медицина саласында еңбек етеді. Екі бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты 2023 жылдан бері Германияның Рюген деген ауылында тұрады. 

“Германияға көшу – жолдасымның идеясы. Өйткені оқуды бітірген соң Астанада травматология бөліміне жұмысқа тұрды. Сонда өзінің жалақысы қанағаттандырмады. Сол себепті шетелге көшу туралы ойлана бастады. Германияны таңдаған соң неміс тілін үйрену керек болды. Күйеуім бірден оқуды бастап кетті, мен қатарға кейін қосылдым. Өйткені күйеуім бірінші барып орналасу керек болды. Неміс тілін 2 жылда С1 деңгейіне жеткізді. Одан кейін мейіргерлердің медициналық емтиханы бар. Құжат аудару, дипломды растау, көшу процесімен қосқанда Германияға көшу үшін толық 3 жылдай уақыт кетті”, – дейді Қаламқас.

Германия Қаламқас (3)
Фото: Отбасы мұрағатынан

Бастапқыда ерлі-зайыпты үлкен қалаға орналассақ деп армандаған. Берлин, Гамбург, Франкфурт секілді қалаларда тұрғысы келген. Бірақ бәсекелестік көп болғандықтан олардың түйіндемесін көп қарастырмаған.

“Бізге ауылдан бастауға кеңес берді. Кейін орналасып алған соң үлкен қалаларды қарастырамыз деп шештік. Қазір Германияның шағын ауылында тұрып жатырмыз. Ауыл мен қаладағы медицина қызметкерлерінің айлығында ешқандай айырмашылық жоқ. Барлық қызметкерлердің жалақы мөлшерлемесі бірдей. Бірақ дәрігерлердің дәрежелері әртүрлі. Мұнда дәрігерлердің көмекшісі бар, аssistenzarzt деп аталады. Бізде оны резидент дейді. Одан кейін facharzt, oberarzt деп кете береді. Олардың айлығы дәрежесіне сай жоғары, бірақ барлық өңір бойынша бірдей”, – дейді отандасымыз.

Қаламқас Қазақстанда соңғы рет Астанада Ұлттық нейрохирургия орталығында жұмыс істеген. Ондағы жүйе мен Германиядағы жүйе бір-біріне ұқсас дейді ол.

“Айырмашылық көп деп айта алмаймын. Өйткені Ұлттық нейрохирургия орталығында әлем бойынша Еуропа елдерінде қолданатын медициналық стандарттармен жұмыс істейді. Мұндағы стандартпен салыстырып көрдім, айырмашылық жоқ. Басқару жүйесі бір деп айтсам болады. Әлеуметтік желідегі парақшамда университет бітірген соң алғаш эпидемиолог болып Ұлттық ғылыми орталықта жұмысқа тұрғанда 180 мың теңге айлық алғаным туралы жазғанмын. Ал нейрохирургияға ауысқанда жалақым көтерілді. Қазір Германияда сапа бақылау бөлімінде жұмыс істеймін. Айлығым шамамен 4 440 еуро, яғни 2 240 000 теңге. Мұндай дәрігерлердің айлығы жыл сайын өседі. Өйткені бір жыл тәжірибесіне қосылады”, – дейді Қаламқас Тұрдалы.

Фото: Жеке архиві

Германиядағы медицина жүйесі: Дәрілерді дәріханадан тегін аламыз

 

Айтуынша, қазір жұмыс істеп жатқан концернді емханадан өзі іс-тәжірибеден өткен. Мұнда дәрігерлердің жалақысы Қазақстанмен салыстырғанда 10 есе жоғары дейді кейіпкер.

“Негізі Германия мен Қазақстан медицинасында айтарлықтай айырмашылық бар деп айта алмаймын. Осыдан 5-10 жыл бұрын өзгерістер болған. Қазір Қазақстанға шетелдік сақтандыру жүйесін алып келіп жатыр екен. Сол үшін өте қуаныштымын. Еліміз жас мемлекет болса да, қалыс қалып жатқан жоқ. Міндетті әлеуметтік көмек жүйесінде бірқатар айырмашылық болуы мүмкін, жалпы жүйе бірдей. Өзіме түртіп алғаным, Сапа менеджментінде биыл стандарт қабылданып, аккредетация өтті делік. Сол жүйені қолданады. Оны іс-жүзінде қолданған соң нәтижесін бөліседі. “Бұл жүйе нәтиже берді ме?” деген сұраққа жауап береді. Мұны әр 4-6 ай сайын қорытындылай береді”, – дейді Қаламқас.

Шетелдегі қазақ азаматының сөзінше, МӘМС бойынша Германияда төлем жұмыс берушіден де, қызметкерден де алынады. Бірақ сақтандыру кассасына бөлінетін мөлшерлеме әртүрлі. Десе де қызмет көрсету жүйесі бірдей дейді ол.

“Мен Қазақстанда сақтандыру бойынша дәрі алып көрмеппін. Германияда балаларды көбіне тіс дәрігеріне жібереді, жылына екі рет тексеруден өтеді. Мұнда тіске жағатын жақпамай, кариестің алдын алу үшін ішетін дәрілерді дәріханадан тегін алуға болады. Егер дәрі қымбат 50 еуро яғни 20 мыңнан жоғары болса, теңгемен санағанда 2-5 мың теңге ғана төлейсіз. Дәрінің 90%-ын дерлік тегін аласыз. Ал арзан дәрілер тегін беріледі. Егер МӘМС-пен гастроэнтеролог немесе эндокринологқа барсаңыз тікелей дәрігердің қабылауына кіре аласыз. Терапевт, анализ тапсыру, УЗИ-ге түсудің қажеті жоқ”, – деп Германиядағы медициинаның артықшылығын атап өтті.

Қаламқас Германияға көшіп келген соң 1 жылдан кейін шетелде жұмыс істегісі келетін отандастарға көмектесе бастаған. Айтуынша, қазақстандықтар көбіне резидентурадағы айлық көлеміне шағымданады. Сол себепті шетелде жұмыс істегісі келеді.

“Содан кейін дәрігерлердің құқығының қорғалмағаны туралы көп айтады. Соңғы уақытта елде фельдшерлерге шабуыл жасаған жағдайлар жиіледі. Осындай жағдайлар отандастардың елден кетуіне әсер етіп жатыр. Біздің шетелде жоғары айлық алып, жақсы жерде тұрып жатқанымыз бірден бола салған дүние емес. Оның да өз қиыншылықтары, жүріп өту керек жолы барын ескеру керек. Жаңа орта, жаңа қоғам, жаңа тәртіп, тіл, құжат, әріптес барлығын қосқанда алғашқыда оңайға соқпайды. Желіде барынша жақсы дүниелерді көрсеткіміз келеді. Оны көрген адам сырттай барлығы керемет деп ойлайды. Біз мұнда тәжірибе жинау үшін, білім алмасып, елімізде жақсы маман болу үшін жүрміз. Біз де Германияда уақытша жүрміз. Басқаларға да солай жасауға кеңес береміз. Түбі елге ораламыз. Өйткені біздің ортамыз сонда”, – деп алдағы уақытта міндетті түрде Отанға оралатынын атап өтті дәрігер.

Шетелде жұмыс істегісі келетіндердің басты қателігі не?

Әлеуметтік желідегі қазақтардың өмірін көрген отандастырымыздың көбі жайлы өмірге қызығып, асығатыны рас. Сол жолда қателіктерге де бой алдырып жатататындар көп дейді Қаламқас.

“Шетелге жұмыс істегісі келген отандастарымыздың басты қателігі – бірден виза жасауы. Бірінші виза жасатсаңыз, 90% сізге елге келуге бас тартылуы мүмкін. Өйткені сіздің қолыңызда “жұмысқа бара жатырмын”, “жұмыс беруші маған жұмыс келісімшартын берді” деген құжат жоқ. Онсыз сізге виза берілмейді. Агенттіктерге виза алып беру оңай. Шенгенді 3 айға алып береді. Үш айдың ішінде жұмыс тауып та, орнығып та үлгермейсіз. Сол үшін бірінші жұмыс берушіні табу керек. Жұмыс келісімшартын, еңбек келісімшартын алып алу қажет. Сонда виза алу мүмкіндігі артады”, – деп кеңес берді кейіпкеріміз.

Қазақ отбасы қазір 90% неміс халқы тұратын ауылда тұрып жатыр. Осылайша, жергілікті халықтың тұрмыс-салтын анық байқаймыз дейді Қаламқас.

“Германияның үлкен қалаларында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған мигранттар көп. Нағыз неміс халқының тұрмыс-салтын көре алмайсыз. Ал біз тұрып жатқан ауылда 90% немістер тұрады. Жергілікті халық тазалықты жақсы көреді. Қолдары қалт етсе,  ауласын тазалап, бақшасын қырқады. Тазалыққа келгенде бір-бірімен жарысады. Көшелер тап-таза. Жерігілікті халық қоқысты саналы түрде сұрыптайды. Бізде әлі ол дүние қалыптаса қойған жоқ. Мұнда қоқысты қалтамызға салып, үйге алып келеміз. Біз тұрып жатқан ауылда 20 мыңдай халық тұрады. Олардың 80%-ы қарттар. Бәрі зейнеткерлер. Үш мектеп бар. Әр сыныпта 19-20 оқушы бар. Зейнеткерлер таң атпастан кофеханаға кетеді. Мұнда көп жерде жұмыс уақыты сағат 15:00-де аяқталады. Видеоларымда жергілікті халықтың көрінбеу себебі де содан болар. Кешкі 7 шамасында ұйқыға жатып, перделерін түсіре бастайды”, – деп күледі отандасымыз.

Германиядағы ортша айлық – 1 700 000 теңге

Германияда тұратын қазақ отбасының шығыны да елдегі шығынмен салыстырғанда бірнеше есе көп. 

  • Жер үйді жалдау ақысы – 1400 еуро, яғни 750 мың теңге. Оның ішінде 200 еуро коммуналдық қызметке жұмсалады. Теңгеге шаққанда 100 мың теңгедей. 1400 еуро жергілікті халық үшін орташа баға. 700-650 еуроға бір бөлмелі пәтер табуға болады дейді кейіпкеріміз.
  • Азық-түлікке 4 адамға 400 еуро кетеді. Жергілікті халық дүкенге күнде бармайды, өйткені ауылда жақын жерде дүкендер жоқ. Бір аптада бір рет супермаркетке барып, қажет дүниелерді алады. Бұл шығындарды айтарлықтай азайтады. Жергілікті халық жұма, сенбі күндері азық-түлікті түгендейді, ал жексенбі күні еш жер жұмыс істемейді. 
  • Мектеп пен балабақша тегін. 
  • Елдегі орташа айлық – 3500 еуро, яғни шамамен 1 700 000 теңгедей.  
“Германияға келген соң 10 жыл ішінде жақсы маман болып, елге ораламыз деп сөз бергенбіз. Бұйырса, болашақта көре жатармыз. Бірақ міндетті түрде алған білімімізді елде қолданамыз. Қазақстанда көбіне ауылдарда техникалар бола бермейді. Сондықтан науқастарды қалаға жібереді. Сол үшін жастар айлық пен жайлылық үшін ауылдан кетіп қалмас үшін ауыл ауруханасының дәрежесін қалалық ауруханамен бірдей ету керек деп ойлаймын”, – дейді Қаламқас.

Дәрігерлер отбасы Германиядағы жаңа техникаларды елге алып келгісі келеді.

Stan.kz
Сенбі, 31 Қазан, 2026 11:00