Қазақстанда жарық, су мен жылу тарифтері жыл соңында өсуі мүмкін
Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері 2026 жылдың соңында, яғни желтоқсан айында қайта өсуі мүмкін. Үкімет бағаның жалпы өсуін тежеу үшін тарифтерді көтеруді жыл соңына шегерген. Бұл туралы Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин Үкіметтегі брифингте мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Оның айтуынша, үкімет пен Ұлттық банк ақылы қызметтердің қымбаттауын шектеу жөнінде келісімге келген. Ортақ жоспар бойынша бұл санаттың жалпы инфляцияға қосатын үлесі 1 пайыздан аспауы керек.

Алайда көктем мен жазда жекелеген коммуналдық тарифтердің өсуі инфляцияға 0,47 пайыздық тармақ қосқан.
“Инфляцияны одан әрі тежеу үшін тарифтердің барлық өсімін жылдың соңына, желтоқсанға шегеруге тырыстық”, – деді Азамат Әмрин.
Коммуналдық төлемдер неге кезең-кезеңімен өседі?
Бұған дейін үкімет тарифтерді бірден көтермей, кезең-кезеңімен өзгертетінін мәлімдеген еді. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, тарифтерді біртіндеп көтеру халық пен бизнеске түсетін салмақты азайтуға бағытталған.
Министр мамыр айында Астанада жылу тарифі шамамен 15 пайызға, ал су мен су бұру қызметтерінің бағасы 20–25 пайызға өскенін айтқан. Өзге өңірлерде де тарифтер кезең-кезеңімен өзгертілмек.
Еске салайық, Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге қатысты мораторий былтыр қазанда енгізілген болатын. Ол биыл 1 сәуірде аяқталды. Осыдан кейін тарифтерді кезең-кезеңімен көтеру қайта басталды.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет қазақстандықтардың жарық, су және жылу ақысын өтеуге көмектесетіні хабарланған.