Дрон шабуылынан кейін Қазақстан Атырау–Самара бағытымен мұнай тасымалдауды уақытша тоқтатты
Ресейдегі мұнай инфрақұрылымына дронмен шабуыл жасалған соң, Қазақстан мұнайы Атырау – Самара құбыры арқылы уақытша тасымалданбайтын болды. Осы бағыттағы мұнай айдау жұмыстары белгісіз мерзімге тоқтатылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұнай тасымалы тоқтағаны туралы 2 қараша күні кешке белгілі болған. Сол күні Ресейдегі ірі мұнай айдау станциясы – “Самара” нысанында өрт шыққан еді.

Бұған дейін Bloomberg агенттігі NASA спутниктерінің дерегіне сүйеніп, Самара облысындағы “Транснефть” мұнай торабында жылу аномалиясы тіркелгенін хабарлаған. Болжам бойынша, бұл дрон шабуылынан кейін шыққан өртпен байланысты болуы мүмкін.
Осы оқиғалардан кейін Қазақстан мұнайын тасымалдау да тоқтатылды.
Ал 3 қараша күні Энергетика министрлігі “Атырау – Самара” магистральдық құбыры арқылы мұнай қайта тасымалданып жатқанын жазды.
“3 қарашадағы жағдай бойынша құбыр қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Техникалық тексеру аяқталған соң мұнай айдау толық реттеледі”, – делінген хабарламада.
Атырау – Самара бағыты не үшін маңызды?
Атырау – Самара мұнай құбыры – Қазақстан мұнайын экспорттауға қолданылатын негізгі бағыттардың бірі. Бұл желі арқылы шикізат Ресейдің магистральдық мұнай құбырлары жүйесіне жеткізіліп, одан әрі сыртқы нарыққа жөнелтіледі.
“ҚазТрансОйл” дерегінше, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында осы бағытпен шамамен 7,5 миллион тонна мұнай тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3% аз.
Ал шілде айында аталған бағыттағы мұнай тасымалы шамамен 646 мың тонна болған.
Бұған дейін Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай экспорттау қиындаған кезде, Қазақстан мұнайдың бір бөлігін Ресей арқылы өтетін Атырау – Самара құбырымен тасымалдаған. Сондықтан бұл бағыттағы тасымалдың уақытша тоқтауы елдің мұнай саласына қосымша логистикалық қиындық туғызуы мүмкін.
Ресей аумағында не болды?
2 қарашаға қараған түні Ресейдің Самара облысына дрондар шабуыл жасаған. Осыдан кейін “Транснефть” компаниясына тиесілі “Самара” мұнай айдау станциясы маңында өрт шыққан.
NASA FIRMS спутниктік жүйесінің дерегінше, нысан маңынан жылу аномалиясы байқалған.
Бұл станция Ресейдің мұнай құбырлары жүйесіндегі ірі тораптардың бірі саналады. Ол мұнайды қабылдап, сақтауға және одан әрі тасымалдауға арналған.
Алайда нысанның нақты қай бөлігі зақымданғаны, жабдықтардың істен шыққаны-шықпағаны және қалпына келтіру жұмыстары қанша уақыт алатыны әзірге белгісіз.
Мұнай тасымалы қашан қайта басталады?
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Атырау – Самара бағыты бойынша мұнай айдау 2 қарашада Мәскеу уақытымен сағат 04:09-да, Астана мен Атырау уақытымен 06:09-да тоқтаған.
“Аталған бағыт бойынша мұнай қабылдау жақын уақытта қайта басталады”, – делінген министрлік хабарламасында.
Бұл ақпаратты Reuters агенттігі де жариялады.
Атырау – Самара бағытының уақытша тоқтауы Қазақстан мұнайының барлық экспорттық тасымалы тоқтады дегенді білдірмейді. Ел шикізатты Каспий құбыр консорциумы жүйесі, Қытай бағыты және Каспий теңізі арқылы өтетін өзге де бағыттармен тасымалдайды.
Дегенмен мұнай көлемін басқа бағыттарға бұру олардың өткізу мүмкіндігіне, инфрақұрылымның қолжетімділігіне және қолданыстағы келісімшарттарға байланысты.
Айта кетейік, бұған дейін Украина Мәскеуге жаппай дрон шабуылын жасап, мұнай өңдеу зауыты зақымданып, 3 адам қаза тапқан еді. Ал кемінде 20 тұрғын жараланды. Ресей билігі мәліметінше, шабуыл қалаға жасалған ең ауқымды дрон соққыларының бірі болған