Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұнай терминалы, әуежай, VK деректер орталығы мен тұрғын үй: Украина Санкт-Петербургке дронмен шабуыл жасады

Санкт Петербург дрон шабуыл
Фото: AFP via Getty Images

18 қазанға қараған түні украиналық дрондар Ресейдің Санкт-Петербург қаласы мен Ленинград облысына жаппай шабуыл жасады. Салдарынан жанармай нысандарында өрт шығып, "ВКонтакте" әлеуметтік желісінің деректер орталығына, электр қосалқы станциясына және автокөлік көпіріне соққы жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Санкт-Петербург қаласының мэрі Александр Беглов әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері жұмыс істеп жатқанын айтты.

“Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары Невский, Красносельский, Красногвардейский және Мәскеу аудандарындағы, сондай-ақ "Петербург мұнай терминалы" аумағындағы азаматтық нысандарда шыққан өртті сөндіріп жатыр. Қауіпсіздік мақсатында Пулково әуежайының жұмысы шектелді. Мобильді интернет жұмысында үзілістер болуы мүмкін. Өзім басқаратын жедел штаб қалалық қызметтердің жұмысын үйлестіріп, ведомствоаралық байланысты қамтамасыз етіп жаты”, – деді Александр Беглов.

Оның хабарлауынша, дрон шабуылы салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бес адам жарақат алған.

Ал Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко өңір аспанында 135 дронның атып түсірілгенін айтты.

“Гатчина қаласында дрон сынықтары көпқабатты тұрғын үйге құлағаны тіркелді. Ломоносов ауданындағы Новоселье елді мекенінде тұрақта тұрған 55 автокөлік зақымданды. Электр қуаты апатты жағдайда уақытша өшірілді. Мамандар қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, электр энергиясын беру жедел түрде қайта қосылып жатыр”, – деді облыс губернаторы.

Ленинград дрон шабуыл
Фото: EPA

Оның айтуынша, Янино елді мекеніндегі екі трансформаторлық қосалқы станцияның жұмысы әлі қалпына келтірілген жоқ. Салдарынан 50 көпқабатты үйде тұратын шамамен 20 мың адам электр жарығынсыз қалды.

Сондай-ақ ол Гатчина және Ломоносов аудандарында ешкімнің зардап шекпегенін атап өтті.

“Ал Всеволожск ауданында дрон сынықтары тұрғын үйге құлағаннан кейін өрт шыққан. Салдарынан бір әйел мен үш бала ауруханаға жатқызылды. Олардың барлығында көміртек тотығынан улану белгілері бар", – деп жазды өңір басшысы Telegram-арнасында.

VK компаниясының өкілдері Ленинград облысындағы деректер орталығына дрон шабуылы жасалғанын растады. Олардың мәліметінше, VK сервистері пайдаланушылар үшін әдеттегі режимде жұмыс істеп тұр. Алайда "Сбой РФ" және Detector404.ru мониторинг сайттарында "ВКонтакте" жұмысына қатысты шағымдар саны күрт артқаны тіркелген.

 

Сонымен қатар "Известия" басылымының хабарлауынша, Санкт-Петербургтегі Ozon компаниясының логистикалық орталықтарының бірі де дрон шабуылына ұшыраған. Салдарынан өрт шыққан. Зардап шеккендер жоқ. Барлық қызметкер жедел түрде эвакуацияланған.

Бұған дейін Украина Мәскеуге жаппай дрон шабуылын жасап, мұнай өңдеу зауыты зақымданып, үш адам қаза тапқан еді. Ал кемінде 20 тұрғын жараланды. Ресей билігі мәліметінше, шабуыл қалаға жасалған ең ауқымды дрон соққыларының бірі болған

Айым Болатқызы
Жексенбі, 18 Қазан, 2026 14:36