Жүзім, пияз және қант арзандады: Қазақстанда инфляция 9,2%-ға түсті
Қазақстанда қазан айында инфляция баяулады. Бір айда тауарлар мен қызметтердің бағасы 0,5%-ға өскен. Бұл қыркүйектегі көрсеткіштен 0,1 пайыздық тармаққа төмен. Ал бір жылдағы инфляция 9,2%-ды құрады. Қазанда жүзім, пияз бен қанттың бағасы айтарлықтай арзандаған. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазан айында азық-түлік тауарларының бағасы 0,2%-ға өскен. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,8%-ға, ақылы қызметтер 0,5%-ға қымбаттаған.
Жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік бағасы 7,6%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 10,4%-ға, ақылы қызметтер 10,3%-ға өскен.

Қандай азық-түлік арзандады?
Қазан айында бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеген. Ең көп арзандаған өнімдердің қатарында:
- жүзім – 10%;
- пияз – 9,8%;
- қант – 9,5%;
- гүлді қырыққабат – 9%;
- алма – 6,2%;
- брокколи – 4,6%;
- алмұрт – 3,5%;
- жасымық – 2,3%;
- бидай жармасы – 2,1%;
- қой еті – 1,4%.
Бұдан бөлек, печенье мен балдың бағасы 0,6%-ға, пряниктер 0,3%-ға, күнбағыс майы мен шоколад пастасы 0,1%-ға арзандаған.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде блендер 6,7%-ға, модемдер мен роутерлер 4,2%-ға, микротолқынды пештер 2,4%-ға арзандаған. Сондай-ақ жабыспайтын табалар, балалар сабыны мен тіс пастасының бағасы аздап төмендеген.
Бір жылда не қымбаттап, не арзандады?
2025 жылдың қазанымен салыстырғанда кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасы да төмендеген. Мәселен, қияр 34,4%-ға, банан 12,4%-ға, лимон 11,1%-ға, сарымсақ 10,2%-ға арзандаған.
Ал отандық құрастырылған жеңіл көліктердің бағасы бір жылда 17,3%-ға, электр бұрғылары мен бұрағыштар 10,5%-ға, электр еттартқыштар 3,9%-ға төмендеген.
Сонымен бірге кейбір тауарлар мен қызметтер айтарлықтай қымбаттаған. Мысалы, газдың бағасы бір жылда 30,2%-ға, тұрғын үйді жалға алу құны 17,4%-ға өскен.
Өңірлер арасында жылдық инфляция ең жоғары Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді – 10,9%. Ал ең төмен көрсеткіш Ақтөбе облысында – 7,5%. Астанада баға 10%-ға, Алматыда 9,2%-ға, Шымкентте 8,8%-ға өскен.
Осылайша, инфляцияның баяулауы тауарлар мен қызметтердің арзандағанын білдірмейді. Бұл – бағаның бұрынғыға қарағанда баяу өсіп жатқанын көрсетеді. Қазан айында кейбір өнімдердің арзандағанына қарамастан, газ, жалға берілетін баспана және басқа да тауарлар мен қызметтер қымбаттауын жалғастырған.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар ақшасының 42%-ын тамаққа жұмсайтыны белгілі болды.