Ауылда өмір сүру қаламен салыстырғанда қаншалықты арзан? Екі отбасының шығынын салыстырдық
Алматыда тұратын Айназымның отбасы айына 1 миллион теңгеден аса табыс табады. Соған қарамастан, кейде ақшаны ай соңына дейін жеткізу қиын. Ал Абай облысының Қарғыба ауылында тұратын Әминаның отбасы азық-түліктің бір бөлігін өз шаруашылығынан алады. Бірақ бес баланы асырау, көмір сатып алу, көлікке жанармай құю және несие төлеу ауылдағы отбасының да қалтасына салмақ салады. Stan.kz тілшісі екі отбасының шығынын салыстырып, қала мен ауылда өмір сүру қанша тұратынын анықтап көрді.
Қазақстандықтар ақшасының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды
Отбасы бюджетінің едәуір бөлігі күнделікті қажеттіліктерге кетеді. Әсіресе көпбалалы отбасылар үшін азық-түлік, коммуналдық қызметтер, көлік және балалардың біліміне жұмсалатын қаражат негізгі шығындардың қатарында.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан халқының ақшалай шығыстарының 52%-ы азық-түлік тауарларына жұмсалған. Абай облысында бұл көрсеткіш 55,6%-ға, Алматыда 53%-ға жеткен. Бұл – халықтың ақшалай шығыстарының құрылымындағы азық-түлік үлесі.
Қала мен ауылдағы отбасылардың шығынын салыстыру үшін Алматы тұрғыны Айназым мен Абай облысы Ақсуат ауданына қарасты Қарғыба ауылының тұрғыны Әминаның отбасылық бюджеттерін қарастырдық.
Ауыл мен қаладағы екі отбасының шығындарын салыстырғанда, негізгі айырмашылық азық-түлікті сатып алу тәсілінен байқалады. Ауылдағы отбасы ет, сүт, сары май, құрт пен жұмыртқаның бір бөлігін өз шаруашылығынан алады. Ал Алматыдағы отбасы бұл өнімдердің барлығын сатып алады. Сондықтан екі отбасының азық-түлікке жұмсайтын қаражатын салыстырғанда, тек дүкендегі бағаны емес, өз өнімдерін тұтыну мүмкіндігін де ескеру қажет.
Алматы: 1 миллион теңгеден аса табыс болса да, ақша жетпей қалатын кездер бар
Айназымның отбасында төрт ересек адам мен үш бала тұрады. Отбасының негізгі табыс көздері – жалақы, зейнетақы және жәрдемақы. Қайын атасы ай сайын зейнетақысы мен жәрдемақысын қосқанда 230 мың теңге алады. Енесінің зейнетақысы – 200 мың теңге. Күйеуі 490 мың теңге жалақы алса, Айназымның айлық табысы 350 мың теңге. Осылайша, отбасының жалпы айлық табысы 1 миллион 270 мың теңгені құрайды. Мұндай табыстың өзі көпбалалы отбасының барлық қажеттілігін өтеуге жетпей жатады.
“Отбасымызда төрт ересек адам және үш бала бар. Ай сайынғы жалпы табысымыз 1 миллион теңгеден асады. Дегенмен, Алматыда өмір сүру үшін кейде бұл қаражат келесі айға жетпей қалады, ал кейде үнемдеп, жеткізуге тырысамыз”, – дейді Айназым.
Отбасының өз үйі бар, сондықтан баспана жалдауға ақша жұмсамайды. Алайда коммуналдық қызметтерге ай сайын шамамен 50 мың теңге төлейді. Қыста бұл сома көбейіп, жазда азаяды.
Азық-түлікке ай сайын 500 мың теңге кетеді
Айназымның айтуынша, отбасы бюджетінің ең үлкен бөлігі азық-түлікке жұмсалады. Ай сайын тамаққа шамамен 500 мың теңге кетеді. Шығынды азайту үшін азық-түлікті көтерме сауда орындарынан сатып алуға тырысады. Әдетте бір айлық қорды бірден алып, үйде тамақ дайындайды. Соған қарамастан, кейде кафеге барады немесе үйге дайын тамақ алдырады. Мұндай жағдай айына бір-екі рет болады. Бір рет сырттан тамақтануға орта есеппен 15–20 мың теңге жұмсайды. Екі баласы бастауыш сыныпта оқиды. Олар мектепте тегін тамақтанады. Дегенмен, ата-анасы күнделікті қосымша тамақ сатып алуы үшін әрқайсысына 200–300 теңгеден береді.
Алматыдағы отбасы жылына екі рет соғым сояды, күзде және көктемде. Жақында отбасы Жаркент жақтан шамамен 500 мың теңгеге жылқы сатып алған. Етті келілеп мүлде алмайды, осы екі рет сойылған соғым оларға жетеді.
Балалардың үйірмесі мен киіміне кететін шығын
Айназымның үлкен қызы төртінші сыныпта оқиды. Ол биге қатысады, оған ай сайын 12 мың теңге төленеді. Математикадан қосымша сабаққа 20 мың теңге, домбыра үйірмесіне 7 мың теңге жұмсалады. Бірінші сыныпта оқитын ұлының қосымша сабағына ай сайын 10 мың теңге төлейді. Осылайша, екі баланың үйірмелері мен қосымша сабақтарына айына жалпы 49 400 теңге кетеді.
Бұдан бөлек, балалардың киімі мен ойын-сауығына да қаражат қажет. Айназымның айтуынша, балалар тез өсетіндіктен, киімдерін жиі жаңартуға тура келеді. Ал ойын-сауық орындарына бір рет барудың өзі шамамен 50 мың теңгеге түсуі мүмкін.
Несиелерге ай сайын 260 мың теңге төлейді
Отбасының тағы бір елеулі шығыны – несие төлемдері. Айназым ай сайын 60 мың теңге, ал күйеуі 200 мың теңге төлейді. Демек, отбасының несиеге жұмсайтын қаражаты айына 260 мың теңге.
Күйеуі екеуінің екі көлігі бар. Екеуі де газбен жүреді. Айназым көлігіне аптасына бір рет 2500 теңгеге газ құйса, күйеуі екі күнде бір рет шамамен 3000 теңгеге газ алады. Екі көліктің жанармай шығыны айына шамамен 55 мың теңге болады.
Отбасының негізгі белгілі шығындарын есептесек, мынадай көрініс шығады:
- Азық-түлік – 500 000 теңге
- Коммуналдық қызметтер – 50 000 теңге
- Несие төлемдері – 260 000 теңге
- Балалардың үйірмелері мен қосымша сабақтары – 49 000 теңге
- Екі көліктің газы – шамамен 55 000 теңге
- Барлығы – 914 000 теңге
Бұл – отбасының барлық шығыны емес, тек белгілі негізгі шығындардың жиынтығы. Мұнда киім-кешек, ойын-сауық, тұрмыстық заттар, дәрі-дәрмек және басқа да күнделікті қажеттіліктер есептелмеген.
Осы шығындарды төлегеннен кейін отбасының 1,27 миллион теңге табысынан шамамен 355 600 теңге қалады. Алайда қалған ақша да отбасының өзге қажеттіліктеріне жұмсалады.

Ауылда азық-түліктің бір бөлігі өзімізден
Абай облысы Ақсуат ауданына қарасты Қарғыба ауылында тұратын Әмина отбасында төрт ересек адам және үш бала бар. Отбасының негізгі тұрақты табысы – жалақы мен зейнетақы. Әминаның айтуынша, өзінің жалақысы 315 мың теңге, ал енесі мен қайын атасының зейнетақысы 200 мың және 90 мың теңге. Күйеуі өз шаруашылығын қараумен айналысады. Осылайша, тұрақты айлық табыс 605 мың теңгені құрайды. Арасында мал сатудан қосымша табыс түседі. Бірақ бұл тұрақты кіріс көзі емес. Әминаның отбасының өз шаруашылығы бар. Олар мал мен құс ұстайды. Сондықтан кейбір азық-түлікті дүкеннен сатып алмайды.
“Қыста ет сатып алмаймыз, өзімізден шығады. Ал жазда кейде етті келілеп сатып алуға тура келеді. Жұмыртқаны өзіміздің құсымыздан аламыз”, – дейді ол.
Алайда көкөністі толықтай сатып алады. Жазда сүт пен май да алады, өйткені балалары үйдегі сүт өнімдерін ұнатпайды.
Азық-түлікке айына 100 мың теңге жұмсайды
Әмина азық-түлікті көбіне көтерме сауда орындарынан сатып алады. Жалақы түскен кезде ұн сияқты ұзақ сақталатын өнімдерді қаппен, басқа да қажетті заттарды көптеп алуға тырысады. Бір барғанында шамамен 50 мың теңге жұмсайды. Әдетте айына екі рет азық-түлік алуға барады. Осылайша, бір айдағы шығыны шамамен 100 мың теңгені құрайды. Үйге қонақ келген кезде қосымша азық-түлік алуға барады, ол кезде бұл сома артуы мүмкін. Азық-түліктің бір бөлігін өз шаруашылығынан алатындықтан, отбасы ет пен жұмыртқаға кететін қаражатты үнемдейді. Дегенмен, бұл мал мен құсты күтуге жұмсалатын еңбек пен шығынды есептемегендегі көрініс.

Ауылдағы отбасы етті негізінен соғым кезінде дайындайды. Олар жылына екі рет – күзде және қыста өз жылқыларын соғымға сояды. Бірақ ауылдағы баға бойынша, бір жылқының құны шамамен 300–350 мың теңге. Жылына екі рет соғым соятындықтан, арасында көбіне жаз айларында етті келілеп алады, бірақ оның өзі өте сирек.
Қыста көмірге 245 мың теңгеге дейін жұмсалады
Ауылдағы үйді жылытуға кететін қаражат та отбасылық бюджетке әсер етеді. Әминаның айтуынша, бір қысқа 6–7 тонна көмір қажет. Бір тоннасының бағасы – 35 мың теңге. Демек, бір жылыту маусымында көмірге 210–245 мың теңге жұмсалады. Бұл соманы бір айлық шығынмен шатастырмаған жөн: көмір – негізінен қысқы маусымға арналған ірі шығын.
Коммуналдық қызметтерге келетін болсақ, отбасы суға айына 2500 теңге, электр энергиясына шамамен 14–16 мың теңге төлейді.
Жанармай мен қалаға қатынау да шығынды көбейтеді
Әминаның күйеуінде көлік бар. Күнделікті жанармай құяды. Бір күнде шамамен 10 литр бензин жұмсалады. Бензиннің бір литрі 245 теңге болғанда, күнделікті шығын 2450 теңгеге жетеді. Егер осы мөлшер күн сайын жұмсалса, айына шамамен 73 500 теңге кетеді. Аудан орталығына қоғамдық көлікпен барғанда бір адамға жолақы бір бағытқа 300 теңге тұрады. Отбасы аудан орталығына айына шамамен 20 күн қатынайды.
Ал үлкен қалаға екі-үш айда бір рет барады. Ол жақтан киім-кешек пен үйге қажетті заттарын сатып алады. Таксимен барған жағдайда бір адамға жолақы шамамен 7 мың теңге болады. Бұған қоса, жеке көлікпен барса, жанармай шығыны қосылады. Сондықтан ауылда күнделікті кейбір шығын аз болғанымен, алысқа қатынау мен ірі сатып алулар отбасылық бюджетке салмақ түсіреді.
Үш баланы мектепке дайындауға 300 мың теңге кеткен
Әминаның бес баласы бар болғандықтан, киім-кешек пен оқу құралдарына да қомақты қаражат қажет. Оның айтуынша, бір баланы жаңа оқу жылына дайындауға орта есеппен 100 мың теңге жұмсалады. Биыл үш баласына киім мен оқу құралдарын алуға шамамен 300 мың теңге кеткен.
Екі баласы ақылы үйірмелерге қатысады. Ағылшын тіліне ай сайын 15 мың теңге, математикаға 8 мың теңге төлейді. Бұдан бөлек, балалар тегін үйірмелерге де барады. Осылайша, ауылдағы отбасының шығыны да тек азық-түлік пен коммуналдық қызметтермен шектелмейді. Балалардың білімі, киімі және басқа қажеттіліктері де тұрақты қаражатты талап етеді.
Несиелер, той-томалақ және "дәптерге қарыз жаздыру"
Әминаның отбасында несие мен бөліп төлеуге ай сайын шамамен 250 мың теңге жұмсалады. Бұл 605 мың теңге тұрақты табыстың едәуір бөлігі.
Сонымен қатар, ауылда отбасылық шараларға байланысты шығындар бар. Біреу қайтыс болған жағдайда бата жасауға 2–5 мың теңге береді, ал тойларға шамамен 10 мың теңге апарады.
Ауылдағы тағы бір ерекшелік – дүкеннен қарызға сауда жасау. Тұрғындар алған заттарын дәптерге жаздырып, жалақы түскен кезде төлей алады. Әминаның өзі олай жасап көрмегенімен, ауылда бұл қалыпты жағдай екенін айтады.
Егер барлық шығыннан кейін ақша қалса, отбасы оны үйге арналған депозитке салады немесе мал басын көбейтуге жұмсайды. Бұл – ауылда ақша жинаудың бір жолы. Мал тек азық-түлік көзі ғана емес, қажет болғанда сатуға болатын актив әрі қосымша табыс көзі саналады.
Әминаның отбасының айлық шығыны:
- Азық-түлік – 100 000 теңге
- Коммуналдық қызметтер (электр энергиясы мен су) – 17 500 теңге
- Көмір – 35 000 теңге
- Несие төлемдері – 250 000 теңге
- Балалардың үйірмелері – 46 000 теңге
- Көлікке жанармай – 43 500 теңге
- Барлығы – 464 000–469 000 теңге
Қала мен ауылда 10 мың теңгеге қанша азық-түлік алуға болады? Тәжірибе
Қала мен ауылдағы азық-түлік бағасын салыстыру үшін Алматыда тұратын Айназым мен Абай облысының Қарғыба ауылында тұратын Әминадан 10 мың теңгеге алуға болатын өнімдердің тізімін жасауды сұрадық.
Айназым ұсынған Алматыдағы себетке 10 түрлі тауар кірді. Олардың жалпы құны 9 960 теңге болды. Ал Әмина ұсынған ауылдағы себетке 8 түрлі тауар кіріп, жалпы сомасы 9 340 теңгені құрады.

Осылайша, Айназым ұсынған Алматыдағы себет 9 960 теңге, ал Әмина ұсынған ауылдағы себет 9 340 теңге болды. Екі себеттің бағасы арасындағы айырмашылық – 620 теңге.
Дегенмен екі себеттегі өнімдердің атауы мен көлемі бірдей емес. Сондықтан бұл салыстыру азық-түліктің жалпы бағасын түпкілікті анықтамайды, бірақ 10 мың теңгеге әр жерде қандай өнім алуға болатынын көрсетеді.
Қай жерде өмір сүру тиімді?
Екі отбасының шығынын салыстырғанда, қала мен ауылда өмір сүрудің өз артықшылықтары мен қиындықтары бар екені байқалады.
Алматыдағы Айназымның отбасының ай сайынғы табысы 1,27 миллион теңге. Бірақ тек белгілі негізгі шығындарының өзі 914 мың теңгеден асады. Оның үстіне, киім-кешек, дәрі-дәрмек, тұрмыстық заттар мен балалардың ойын-сауығына қосымша ақша керек.
Ал Әминаның отбасы ай сайын 605 мың теңге тұрақты табыс алады. Азық-түліктің бір бөлігін өз шаруашылығынан қамтамасыз етеді. Бірақ қыста көмірге 210–245 мың теңге жұмсайды, көлікке күнделікті жанармай құяды және бес баланың қажеттіліктерін өтеуі керек. Бұған ай сайынғы 250 мың теңге несие төлемі қосылады.
Әминаның айтуынша, ауылда өмір сүру – арзан деген сөз емес.
“Бес баланы тәрбиелеп отырғандықтан, ата-ананың екеуі де жұмыс істесе, қай жерде тұратының аса маңызды емес: бастысы – тұрақты табыс. Ауылда жолға азырақ кететін болғандықтан, сәл арзанырақ болатын шығар. Ал тамақ, киім-кешек жағынан ауылда қалаға қарағанда қымбатырақ болады”, – дейді ол.
Қорытындылай келе, отбасының қаржылық жағдайын тек табыс көлемімен немесе қала мен ауылдағы бағаның айырмашылығымен бағалау жеткіліксіз. Өз үйінің болуы, жеке шаруашылық, несие міндеттемелері, балалар саны, көлік қажеттілігі және маусымдық шығындар отбасылық бюджетке тікелей әсер етеді.
Қалада шығындардың басым бөлігі күнделікті сатып алулар мен тұрақты төлемдерге кетсе, ауылда өз шаруашылығының көмегі болғанымен, көмір, жанармай және ірі сатып алуларға қомақты қаражат қажет. Сондықтан қай жерде өмір сүру тиімді екенін әр отбасының нақты табысы мен шығынына қарап бағалаған жөн.
Айта кетейік, бұған дейін ірі несиесі мен микрокредиті бар отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек берілмеуі мүмкін екенін жазған едік.