"7-20-25" бағдарламасына келесі жылға 100 миллиард теңге бөлінді

Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысына сәйкес, 7-20-25 ипотекасының 2027 жылғы қаржыландыру көлемі 100 млрд теңгеге дейінгі сомада белгіленді. Алайда, тоқсан сайынғы қаржыландыру көлемі 25 млрд теңгеден аспауы тиіс. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған қаражатқа "Қазақстанның орнықтылық қоры" акционерлік қоғамы екінші деңгейдегі банктерден "7-20-25" бағдарламасы аясында 2027 жылы берілетін ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша талап ету құқықтарын сатып ала алады. Бұл ретте банктер ипотекалық кредиттерді өз қаражаты есебінен береді. Банктерді алдын ала қаржыландыру көзделмеген.
Еске сала кетейік, "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бастапқы нарықтан пайдалануға берілген тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Негізгі шарттары: номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7%, бастапқы жарна – сатып алынатын тұрғын үй құнының кемінде 20%-ы, кредиттеудің ең ұзақ мерзімі – 25 жыл. Бағдарламаға бір рет қана қатысуға болады. Бағдарламаның серіктестері – Қазақстан Халық Банкі, Банк ЦентрКредит, Фридом Банк Қазақстан, Bank RBK, Altyn Bank, Еуразиялық банк және ForteBank.
"7-20-25" ипотекасы жұмысын бастағалы бері жалпы сомасы 1,26 трлн теңгеге 87 мыңнан астам ипотекалық кредит берілді. Бағдарлама шарттары туралы толық ақпаратты baspana72025.kz сайтынан және +7 (727) 227-20-25 бірыңғай байланыс орталығының телефоны арқылы алуға болады.