Қазақстанның ең қарт тұрғыны 116 жасында өмірден өтті
Қазақстанда ең ұзақ жасаған тұрғындардың бірі Түймегүл Темірбаева 116 жасында өмірден өтті. Оның қазасын Ұлытау облысының әкімдігі мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түймегүл апа 1910 жылдың 1 қаңтарында Жамбыл облысы Байқадам ауданында дүниеге келген. 22 жасында Аязбай Темірбаевпен шаңырақ көтеріп, кейін жұбайымен бірге Жаңаарқа ауданына қоныс аударған. Ол осы өңірде 90 жылдан астам уақыт өмір сүрді.
Ерлі-зайыпты төрт бала тәрбиелеп өсірген. Түймегүл апа 15 немере, 25 шөбере сүйді. Жұбайы да ұзақ ғұмыр кешіп, 96 жасында өмірден өткен.
Бұған дейін Түймегүл Темірбаева Kazinform сайтына сұхбат беріп, ұзақ өмір сүруінің сырын айтқан. Ақ жаулықты әженің сөзінше, ұзақ өмір сүруіне ең алдымен жақындарының мейірімі мен қамқорлығы, еңбек дағдысы әсер еткен.
“Жолдасым екеуміз ұзақ әрі бақытты ғұмыр кештік. Төрт баланы тәрбиелеп өсірдік. Қазір балаларым, немерелерім мен шөберелерімнің ортасындамын. Олар мені үнемі қуантып, қамқорлық көрсетіп келеді. Ұзақ өмір сүруімнің бір сыры осында шығар”, – деген еді Түймегүл апа.
Ол бала кезінен еңбекке араласып өскен. Ата-анасы жылқы өсіргендіктен, кішкентайынан бие сауып, қымыз дайындаған. Тіпті жылқы бағуға көмектескен. Кейін тұрмысқа шыққан соң да үй шаруасынан қол үзбеген. Құдықтан суды өзі тасып, ауыр жұмыстан қашпаған.
Әсіресе жылқыға жақын болған. Жас кезінде атқа мінгенді ұнатқан Түймегүл апа қартайған шағында да қозғалысын шектемей, белсенді болуға тырысқан. Оның пікірінше, үнемі қимылдап, еңбек ету сергек жүруге көмектескен.
Түймегүл Темірбаеваның қайтыс болуына байланысты Ұлытау облысының әкімдігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Әкімдік өкілдері оның ғұмыр жолы бір ғасырлық тарихпен тұспа-тұс келгенін айтты. Ал Түймегүл апаның ұрпағына өнеге болғанын жеткізді. Сонымен қатар ол елдегі маңызды оқиғаларға бейжай қарамай, қоғамдағы жаңалықтарды қадағалап отырғанын еске алды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 100 жасаған және одан да жоғары жастағы 423 азамат бар екенін жаздық. Сол кезде жасы ең үлкен қария Ұлытау облысында тұратынын айтқан едік.
Қазақстандық бір кездері бәліш сатып, бүгінде жасанды интеллект көмегімен миллиондаған табыс тауып отыр
