Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

100 жасында студент атанған қария ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты

100 жастағы студент
Фото: today.com

АҚШ-та 100 жасында қайтадан студент атанған ер адам ұзақ өмір сүруінің құпиясымен бөлісті. Ол үшін бастысы – үнемі білім алуға деген қызығушылық пен қарапайымдылық. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі TODAY.com басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Төрт баланың әкесі, ардагер, бұрын әуе қозғалысын басқарушы, спорт комментаторы, баспагер және профессор болған Чарли Притчетт зейнетке шыққаннан кейін Флорида штатының Пенсакола қаласына көшіп барған. Сол жерде ол 60 жастан асқан тұрғындарға университет сабақтарына тегін қатысуға мүмкіндік беретін бағдарлама туралы білген.

Содан бері Притчетт университетте 51 курсқа қатысып, қазір де оқуын жалғастырып жүр. Ол білімге деген құштарлығын ұзақ өмір сүруінің басты себептерінің бірі деп санайды. Притчетт сабақ кезінде өзін барынша қарапайым ұстауға тырысатынын айтады.

"Мен оқытушылардан екі есе үлкенмін. Бірақ мұнда қонақ екеніңді ұмытпау керек. Студенттер баға алады, сондықтан өзіңді үлкен бастықтай ұстаудың қажеті жоқ", – дейді ол.

Оның сүйікті сабақтарының қатарында марқұм әйелі Шейламен бірге қатысқан курстар бар. Мысалы, "Мұсылман әлеміндегі әйелдер" атты курсты ерекше атап өтеді. Әйелі үш жыл бұрын қайтыс болғаннан кейін де Притчетт оқуын тоқтатпаған. Кейін спорт әлеуметтануына қызығушылық таныта бастаған.

Қазір Притчетт бильярд ойнауды үйреніп жүр. Сонымен қатар қарттар үйінде жеті адамнан тұратын оркестр құрған. Ол аптасына екі рет бассейнде 45 минуттан жүзеді.

Притчетт ұзақ өмір сүруіне генетика да әсер еткенін айтады: анасы мен атасы 101 жасқа дейін, ал әпкесі 103 жасқа дейін өмір сүрген. Алайда ғасыр жасаған қарияның басты кеңесі – әр жаңа күнді ризашылықпен қарсы алу.

"Мен істеп жүрген ісімнен ләззат аламын. Әрдайым бір нәрсемен айналысып жүргендеймін, бірақ бұл маған ұнайды. Әлі де бірнеше жыл өмір сүремін деп үміттенемін", – дейді ол.

Назархан Уән
Жексенбі, 06 Қыркүйек, 2026 18:26